Министр үшін бір қате де көп!

Dalanews 07 апр. 2016 21:49 1014

...Мұнан да қатты айтқым келген, бірақ айтпадым. Жағама жармасты демесін. Айтпай тағы қоя алмадым – ел ертеңінің Темірқазығы ана тілімізді енді өзге емес – өзіміз, жат емес – жалғызымыз, бүгінде қазақ жерінде қаптап жүрген Мыңқылбай біреулер емес – Мәдениет министрі (спорт дегенді қасақана қоспай отырмын, мәдениетке спорт секілді табиғаты бөлек саланы міңгестіруге өз басым осындай шешім болған алғашқы күннен-ақ қарсымын! – Н.Ж.) қорлап жатса, қалай үнсіз қаламыз?!!

Nesip dalanews 1Рас, бұл бұйрықтың мәтінін кеңседегі біреулер даярлады. Бірақ министр мырза неменеге қол қойып жатқанын қарауы, білуі керек қой! Қазір ойлап отырмын – бұйрық орысша мәтінде болса шұқшиып қарар еді-ау. «Қазақша мәтін кімге керек» деді ме екен...  Бұл психология тек Мәдениет министрінде ғана емес, басшы топтағы талай жанда бар.

Оны естіп те, көріп те жүрміз. Өкінішке қарай, осыдан біраз бұрын ғалым, айтыскер ақын Аманжол Әлтаевтің осы тақырыптардағы бірнеше кітабының Тұсаукесер – талқылауында болдым. Сөздің реті келіп, өзім терең зерттеп жүрген, әр айтқанын жаттап жүрген Аманжолдың кітаптарынан мына бір екі-үш мысалды келтірдім. Асанқайғы:

– Қымыз ішіп қызарып,

Мастанып-қызып, терлейсің,

Өзіңнен басқа хан жоқтай,

Елеуреп неге сөйлейсің?!»,

Шал ақын:

– Топтағы бай, топтағы би болсаң да,

Қолыңнан мал кеткен соң келмес күйің!

Бұқар жырау:

– Батпақты сайға су түссе,атың арып келгенде – өткел бермес кешуге,

Қайырсыз итке мал бітсе,аңқаң құрып келгенде - саумал бермес ішуге!

Осы үш мысалға өз тарапымнан Майлықожаның:

– Жақыннан күдер үзгендер – туысын ұрып жат қылар,

Жылқыдан күдер үзгендер – биесін сатып, ат қылар! – деген жолын қостым да кешке жиналған көпшілікке «Біздің алтыннан да ардақты абыздарымыздың әлемнің бар байлығынан да бағалы осындай шумақтарын оқи, түсіне, түйсіне алмайтын, осы шумақтардың ұлы мағынасын жүрек-қан тамырлары арқылы өткізе алмайтын еліміздегі басшы қызметтегі жандар тұтастай қазақ қоғамын қалай басқара алады осы?!» – деп күйіндім. Бүгінгі күйік содан кем емес.

...Құдай-ау, Ана тілден айрылса – Қазақ қайтып күн көрер?!!

 

Несіп Жүнісбаев, публицист

(автордың Фейсбуктағы парақшасынан алынды)

Рекомендовать
Последние новости