Министр Сапаров Садырбаевтың ұсталуы жайлы не дейді?

Сағыныш Сардарова 18 нояб. 2024 13:03 676

Жуырда "Шаңырақ" қоғамдық бірлестігінің басшысы Алмасбек Садырбаев аса ірі мөлшерде алаяқтық жасады деген күдікпен ұсталды. Ауыл шаруашылығы министрі Айдарбек Сапаров осы жайтқа қатысты пікір білдірді,- деп хабарлайды Dalanews.kz.

Сапаров бұл жағдайға министрліктің ешқандай қатысы жоқ екенін жеткізді.

"Ол "сельхозник" емес. Құқық қорғау органдары ұстаса, сол кісілердің өздері білетін шығар не үшін ұстап жатқанын. Мен жаңа ғана айттым, тағы да айтам, субсидия деген – шығындардың орнын толтыру. Субсидияны облыстар береді. 2020 жылдан бастап облыстарға беріп қойғанбыз. Ауыл шаруашылығы министрлігінде тек ереже қабылданады. Субсидия алатын адам өтініш бергенде жауапкершіліктің бәрін мойнына алатындай астына қолын қояды. Сондықтан не үшін ұсталғанын, қалай екені жөнінде пікір білдіре алмаймын. Мен оны білмеймін. Қай облыстан алды? Жұмыс жүргізіп жатқан қызметкерлер білетін шығар, – деді министр Ulysmedia.kz-ке.

Айта кетейік, 6 қарашада Садырбаев өзі басқаратын адамдар тобы Балқаш, Еңбекшіқазақ, Кеген, Райымбек және Ұйғыр аудандарында жалған ауыл шаруашылығы кооперативтерін құрды деген күдікке ілінген.

Негізгі мақсат - ұсақ малдың аналық басын ұрықтандыруға субсидияларды заңсыз алу және жемшөп шығындарын өтеу.

"Бұл үшін заңнамаға қайшы ауылшаруашылық жерлері жоқ шаруа қожалықтары тартылды. Бұдан әрі жалған кадастрлық нөмірлерді көрсете отырып, дәйексіз мәліметтерді қамтитын субсидиялар алуға өтінімдер қашықтан берілді. Бұл ретте ауыл шаруашылығы кооперативтері басшыларын хабардар етпей, олардың ЭЦҚ-сы пайдаланылды.

Осылайша 1,2 млрд теңгеден астам қаражат ұрланған", - деп хабарлады бұған дейін ҚМА.

Кейін Алмасбек Садырбаев ұсталды. Оның сыбайласы тергеу сотының санкциясымен үй қамаққа алынды.

Ал ұсталғанынан екі апта бұрын Алмасбек Садырбаев Арман Абдоллаға сұхбат берген. Садырбаев өз сұхбатында елдегі нан бағасының қымбат екенін айтып, оның шын бағасы 50 теңге болуы керегін де айтты. 

Сондай-ақ, Қазақстанда қашан ашаршылық болатынын да болжаған.

”Ресей мен Украина арасындағы соғыс аяқталған кезде Қазақстанда ашаршылық болады. Себебі, Ресей бүкіл әлемді азықтандырушы ел ғой. Ол Беларусьпен бірге бар құшағын ашып, саудасын доллармен өткізеді. Ал біз соңғы қалған фермерлерден де айырылып жатырмыз. Агроөнім өндіретін мамандар жоқ бізде. Осы себептен де Қазақстан соғыстан кейін ашаршылыққа ұшырайды”,- деді ол.


Рекомендовать
Последние новости