Министр мақтааралдық шаруалармен кездесті

Dalanews 01 окт. 2018 13:21 933

Бүгін ҚР Премьер-Министрінің орынбасары – ауыл шаруашылығы министрі Өмірзақ Шөкеев Түркістан облысына жасаған жұмыс  сапары кезінде Мақтаарал ауданына да ат басын бұрды.

Мақталы өлкедегі ауыл шаруашылығы саласының даму барысымен танысқан министр бірнеше нысандарды аралап көрді.

Ең алдымен министр Достық ауылдық округі, Гүлістан ауылындағы «Дармон» шаруа қожалығының жұмысымен танысты. Қожалық басшысы Даврон Туйматов биыл 46,38 гектар жерге егін еккен. Оның 5 гектары дәндік жүгері болса, қалған 41,38 гектары мақталық алқап. 15 адамды жұмыспен қамтып отырған «Даврон» шаруа қожалығының техникалық жағдайы да жақсы. Атап айтқанда, 2 дана Алтай (Т-4), 2 дана МТЗ, 1 дана мақта теру комбайны, 3 дана тіркемесі бар.

Жалпы Мақтаарал ауданында 38 593 гектардан аса жерге мақта шиті себілген. Биыл орташа есеппен гектарынан 21-24 центнерден өнім алу көзделіп отыр. Бүгінде аудандағы мақта қабылдау бекеттеріне 20 мың тоннадан астам ақ алтын келіп түскен болса, диқандар терім біткенше 80 мың тонна ақ ұлпа жинап алуды жоспарлауда. Ол үшін 365 терімшілер бригадасы, 100-ге жуық комбайн мақта теру науқанына жұмылдырылған.

Мақтаның тезірек ашылуы үшін ауданда қазірдің өзінде 33 мың гектардан астам мақталық алқапқа дефолация шаралары жасалған. «Дробь плюс», «Авгурон экстра», «Коттон», «Реглон-супер» химикаттарының мақта жапырағын түсіруге тиімді әсер етеді.

Мұнан соң министр Ө.Шөкеев Қазақстан - Өзбекстан Республикаларының шекарасында орналасқан «Достық» каналындағы №73-ші су реттегіш көлденең тоспасының жағдайымен және ауданда жүзеге асқалы тұрған ПУИД-2 бағдарламасының барысымен танысты.

Мақтаарал ауданында 40 мыңға жуық гектар жер ПУИД-2 бағдарламасына енген. Жобаның бірінші этапы бойынша Еңбекші және Жаңажол ауылдық округіне қарасты 8 мың гектар жерде тік дренажды ұңғымаларды салу, коллекторлық жүйелер мен каналдарды реттеу жұмыстары басталғалы тұр. Ол үшін мердігер анықталып, дайындық жұмыстары жасалған. Сондай-ақ, жобаның екінші кезеңі Иіржар мен Жамбыл ауылдық округтерінің 16 мың гектарын қамтыса, үшінші кезеңі бойынша Атакент кенті, Мақтаарал және А.Қалыбеков ауылдық округтерінің 15 мың гектардан астам егістік алқабы жер асты суларынан арылып, тұзданудан сақталмақшы.

Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі

Рекомендовать
Последние новости