Мұхамеджан Тазабек: "Рұқсатсыз митингіге шықпаған дұрыс"

Dalanews 18 окт. 2019 13:19 947

"Бұл туралы ақын, «Асыл арнаның» директоры Мұхамеджан Тазабек айтты" деп хабарлайды Dalanews.kz.

Youtube-тегі "Сөккен әңгіме" арнасына сұхбат берген ақын соңғы кезде өзінің төңірегінде туындаған әңгімелер қоғамның ойында қордаланып жатқан сөздердің сыртқа шығуына себепкер болды деп санайды. 

«Халықтың ойында «Расында да, Әбілязов ақиқатты айтып жатыр ма, Мұхамеджан биліктің тапсырмасын орындап жатыр ма» деген сияқты заңды сұрақтар бар.


Менің айтқан сөздерім біреудің тапсырысы да емес, қандай да бір адамның сұранысы да емес. Жүрегімнің қалауы, еріннің емес, ет жүрегімнің сөзі деп айтар едім", – дейді Тазабек.

Оның айтуынша заңның алдында бәріміз бірдейміз.

"Ол тақиясы бар ма, сақалы бар ма, жоқ па. Бір ақсақал банкомат тонап жататын болса, үндемей қарап тұрмаймыз ғой. Оның әрекетін тоқтатуын талап етеміз. Қандай да бір әже қылмысқа барып жататын болса, біз оған әже деп қарамаймыз. Біз оны Қазақстанның азаматы деп қараймыз.

Кез келген адамнан заңды талап етуіміз керек. Ол жас па, үлкен ба, кәрі ма, ұлты, діннен қаралмайды. Егер заңды шеруге шыққан болса, ол адамдардың керісінше қауіпсіздігін сақтауымыз керек.


Ал заңсыз түрде шеруге шыққан болса, кез келген бір арандауға түсіп қалмауы үшін тез арада ол кісілердің алаңнан аман кетуін қамтамасыз етуіміз керек. Сонымен бірге полицияға «сенің де бала-шағаң бар, әкең бар. Ол жерге келген бала жыламау керек, ата жыламау керек» дегенді құлағына құюымыз қажет", – дейді ақын.

Сұхбат барысында Тазабек шеруге қарсы екенін бірнеше рет айтты.

"Біріншіден, бейбіт шеру дегенді мен көз алдыма елестете алмаймын. Ол дамыған елдерде болады. Егер мемлекеттен рұқсат алып, өзінің ойын-пікірін айтуға рұқсат алып шыққан болса ондай митингіге ешкім қарсы болмайды. Рұқсатсыз митингіге шықпаған дұрыс", – деп есептейді.

Әзірлеген Арайлым БИМЕНДИЕВА


 

Рекомендовать
Последние новости