Мұражай әлеміндегі келелі кездесу

Dalanews 19 апр. 2024 15:58 3440

«Есік» мемлекеттік тарихи-мәдени музей-қорығында Халықаралық ескерткіштер мен тарихи орындар күніне арналған іс-шара өтті, деп хабарлайды Dalanews.kz. 


Салтанатты шараны «Есік» музей-қорығының директоры Мұхтарова Гүлмира Райылқызы құттықтау сөзбен ашып, елімізде ескерткіштер мен тарихи орындарды сақтап, зерттеуде музей ісі мамандары елеулі еңбек сіңіріп отырғанын атап өтті.


Іс-шараға қатысқан «Таңбалы» музей-қорығы директоры Б.Дандығараева, Алматы облыстық тарихи-мәдени мұра басқарма өкілі М. Есмұратов, Алматы облыстық музейлер бірлестігінің директоры м.а. Е.Тоқтар, жазушы, журналист Ш.Құсайынұлы сынды құрметті меймандар өздерінің ыстық лебіздерін жеткізді.
Іс-шара аясында тарих ғылымдарының докторы, музей саласының білікті маманы Ғалия Шаукетқызы Файзуллина арнайы дәріс оқыды.


Атаулы күнге орай «Тарихи-мәдени ескерткіштерді қорғаудың өзекті мәселелері» атты дөңгелек үстел ұйымдастырылды. Тарихи-мәдени мұра ескерткіштерін сақтау, қорғау, насихаттау мақсатында ұйымдастырылған жиында музей ісі саласының мамандары бас қосып, тәжірибе алмасып, ортақ мәселелерді талықылады.


Шара аясында «Есік» мемлекеттік тарихи-мәдени музей-қорығы 2019 жылы Алматы облысы Кеген ауданы Тоғызбұлақ ауылынан табылған көне қазанның көшірмесін Алматы облысының музейлер бірлестігіне тапсырды.«Тоғызбұлақ қазаны» аталған, б.з.д. V-II ғасырларға тән жәдігердің түпнұсқасы «Есік» музей-қорығы экспозициясында сақтаулы.
Кездесу соңында «Есік» музей-қорығы басшылығы музей ісін дамытуға және насихаттауға елеулі үлес қосқан туризм саласындағы гид экскурсоводтар мен БАҚ өкілдерін Алғыс хатпен марапаттап, арнайы сыйлықтар табыстады.
Дөңгелек үстелге Алматы облысының мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасы, Қызылорда облыстық тарихи-мәдени мұраны қорғау орталығы, Жамбыл облысы әкімдігінің мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасы, «Таңбалы» мемлекеттік тарихи-мәдени және табиғи музей-қорығы, Алматы облыстық тарихи-мәдени мұраны қорғау жөніндегі орталық, «Тарихи-мәдени ескерткіштерді қорғау және қалпына келтіру дирекциясы» мен заңгерлер онлайн және оффлайн форматта қатысты.


Музей қонақтарына «Есік» музей-қорығының экспозициялық залдарына экскурсиялар жүргізілді.
«Атадан мал қалғанша тал қалсын» ұстанымын жалғастыру мақсатында шара қонақтары музей-қорықтың Құрмет аллеясына ағаштар отырғызды.
Қонақтар іс-шараның жоғары деңгейде ұйымдастырылғанын айтып, музей-қорық ұжымына шығармашылық табыс тілеп, алдағы уақытта да бірлесе жұмыс атқара беруге ниеттестік білдірді.


Рекомендовать
Последние новости