Мұныңыз қалай, Жұрынов мырза!

Dalanews 06 мар. 2017 09:40 905

«Қазақ үні» порталына шабуыл мен Қазыбек Исаны қаралау жәй сәйкестік пе?

Маған жабылған жала үшін академик Мұрат Жұрынов та,  жалған ат жамылған авторсымақ «Әділет Елеусізұлы» да заң алдында жауап береді. Өйткені,  менің бұл алты академиктің хатына мүлдем қатысым жоқ, бұл хат туралы олардың бірімен де сөйлескен жоқпын, ешкімге қол қойдырған жоқпын.

 «Қамшы.кз» порталының Алаштың 100 жылдығына арнап,  беріп жатқан асынан  аспандап қайтқан көңілге  академик Мұрат Жұрынов бастаған жала жабушылар кірбің салды.

365инфо.кз сайтында  «Алаңдамаңыз, Айгүл ханым. Академиктерді арандатып отырған кім?»- атты  нағыз арандатушы мақала кеше түн жамылып жарияланыпты. Онда өзіме қатысты, жала жабылған жерлерін келтіре кетейін.

«… ҚР Ұлттық ғылым академиясының академиктері – Ә. Хайдар, Р. Сыздықова, С. Қирабаев, Ө. Айтбаев, Ш. Сарыбаев және М. Қойгелді бастаған ғалымдар да осы мәселеге қатысты Үкімет басшысы Б .Ә. Сағынтаевқа, Мемлекеттік хатшы Г.Әбдіхалықоваға, Президент Әкімшілігі басшысының бірінші орынбасары М. Тәжинге хат жазып, ол баспасөздерде жарияланған еді.

Алайда, Ұлттық ғылым академиясының президенті, академик Мұрат Жұрыновтың айтуынша, «Қазақ үні» порталының президенті, «Ақ жол» партиясы төрағасының орынбасары Қазыбек Иса және Әлия есімді келіншек С. Қирабаев, Ө. Айтбаев және т.б. ғалымдарға өздері дайындап жатқан хаттың мазмұнын басқаша түсіндіріп, жалған тізім көрсетіп, әдейі ұйымдастырған көрінеді.»-деп соғады. Одан соң менің атыма «арандатушы» деген «атақты» тіркеп қойып,  басы жеткенше аузына келгенін айтыпты «автор»  «Әділет Елеусізұлы» деген жалған ат жамылған біреу.

Дәл осы сөздері үшін   «365инфо.кз»  сайты да, академик Мұрат Жұрынов та,  жалған ат жамылған авторсымақ «Әділет Елеусізұлы» да заң алдында жауап береді. Өйткені,  менің бұл алты академиктің хатына мүлдем қатысым жоқ, бұл хат туралы олардың бірімен де сөйлескен жоқпын, ешкімге қол қойдырған жоқпын.

Білім және ғылым министрі  Ерлан Сағадиев енді маңдыта алмаған білім-ғылым мәселесін жиып қойып, осындай лас әрекетке кірісіп кеткен бе, әлде министрге жағынып қалайық деген министрліктің  кеңсесін жағалап жүргендердің  «кеңесі» мен «тірлігі» ме, ол жағын біле алмадық. Бірден «дәл солай» деп жазсақ,  ұлт мүддесі үшін жүгіріп жүрген біз пақырды «арандатушы» етіп,  керісінше өзі арандатып отырған  «атағынан ат үркетін» академиктен айырмамыз шамалы болып қалар…

Бірден академик Өмірзақ Айтбайұлы ағама хабарластым.

– Аға, мен сізге ЖОО-дан қазақ тілі, әдебиеті пәндерінің алынып қалуына байланысты  Ашық хат жазған  алты академиктің хаты туралы сөйлестім бе?  Мұрат Жұрынов ағамыз «Қазыбек Иса және Әлия есімді келіншек С. Қирабаев, Ө. Айтбаев және т.б. ғалымдарға өздері дайындап жатқан хаттың мазмұнын басқаша түсіндіріп, жалған тізім көрсетіп, әдейі ұйымдастырған көрінеді.»-деп  айтыпты.

– Жоқ, мен Мұрат Жұрыновқа мемлекеттік тілдің рөлін артыру туралы зиялылардың Конституциялық реформа жөніндегі комиссияға жодаған Ашық хаты бойынша сенің хабарласқаныңды айттым.  Соны сұрап отыр екен деп ойладым. Ол алты академиктің хаты бойынша маған белгілі ғалым (атын атады Қ.И.)  хабарласып, мен ол мәселені  қолдап, қолымды қойып бердім ғой.

«365 инфо» сайтында «Академия президенті есімдері аталған академиктер үшін келеңсіз, тіпті, заң бұзушылық әрекет болды деп есептейді.»-дейді Әділет Елеусізұлы деген біреу.  Ал әйгілі ғалым, ҰҒА академигі, халықаралық «Қазақ тілі» қоғамының президенті  Өмірзақ Айтбайұлы өзіне МЕН ЕМЕС, БАСҚА  АДАМНЫҢ  хабарласқанын   және «Иә, мен өз қолымды қойдым» деп отыр…  Әрине, менің бұл хатқа қатысым жоқ болғандықтан әрі қарай тарқатпай-ақ қояйын. Ертең-ақ ақиқат айтылады. Ұлт мүддесін ұмытып, мәселеге қатысы болмаса да, жанамалай шауып, түгел Білім министрлігінің адвокаттарына айналып кеткен «ғалымдардың» да бет пердесі ашылады…

Академик-ғалым Серік Қирабаев ағамыз өмірі телефон соғып, сөйлесіп көрмеген адамым болғандықтан, телефонын тауып алып, қоңырау соқтым. Бірақ хабарласа алмадым.

Дәлел-дәйексіз сөзі арқылы бәріне кінәлі болып отырған Мұрат Жұрынов ағама да телефон шалып, ала алмадым.

Сондықтан, мен ҚР Ұлттық Ғылым Академиясын басқарып отырған академик Мұрат Жұрынов ағамызға мынадай сауалдар қойғым келеді. :

– Сізді академик басыңызбен, дәлелсіз,  жаңылыс айтылған жалған сөзді жаныңызды салып  таратып отыруыңызға не мәжбүр етті?

«Анау айтты-мынау айтты» -деген қарабазарда ғана болатын  қарабайырлық  Ұлттық ғылым академиясын басқарып отырған академик ағамызға лайық деп ойлайсыз ба?

Мен шетел асып кеткем жоқ, Аллаға шүкір, аман-есен жүріп жатырмын, бір ауыз хабарласып біліп алуыңызға не кедергі болды?

«Әділет» деген атты жамылып отырған «әділетсіз» Елеусізұлы елеусіз қалғысы келіп, бірді -бірге соғып лағып, тасадан тас атып отыр. Ешқандай дәлелсіз, маған хабарласпай,.академик Жұрыновтың  жаңылыс естіген жалған сөзін жалаулатып алып, «нағыз арандатушы» болып отырған ол «авторсымақ»  заң алдында жауап береді. Базардағы әйелдердей, «анау айтты, мынау айтты» деп, байбалам салып отырған оның шын аты-жөнін анықтап, жамылғысын ашамыз. Оның маған неге хабарласпағанын жақсы біліп отырмын. Егер маған хабарласса, менің министр Сағадиевке қарсы жазған ол алты академиктің хатына алты аласы, бес бересім жоқ, мүлде қатыссыз екенім анықталып қалады ғой. Ал бұларға ондай шындықтың керегі жоқ.  Оларға  тек «Қазақ үні» ұлттық порталы мен  Қазыбек Исаны қаралау, «арандатушы» атандыру керек болып тұр.

Бұл «тисе-терекке, тимесе-бұтаққа» деп сілтеген «Әділет»  деген жалдамалы «журналистің» «сілтеме» дегенді білмейтін, журналистикадан  мақұрым екені көрініп тұр. «Қазақ үні» порталында жарияланған мақалалардың қай сайттан алынғаны туралы сілтемеден  хабары жоқ, сауатсыз екені анық. Бұл «365 инфо» сайтына да қатысты айтылған сөз.

«Қазақ үні» порталы «Қазақ тілі мен әдебиеті» пәндерінің ЖОО-дан алынып тастауына қарсы шырылдаған нағыз ғалым Айгүл Исмақованың «Қазақ тілі мен әдебиетінің жазығы не?» атты мақаласы  алдымен мемлекеттік басылым болып саналатын «Ана тілі» апталығында, содан соң  Қазақстан Жазушылар Одағының органы- қазақ жазушыларының  басылымы «Қазақ әдебиеті» газетінде жарияланған соң ғана үшінші болып басты.

Ал елді ерекше назарын аударған ҰБТ-дан қазақ тілінің алынып тасталуына арналған «Ұлттық тестілеуден ҚАЗАҚ ТІЛІ алынып тасталды!!! Оның орнын Баян Есентаева басты…» атты мақаланың авторы біз емес, жаңалықтарды алдымен жеткізетін белгілі КТК арнасы, сілтемесі тұр. Біз тек көшіріп бастық.  Ал алты академиктің Сағадиевтің әрекеттеріне қарсы шыққан Ашық хаты біздің «Қазақ үнінде»  жарияланған жоқ, тек  менің осы  БАҚ-тардағы жарияланымдарға байланысты Білім министрін сынаған мақаламда Абай.кз сайтына сілтеме жасалып, аталып өтті.

Жалақорлар айтқандай, егер біздің ойымыз арандату болса, біз Білім министрі Ерлан Сағадиевтің  ресми бейне-жауабын ең алдыңғылардың бірі болып жариялар ма едік? Біз екі тараптың да пікір-ұстанымдарын елге қатар беріп, жеткізіп отырмыз. Ұлттық тестілеуге қатысты редакцияға Ұлттық тестілеу орталығынан ресми жауап келді. Оны да бастық. Сонда біздің қай жеріміз арандатушы!

Біз елді алаңдатқан сауалға Білім министрі жауап берсе екен деген оймен мақалаларды көшіріп жариялап, өзіміз де жазып отырмыз. Оның нәтижесі – Білім министрі ел алдында жауап берді барлық сауалға.

P.S.  Бүгін біздің «Қазақүні» ұлттық порталымызға хакерлік шабуылдар жасалып,  күндіз жабылып қалды. Дауылдың қайдан соққанын сезіп отырсақ та, дәлеліміз болмаған соң, үндемей отырмыз. Әйтпесе,  дәлелсіз соға беретін академик пен «Әділетсіз»  «автордан»  айырмамыз не?

P.S.S.   » 365инфо.кз» сайтынан менің атыма негізсіз жабылған жаланы жоққа шығару мақсатында осы жауап-мақаланы жариялауды талап етемін.

Қазыбек  ИСА,


qazaquni.kz


 

Рекомендовать
Последние новости