Мұнай бағасындағы құбылмалы жағдай ұзаққа сақталады – сарапшылар зерттеуі

Кәмшат Тілеухан 04 окт. 2024 15:46 3639

Әлемдік нарықтағы мұнай бағасының құбылмалы жағдайы ұзаққа сақталады. Бұған Израильдің "Хезболла" қозғалысына қарсы ашқан соғысының ұзаққа созылу ықтималдылығы түрткі. Бұл туралы Halyk Research (Halyk Finance) сарапшылары жариялаған зерттеуде айтылады, деп хабарлайды Dalanews.kz.

"Хезболламен арадағы соғыс ұзаққа созылуы мүмкін, бұл мұнай бағасындағы құбылмалы құбылыстың одан әрі сақталатынына ықпал ететін басты фактор", делінген Halyk Research сарапшылары зерттеуінде.

Осындай тұжырым жасаған сарапшылар қарулы қақтығыстың ұзаруына түрткі факторларға да кеңінен тоқталады.

Halyk Research ливандық топта көптеген зымыран мен оқ-дәрілер барын, олардың көпшілігі Израиль аумағына дөп түсуге қабілетті екенін айтады.

"Хезболла" Ливан аумағындағы шебінен соққы беруі ықтимал, бұл Израильдің жауапты соққысын қиындатады, өйткені оқ атылған территория шекараға іргелес жатқан жоқ. Оңтүстік Ливанның таулы және жартасты жер бедері Израиль әскерлері мен бронды машиналарының қозғалысын шектейді, олар ойқы-шұйқы жолдармен жүруге қабілетсіз. Жер бедерін жақсы білетін "Хезболла" сарбаздары жасырын позициялардан аяқ-асты соққы беріп, қарсыластарын қатты састырады. Осыған байланысты Хезболланың қорғаныс стратегиясы Израиль операциясын қиындатып, әскері жақсы дайындалған қарсыласқа қарсы қарулы қақтығыстың ұзара түсуіне түрткі болады. Осы себептен де қарулы қақтығыс ұзаққа созылады деп күтіледі. Бұл өз кезегінде аймақтағы тұрақсыздықтың артуына және энергетикалық нарықтардағы дүдамалдылықтарға байланысты мұнай бағасының құбылмалы бола түсуіне ықпал етеді", делінген зерттеуде.

 

Иранның кең масштабты соғысты бастау ықтималдығы бірнеше факторларға байланысты: соның ішінде Израильдің арандатушылық әрекеттерге реакциясы және АҚШ-тың аймақтағы мүдделеріне қатысты белең алатын геосаяси жағдай.

Екі тарап та әскери қақтығысты жалғастыруға сақадай сай болып көрінгенімен, сарапшылар тараптардың ешқайсысы апатты салдарға әкеліп соғатын қырғын соғысты қаламайтынын баса айтады.

Сарапшылар Иран әлемдік мұнай саудасының шамамен 20%-ы өтетін Ормуз бұғазын бақылау арқылы әлемдік мұнай нарығында шешуші рөл атқаратынын еске салады. Иранның осы қан тамырды жауып тастау қаупі мұнай бағасын күрт көтеріп, әлемдік экономикаға қысым көрсетуі мүмкін.

Иранның "Хезболла" жетекшісі Хасан Насраллы өлтірілгеннен кейінгі жауабынан соң Brent маркалы мұнай бағасы 2,3%-ға (бір баррель 71,85 доллардан 73,56 долларға дейін) өсті, сол тәулік барысында, тіпті баға 75,45 долларды құрады.

"Біз шиеленістің күшейгеніне қарамастан, мұнай бағасы әлі айтарлықтай көтеріле қоймағана баса атап өткіміз келеді, өйткені ағымдағы көрсеткіш жылдық ең төменгі деңгейіне жақын. Алайда, қақтығыс шиеленіскен жағдайда мұнай тасымалы кілт тоқтауы мүмкін деген алаңдаушылық әлі де бар", деп санайды Halyk Research.

Қазіргі уақытта мұнай бағасы әлі де 2024 жылдың ең төменгі мәндеріне жақын, - дейді сарапшылар.

"Біз 2025 жылы ОПЕК + елдерінің мұнай өндірісін арттыруына байланысты мұнай нарығы тапшылықтан профицитке ауысады деп күтеміз. Мұны көптеген инвестициялық банктердің ұстанымы да растайды. Bloomberg сарапшыларының 2025 жылға арналған болжамында мұнайдың бір баррелі 77 долларды құрайды, орташа көрсеткіш одан сәл ғана асады, яғни 7 77,17 доллар деп көрсетілген.  Ал фьючерстердің осы кезеңге арналған болжамындағы баға 73,34 деңгейінде сақталып отыр. Сондай-ақ, біз Иранның тарапынан болған зымыран соққыларынан кейін де нарықтық болжамды цифрлар шамалы ғана өзгергенін байқап отырмыз",  делінген зерттеуде.

Сарапшылар әлі де биржалық индекстердің одан арғы динамикасы жарияланған жағымсыз деректерден соң өзгеруі мүмкін деген көзқарасты ұстанады. Атап айтқанда, АҚШ-тың ЖІӨ өсімі қарқынының баяулауы, инфляция динамикасының төмендеуі (Halyk Research негізгі сценарийі). Сонымен қатар, олар АҚШ-тағы сайлау да нарықтардағы құбылмалылыққа әсер етіп жатқанын  айтады.

Бұған дейін 1 қазанда кешке Иранның Израиль тарапына зымырандар жаудырғанын, бұл жайт әлемдік мұнай нарығындағы бағаларға бірден әсер еткенін жазған болатынбыз. Сондай-ақ Таяу Шығыстағы шиеленіс теңгені әлсіретіп, доллар бағамын күшейткенін де хабарладық.


Рекомендовать
Последние новости