"Мұнай бағасы 100 долларға шарықтауы мүмкін". Әлемдік нарықта дүрбелең бұрқ етті

Кәмшат Тілеухан 02 қаз. 2024 00:09 5413

Иран зымырандарын атқыламай-ақ 1 қазанда кешке қарай мұнай нарығында дүрбелең бұрқ етті. Таяу Шығыста соғыс отының тұтанғалы жатқанын, бірінші болып Ақ үй мен Пентагондағы дереккөздерге сілтеме жасай отырып, америкалық іскерлік БАҚ-тар дабыл қаға хабарлады.  Сол-ақ екен, Лондон биржасында 1 қазанда кешке қарай абыр-сабыр басталып кетті: Brent мұнай фьючерстері 2,84%-ға өсіп, қара алтынның бір баррелі 73,74 долларды құрады, деп жазады Dalanews.kz.

Арада екі сағат өтер-өтпес уақытта шынымен де Иран Израилға қарай 400 зымыранды бағыттай жаудырды. Бұдан соң биржада тізгін қағып үлгерген Brent маркалы мұнай бағасының өсімі енді 5,01%-ды құрап, бір баррелі 75, 29 долларға жетті. Жалпы, мамандар Таяу Шығыстағы шиеленіс бұдан әрі ушықса, баға 100 долларға (!) дейін барады деген ойда.

Негізі, соңғы екі апта бойында халықаралық нарықтағы мұнайдың бағасы тек төмендеп отырған болатын. Өйткені ОПЕК+ пен Ливан елдері бағаны жоғары ұстау үшін мұнайды шектеп өндіру амалынан бас тартуға құлықты екендерін жариялаған. Осы жаңалықтан кейін қара алтын бағасы ақырындап төмендеп жатқан болатын. Ал енді жыл басынан бері мамандар күдіктене күткен жағдай орын алды. Иран Израильге ашық қақтығысқа шықса, мұнай бағасының қымбаттайтынын сарапшылар жыл басынан бері айтып келеді. Неге дейсіздер ме?

Өйткені бұл арада мәселе Иранның солтүстігін және Оманның оңтүстігін тұйықтап жатқан Ормуз бұғазында болып тұр. Себебі осы бұғаз арқылы Пар­сы шығанағында мұнай өндіретін мемлекеттердің мұнайы тасымалданады. Кей­бір деректерге қарағанда, оның жалпы көлемі өндірілген "қара алтынның" 20 пайызынан асады. Сол себептен сарапшылар Ормуз бұғазын Иран билігінің өзгелерге доқ көрсететін құралына балайды. Қақтығыс басталса, Иран осы бұғазды жауып тастауы мүмкін. Ерегессе Израиль да осы бұғазды атқылауы ықтимал. Мұндай жағдайларда мұнай тасымалы мәселесінің басы қылтиып шыға келеді, кейбір жерлерде тапшылық орын алады, есесіне баға шарықтайды.

Мәселен, 2024 жылдың басында Bank of America жариялаған болжамға сәйкес, Израиль мен Иран арасындағы қарулы қақтығыс айдан айға жалғаса беретін болса, онда иран мұнайының тасымалы кілт тежеледі.

"Ондай жағдайда АҚШ-та өндірелетін WTI мұнайының бір баррелі 123 долларға бағалануы мүмкін. Ал қақтығыс кең көлемді сипатқа ұласса, онда Ирандағы мұнай өндірісі тәулігіне 1,5 млн баррельге дейін қысқармақ. Өйтсе ОПЕК+ елдері мұнай өндірісін арттырады, бірақ тасымал жағынан күрделіліктер туындайды. Түйіндей келгенде, 2025 жылы Brent маркалы мұнайдың бір баррелі 100 доллардан, ал WTI 93 доллардан сатылуы мүмкін, делінген болжамда".

Геосаяси ахуалға үңілсек, қос тарап та қазір қаһарына мініп алған. Өткен аптаның басынан бастап Израиль Ливанның оңтүстігі мен Бейрутқа әуеден шабуылдар жасап келеді. Халықаралық әуе тасымалына ұшақтардың бұл аумақтан айналып өтуі тиістігі де құлақтандырылған. Иранның бұл ретте жауап қатуы ықтимал екені болжанып, нарықтар сол кезде-ақ тақымын қыса бастапты.

Мәселен, Price Futures Group-тың аға сарапшысы Фил Флинн "аюлар" (биржа тіліндегі балама - ред.) мен хедж-қорлар өткен аптада абыр-сабыр бола бастағанын айтады. "Егер Иран шабуыл жасаса, Израиль міндетті түрде жауап қатады, өз кезегінде Тегеран, тіпті Иранның өндіруші және өңдеуші кәсіпорындарын қатардан шығарып тастауы мүмкін", - дейді ол. Ал мұндайда нарықтардағы дүрбелең, тіпті аласапыранға да ұласуы бек ықтимал.

Мұнай өндіруші ел ретінде Қазақстанға бұл жайттар қалай әсер етеді, мұның талқысымен келесі материалда таныса аласыздар...

PS Кеше кешкісін алтынның да бағасы көтерілді. Оған қоса, қару-жарақ өндірушілердің акциялары да қымбаттады, деп жазады MarketWatch. Lockheed Martin-нің бағалы қағаздары 3,64%-ға қымбаттап, 605,86 долларды құрады. Northrop Grumman акциясы - 2,99%-ға (543,88 долларға дейін), L3Harris Technologies - 3,12%ға (245,29 долларға дейін) өсті.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар