2024 жылдың 28 қыркүйегінде Қазақстан-Британ техникалық университетінде (ҚБТУ) Республика күні аясында “KBTU Unlocked 2024” интерактивті ойыны өтті. Бұл шара университетке келген қонақтарға ҚБТУ-дың бай тарихымен және заманауи технологияларымен танысуға мүмкіндік берді, деп хабарлайды Dalanews.kz.
Квестке қатысушылар командаларға бөлініп, университеттің қызықты аймақтарын зерттеді. Атап айтатын болсақ, Gamelab зертханасын, Қазақстан теңіз академиясының симуляторларын, академик Д.А.Қонаев кабинетін, сондай-ақ робототехника және нанотехнология зертханаларын тамашалады. Ойын барысында командалар жұмбақтарды шешіп, тапсырмаларды орындау арқылы әр кезеңге өтіп отырды.
Ойынның басты мақсаты – соңғы жұмбақты шешіп, 2001 жылы Қасым-Жомарт Тоқаев ҚБТУ құру туралы қол қойған Үкімет қаулысының көшірмесін табуға негізделді.
Квест ерекше аурада өтті. Мәселен, визуалды және жарық эффектілері ойынның қызық өтуіне себеп болды. Ең маңыздысы, аталмыш квест бірлескен жұмысқа бағытталды, яғни командалар ортақ мақсатқа жетуі үшін бірігіп әрекет етті.
ҚБТУ-дың заманауи технологияларын көрсетуге арналған “KBTU Unlocked 2024” ойыны университеттің ғылыми және зерттеу жетістіктерін айқын көрсетті.
Осы тұста ҚБТУ-да GameLab зертханасының жетекшісі Александра Кнышева оқу ордасында ұйымдастырылған шараға қатысты өз ойын бөлісті.
"Біз Алматының бірегей ғимараттарының бірі – ҚБТУ-ды көрсеткіміз келді. Бұл орын көпшілікке мәлім әрі оны қаланың көрікті нысандарының бірі ретінде бағалайды. Өкінішке қарай, оның ішкі әлемімен танысқан жандар бірең-сараң. Біз осы ғимараттың қазіргі тынысын, оның ішкі өмірін көрсеткіміз келді. Оның ерекше тарихы бар, ал біз осы тарих пен болашақ арасындағы байланысты ерекше форматта ұйымдастыруды көздедік. Бұл идеяның негізінде студенттеріміз өткен құндылықтарды бойына сіңіріп, оны болашаққа жеткізеді”, - деді Кнышева.
Сонымен қатар ол ойынның ерекшеліктеріне де тоқталып өтті.
“Біздің квесттің аңызына сәйкес, танымал блогер Алина Ким ҚБТУ ғимаратына оның құпиялары мен жұмбақтарын зерттеу үшін кіріп, кездейсоқ бір аудиторияда құлыпталып қалады. Квестке қатысушылар оның қай аудиторияда екенін анықтап, оны шығару жолын табуы керек болды. Оларға жол көрсетуші ретінде ҚБТУ-дың маскоты, жасанды интеллект арқылы “жан біткен” британдық мысық көмекке келді”, - деп қосты ол.
Айтуынша, жобаны университеттің студенттері мен қызметкерлері әзірлеген.
“Маскот біздің ойынымыздың басты элементіне айналды. Сонымен қатар қатысушыларға ҚБТУ студенттері жәрдем берді. Олар ғимараттың әр бұрышын жақсы біледі. Осылайша қатысушыларға әр аудиторияда бұрын не болғанын, қазіргі уақытта қандай жобалар жүргізіліп жатқанын түсіндірді. Мысалы, робототехника зертханасында қатысушылар дрондар жасап, жасанды интеллектпен жұмыс істейтін студенттердің жұмысымен танысты.
Олар, тіпті, біздің маскот мысықпен дос болатын робо-итпен де кездесті. Ал Game Lab зертханасында болашаққа арналған видео ойындарды көрді. Қазіргі таңда бізде Қазақстанның мәдени және тарихи контекстін ашатын білім беру ойындарын жасау жұмыстары белсенді түрде жүргізіліп жатыр”, - дейді Кнышева.
Оның сөзінше, қатысушылар ел тарихындағы айтулы тұлға Дінмұхамед Қонаевтың да жеке кабинетімен танысқан.
“Әрине, қатысушылар Қонаев аудиториясына да барды. Бұл аудиторияда қазір студенттер оқыса да, интерьер сол бұрынғы қалпында сақталған. Қонаевтың жұмыс үстелі мен пайдаланған картасы ғана қалпына келтірілген. Осындай ерекше ортада біздің студенттер елдің тарихын тереңірек түсініп, оны болашаққа жеткізу үшін білім алуда," – деп бөлісті Александра Кнышева.
Ойында төбе көрсеткен қатысушылардың да алған әсері ерекше болды.
“Маған ойын қатты ұнады. Әсіресе, логикалық сұрақтар миымызға жаңа серпіліс берді. Сондай-ақ жаңа ортамен танысуға мүмкіндік туды. Бәріміз ортақ мақсатқа жету үшін бірлесіп тапсырмаларды орындадық”, - дейді қатысушы Айым Мәжит.
Айта кетейік, квест ұйымдастырушылары ҚБТУ бойынша Тәуелсіздік күні, Наурыз және Мемлекеттік рәміздер күні сияқты мерекелер қарсаңында бірқатар экскурсия өтетінін жариялады. Енді барлық ниет білдірушілер кампустың қызықты жерлерін зерттеуге және оның тарихымен, инновацияларымен танысуға мүмкіндік алады.