Мұғалім мұңы

Dalanews 30 мая 2015 04:34 1191

Алматы облысының Қарасай ауданындағы Жаңатұрмыс мекетебінде шу шықты. Орта мектеп мұғалімі Айман Сағидуллаеваның айтуынша, мектеп директоры Лейла Кигізбаева мектеп ұстаздарын 4-18 сәуір аралығында көше тазалау, ағаш ақтау секілді қара жұмысқа жеккен. Ұстаздарды бітпейтін сенбіліктерге ғана емес, сайлау науқанына байланысты үгіт жүргізу, халық санағын алу, әскерге шақыру секілді жұмыстарға да тартып, өздеріне қатысы жоқ істерді атқаруға мәжбүрлейтіні бесенеден белгілі. Бұл бір мектепке қатысты дүние емес, барша ұстаздар қауымына ортақ ахуал. Бір таңғаларлығы, мұғалім Айманның  айтқан уәжіне жергілікті әкімшіліктегілер келісер емес... Қарасай ауданының әкімі Амангелді Дәуренбаев ұстаздардың мәселесін шешудің орнына, Айман Сағидуллаеваға қысым көрсеткен. Біз бұл жағдайды алдағы уақытта егжей-тегжейлі жазатын боламыз. Мұғалімнің құқы – барша халықтың құқы болуы керек. Өйткені, бала тәрбиесі – еліміздің болашағы. Бүгін газетімізге Айманның жанайқайы мен күнделігін жариялап отырмыз. Аяулы ұстаздар, қазақ баспасөзі Сіздердің мүдделеріңізді қорғауға әрқашан дайын!

[caption id="attachment_10850" align="alignleft" width="204"]Айман Айман Сағидуллаева[/caption]

Айман Сағидуллаева,  мектеп мұғалімі.

Алматы облысы, Қаскелең ауданы.

Оларды биліктің қолбаласы болудан қалай құтқарамыз?

Бәріңізге аян, бұрын «мұғалім болуды армандайтын» ұрпақ болды, келе-келе «мұғалім болсаң жұмыссыз қалмайсың» деген пікір орнықты, қазіргі қоғамда «ұстаздық ең машақатты, көнбіс, жалтақ, ақшасы да аз, қадірсіз мамандықтың біріне» айналып барады. Оқушыға саналы тәрбие мен сапалы білім беру үшін барын салатын ұстаздарымыздың қазіргі қоғамдағы орны неліктен төмендеуінің тамыры тереңдеп кеткен себептері жетіп артылады.

Мұғалімнен жан-жақты білім талап етпес бұрын, алдымен, оның әлеуметтік жағын қамтамасыз ету керек. Айлығы шайлығына жетпейтін, жалдамалы пәтерден-пәтерге көшіп, ілділдалап күн кешіп отырған ұстаздар қауымынан үзіліссіз ізденіс пен жаңашыл үрдістерден қалыспауды талап ету тіпті қисынға келмейді.

Білім қуғандар емес, ақша қуғандар қошамет биігіне шыққан уақытта араға жік салып тұратын ең үлкен айырма осы материалдық жағдайға қатысты көрінеді. Бұны сөзіміздің кіріспесі деп қана қойыңыз.

Ал, енді негізгі айтпақ әңгімемізге көшейік. Осы күні елімізде сайлау науқаны бола қалса, үгіт-насихат жұмыстарына, адам санағы іс-шарасына дерек алуға, үй-үйді аралап мекен-жай бойынша адам түгендеуде, мектепке бала санағын алуға, әскерге баланы шақыртуға, жылқы-сиыр, қой-ешкі, тауық-қазды, тіпті, қанша түп қияр-помидор егілгенін санауға, мылтығың бар ма, қанша үйің, көлігіңнің маркасы мен нөмірі қандай екенін түгендеуге келіп тұрған адамнан «кімсің?» деп сұрамаңыз. Ол – ұстаз.

Бұндай әкімшілік құрылымдар істейтін жұмыстарды тапсыру аз болар деп ойлаған болу керек, дәл қазір елімізде өтетін ең үлкен науқан ел Президентін сайлауға орай, мұғалімдер қауымы тегін үгіт-насихатшылар мен «жоғары білімді көше тазалықшыларына» айналды.

Мен өзім Қарасай ауданындағы мектепте мұғалім болғандықтан, сол ауданға қарасты білім ордаларының барлығында аталмыш шараға орай айға жуық уақыт бойына жүйелі білім берілмегеніне куәлік ете аламын. Сабағын өзге мұғалімге табыстап кетейін десе, барлық мұғалімге бөлініп берілген жоспар бар, сондықтан, мектептегі түгел дерлік ұстаздар негізгі қызметі – дәріс беруді қоя салып, биліктен түскен басты жоспарды орындауға бар күш-жігерлерін, күні-түні уақыттарын арнап жатыр. Сайлау кезінде түрлі жоғары лауазымды адамдардың ауданға келетін сапарына орай 10 күн бойы ұйымдастырылған сенбілік кезінде барлық мектеп мұғалімдері төрт-бес адамнан кезекші шығарып, оларға бүкіл мектеп оқушыларын табыстап, көше тазалады. Наурыз айының 26-28 аралығындағы үш күн бойы Қарасай ауданына қарасты үлкен тас жолдарды тазарту кезінде бәріміздің отансүйгіштік сезіміміз оянып, барымызды салып жұмыс жасадық. Сәуір айының 4-і күні жоғарыдан тағы пәрмен түсіп, ұстаздық қызметімізді тоқтатып, қайтадан тазалық жұмысының соңында жүрдік салпақтап. Бұл жолы көшеде өсіп тұрған барлық ағаштарды әкпен сылап, артық-ауысын шауып, отап, жинадық. 4-і күні басталған сенбілік 13 сәуірге дейін жалғасты. Аттай он күн үздіксіз болатын сенбілікті естулеріңіз бар ма?

10 күнді бос өткізген мектептегі қаншама бүлдіршіннің ертеңгі  болашағы, халқымыздың олардан күтетін үкілі үміті, отанын шексіз сүйетін, болашақ үшін бар өмірін арнаған миллиондаған  ұстаздардың қастерлі еңбегі жатыр.

Иә, бағана санамалап өткен қызмет түрлеріне тағы қосарым бар екен-ау. Егер үлкен жолдарда қоқыс жинап, ағаш әктеп, артық бұталарын аралап, отап жүрген біреуді көре қалсаңыз, басыңызға «бұл тазалық қызметшілері» деген ой келе қалса, қателескеніңіз. Олар – ұстаздар. Азаннан қара кешке дейін он күндеп қара жұмысқа, айлап қоғамдық жұмыстарға салынатын, сыртқа тырс етіп, наразылығын шығара алмайтын құрметтен гөрі, мүсіркеуге көбірек ие болған, табысы тіпті өзіне де бұйырмайтын қауымнан.

Олай дейтінім, мағынасыз, мәнсіз, қалтаның қамы ғана көзделетін концерттердің билетін өткізу үшін тағы да мұғалімдердің құрбан болатындығы. Әр мектепке ай сайын кемі 5 концертке  билет келеді. Оны мектеп бойынша мұғалімдерге бөлгенде бір мұғалім кемі 2 концертке барады. Бармауға хақың жоқ – аудан тексереді. Оны да жасайтын құрметті әкім-қаралар екені белгілі. «Қарсы болғандар болса қайтеміз?» деген сұраққа әкім мырза: «Егер концертке бармаса, ол қандай мұғалім? Рухани байымаған адам балаға қалай тәрбие береді?» деп шорт жауап қайырады. Директорлар бас тартқысы келген мұғалімдерге әкімнің осы сөзін алға тартып, тырп еткізбейді.

Кейбір жанды жабырқатар сәттерде ешкімге айта алмайтын жан сырымды ақтарар сенімді серігім – күнделік.

[caption id="attachment_10851" align="alignleft" width="259"]скачанные файлы (1) Валерий Бойченко[/caption]

 «Апай, қарызға ақша беріңізші»

2013 жыл. Күз. Сабақ үстіндемін.

Есік жұлқи ашылды. Директордың тәрбие жөніндегі орынбасары тұр.

– Сен не деген адамсың? Валерий Бойченконың концертіне неге бармаймын дегенсің?

– Менің баратын жағдайым жоқ. Билетке төлейтін ақшам болмай тұр. Қызым ауырып жатыр. Дәріге де ақша таппадым. Үйде нан да жоқ. Соған біреуден 100 теңге қарыз сұрайын деп едім…

– Шаруам жоқ. Ауданнан тексереді. Қазір билеттің ақшасын төле де, кешке Қаскелеңге концертке бар.

– Жолдың ақшасын қайтем?

– Білмеймін, бармайтын болсаң директорға кір!

Көзіме жас тығылды, әрі қарай ештеңе айтудың мәні жоқ. Жүгіріп сыныптардың есігін аша бастадым.

– Апай, маған ақша бере тұрыңызшы!

– Жоқ.

– Апай, қарызға ақша бере тұрыңызшы!

– Жоқ.

Әйтеуір, біреуден – 200, біреуден – 100 теңге алып, 1000 теңгеге толтырып билетке төледім. Үйге келсем, қызымның ыстығы 38 градус болып тұр.

– Сен жата тұр, ботам, егер қорықсаң көрші үйге бар. Тапсырып кетемін! – деп қоямын, көмейіме өксік тығылып.

Көршіме кіріп, қызыма көз қырын салуын өтіндім. «Қалған бірдеңе бар ма еді?» деп тоңазытқышты ашсам: қатқан нан да жоқ.

– Қызым, шыдай тұршы. Әйтпесе, жұмыстан айырылып қаламын ғой. Концерттен келе сала, тамақ дайындаймын, ботам! – дедім, ішімнен егіліп.

Сыртқа шықтым. Қаскелеңге бару үшін жолға кемі 500 теңге керек. Көрші ауылға жаяулатып тартып кеттім. Әпкемнің үйіне кіре сала: «Маған 500 теңге беріңізші» дедім.

Ол берді. Қаскелеңдемін. Ойымда – қызым ғана. Концерт залына кіріп барсам, қабағы қатыңқы бір әйелмен жанында жалбақтаған жас жігіт тұр. «Қай мектеп, қанша мұғалім?» деп тізімдеп жатыр. Бұл – аудандық білім бөлімінің тәрбие жөніндегі маманы…

Сахнада орыстардың молдасындай боп қап-қара киінген Валерий Бойченко тұр. Қайран өмір-ай! «Менің өнеріме бас иіп, ерекше сүйіспеншілікпен жиналған қауым» деп ойлаған әнші осы сәтте бақытты шығар. Біреудің жүрегі қан жылап, амалсыздан осында отыр. Анаға ауырып жатқан баласын кеште аштан-аш жалғыз тастап, зорлықпен концерт көріп, «көңіл көтеруден» асқан қорлық бар ма екен?..
Иә, ойланып қарасам, Айгүл Иманбаеваның «Темір қатын» пьесасына барған күні қызым сүтсіз шай ішіп, нан жеп қана ұйықтаған. Сол күні ыстық тамақ жасайтын ақшамнан қағылдым. Айқын Төлепбергеннің концертіне барған күні мен қызымның би үйірмесіне төлеймін деген ақшамды беріп, қызым биге қатыса алмай қалған. «Кел, билейік кәне, достар!» деген концертке барғанымда – қызыма апта басында мектепке күніне жұмса деп берген 800 теңгені қайтарып алып, ол бір апта мектепте түскі ас ішпей жүрді. Иә, қазір теледидардан түспейтін жақсы, әдемі әнші Роза Әлқожаның концертіне барған күні қызыма етік алуға қойған ақшаны салып жіберіп, қызым ақша болғанға дейін көршінің қызының ескі етігін киіп жүрді.

[caption id="attachment_10852" align="alignleft" width="281"]скачанные файлы Бағдат Сәмединова[/caption]

 «Менің баламды Бағдат Сәмединова баға ма?»

2013-2014 оқу жылы.

Бастықтың кабинетіне кірер жерде 4-5 мұғалім  тұр.

– Сіздерді де шақырған ба?

– Иә.

– Бірге кірейік.

Шашы сарғыш түске боялған қысқа, толық қара кісі – менің бастығым. Өз креслосында шалқая түсіп отыр. Қабағы қатулы. Мен одан қорқамын. Егер ол бір күн ұрысса мен одан он күн қашып жүремін. Таңертең жұмысқа келерде міндетті түрде Аллаға сыйынамын.

– Арыздарыңды жазып жұмыстан кетіңдер.

[caption id="attachment_10855" align="alignright" width="240"]fe1e7e0f7403be857d27655a9415771d Роза Әлқожа[/caption]

Мен түсінбей абдырап тұрып қалдым. Не жазып қалдым, не бүлдірдім? Жүрегім аузыма тығылып дүрсілдеп барады. Ішімнен: «Алла маған көмектесіңізші» деп жалынып тұрмын.

– Кеше неге Бағдат Сәмединованың концертіне бармадың? – деді зәрлі үнмен айғайлай сөйлеп.

– Сол үшін бе, билеттің ақшасын төледім ғой-й-й.

– Мынаның айтып тұрғанын қарашы, ұятсыз! Ауданнан тексеретінін білмейтін бе едің? Арызыңды жаз да, жұмыстан кет!

– Кешіріңізші, енді қайталанбайды.

[caption id="attachment_10853" align="alignleft" width="252"]айгуль Айгүл Иманбаева[/caption]

Естіген сөздеріме жүрегім сыздап сала берді. Не деген өмір бұл? Егер мен жұмыстан шықсам, менің баламды Бағдат Сәмединова баға ма? Мен неге ол кісінің концертіне бармағаным үшін жазалануым керек? Әншілерді «халық адамы» дейді. Әншілер нәзік жандылар. Олар сезім мен махаббаттың иелері іспеттес көрінеді бізге. Кейде мен қатты ренжимін. Бір айда келген бес концерттің екеуіне міндетті түрде билет алуым керек, оған қоса жол шығыны бар, оны менің айлығым мүлде көтермейді.

Телеарна, радио, газет-журнал түгелдей әншілерді әспеттейді. «Жұлдызды шаңырақ» деген бағдарламада әншілердің зәулім-зәулім  сарайын, көлігін, киімін, т.б. туралы көрсеткенде іштей зығырданың қайнайды.

Қызым маған: «Анашым, мына әнші зәулім сарайды қалай тұрғызғаны жайлы айтты. Сарайы әдемі, өзі ханшайым сияқты екен» деді қызыға сөйлеп, бала көңілмен.

Мен оған: «Қызым әншілердің зәулім сарайының қаланған әр кірпішінде сенің нансыз отырған аш күніңнің есесі бар. Соны көріп менің жылаған көз жасымның ащы тамшысы бар. Әншілерге қызықпа, балам!» деймін.

Айгүл Мен Айқын не берді маған?

[caption id="attachment_10854" align="alignright" width="182"]айкын Айқын[/caption]

Иә, ойланып қарасам, Айгүл Иманбаеваның «Темір қатын» пьесасына барған күні қызым сүтсіз шай ішіп, нан жеп қана ұйықтаған. Сол күні ыстық тамақ жасайтын ақшамнан қағылдым. Айқын Төлепбергеннің концертіне барған күні мен қызымның би үйірмесіне төлеймін деген ақшамды беріп, қызым биге қатыса алмай қалған. «Кел, билейік кәне, достар!» деген концертке барғанымда – қызыма апта басында мектепке күніне жұмса деп берген 800 теңгені қайтарып алып, ол бір апта мектепте түскі ас ішпей жүрді. Иә, қазір теледидардан түспейтін жақсы, әдемі әнші Роза Әлқожаның концертіне барған күні қызыма етік алуға қойған ақшаны салып жіберіп, қызым ақша болғанға дейін көршінің қызының ескі етігін киіп жүрді.

Жалғызбасты анамын. Қосымша табыс көзім жоқ. Айлығым санаулы. Жалдамалы үйде тұрамын. Баланың шығындары бар. Табысым күнкөрісіме жетпейді. Осындай жағдайлардан менің концерт көретіндей көңіл-күйім жоқ. Қызым «әнші боламын» деп армандайды. Мен оған түбегейлі қарсы боламын. Әншілердің зәулім сарайының әрбір тасы мен сияқты қиналып жүрген мұғалімдердің көз жасынан құралғандай көрінеді маған.

(abai.kz сайтынан қысқартылып алынды.)


Айман Сағидуллаеваның пікірін жазып алып, баспаға әзірлеген  журналист Жанна ИМАНҚҰЛ.

 

 

Рекомендовать
Последние новости