АҚШ Орталық Азияда ықпалын арттыруға мүдделі

Dalanews 30 мая 2015 04:42 2551

Орта Азия аумағының тұрақтылығы ТМД елдері мен өзінің ықпалында ұстағысы келетін Ресей үшін де маңызды.  Орта Азия мемлекеттерімен шектесетін супер державалармен қатар, АҚШ пен НАТО-ға да бұл аймақ стратегиялық маңызы ерекше. «АҚШ пен НАТО елдері Орта Азия аймағында әскери, экономикалық басымдылыққа қол жеткізуді көздейді» деп жазады мақаласында  newtimes газетінің тілшісі Фуад Хусейнзаде.

«Украина дағдарысы ТМД елдерін экономикаларын қайта қарауға, әлемдік қалыптасқан саяси жағдайларға жіті назар аударып, саяси мәселелерін реттеуге мәжбүр етуде. Экономикалық қиындықта отырған Ресей ТМД-ны жұмылдырып, Еуразиялық экономикалық одақ, ортақ валюта секілді іс қимылдарын жеделдетті. Ресей Қытаймен бірқатар экономикалық келісімдерге қол қойды.  Қытай да экономикалық зардап шегіп отырған Ресей және Орта Азия елдерінің экономикасында өз ұпайын түгендеуге кірісті.

Бірақ, бұл аймақта өз мүддесінен айырылмауы үшін АҚШ-тың да  бірқатар қимылдарға көшкені байқалады.АҚШ-тың Орта Азияға құмартуының бірталай себептері барын айту керек.  Орта Азия аймағы жер асты табиғи байлыққа бай. Жер көлемі үлкен. Бұлар арқылы Қытай, Ресей, Иран, Үндістан және басқа да мемлекеттердің саяси, экономикалық қауіпсіздігіне тікелей әсер етуге болады.

Қазірге дейін Орта Азияда АҚШ пен НАТО мұнай мен көгілдір отын құбырларының қауіпсіз тасымалдануын қамтамасыз етумен шектеліп отыр. АҚШ бұған қоса 2001 жылдан бері Ирак, Ливия, соңғы уақытта Сириядағы жанжалдарға қатысты. Сондай-ақ Иран және Ресеймен қатынасы ушығып, соғыс қимылына дайындық жұмыстарын жүргізген АҚШ Орта Азияда белсенді қимыл жасамады.

Ендігі уақытта АҚШ пен НАТО Орта Азия мемлекеттерімен жақын қарым-қатынасын жандандыруы мүмкін. Вашингтон «бейбітшілік және ынтымақтастық» келісімдерін жүргізу арқылы аймаққа саяси, әскери, қаржы, ақпараттық алаңдарда ықпал етуді көздейді.

Орта Азия мемлекеттерінің билігі Ресейдің ықпалында. Қазақстан, Қырғызстан, Тәжікстан ТМД-ның мүшесі. Қазақстан Еуразия экономикалық одағы құрамында. Жақында одаққа Қырғызстан қосылды. Тәжікстанда ұйымға қосылуға ниетін білдірді.

Осылайша Орта Азия мемлекеттерінің саяси, экономикалық бірігу процестері жедел жүруде. Ресейдің Орта Азияда ықпалының артуынан сескенген АҚШ, бұл аймақта өз әсерін күшейтуге кірісті. Вашингтон аймақта бақылау жүргізу үшін Мәскеудің саяси, экономикалық ықпалына түскісі келмейтін Өзбекстанмен жақсы қарым-қатынас жасауға көшті. Өзбекстан Ұжымдық қауіпсіздік шарты ұйымына (ҰҚШҰ) екі рет кіріп, шығып кеткен. Ташкенттің көрші мемлекеттермен байланысы да салқын. Халық саны жағынан өзге көршілес мемлекеттерден басым.

Жақында АҚШ Өзбекстанға 308 дана сауытты Mrap және 20 сауытты әскери техника беретін болды. Әскери техниканың құны 150 мың АҚШ долларын құрайды. Бұл мәліметтерді АҚШ-тың Орта Азия жөніндегі министрі Даниель Розенблум мәлімдеді. Және әскери техника мамандарын жіберуді қарастыруда. Кейбір саяси сарапшылар пікірінше, АҚШ тегін берілетін техниканың өтеуі ретінде Өзбекстаннан Термез кентіндегі Көкайдын әскери әуе базасын жалға сұрауы мүмкін. Бұған дейін де, 2005 жылдан бері Өзбекстанның Ханабад қаласында АҚШ-тың әскери базасы болған. Әндіжан оқиғасының қарсаңында «билікке қарсы топтарға көмек берді» деген желеумен бұл база жабылған.

Тәжікстанның ЕЭО кіру ниеті белгілі болған соң,  жақында АҚШ-тың Орта Азия жөніндегі министрі Даниэль Розенблум және адам құқықтары мен діни сенім бостандықтары маманы Стивен Фелдштейн Душанбеге барып қайтты. Бұның алдында Еуропаның Орта Азия жөніндегі министрлік басшысы Тойво Клар да Тәжікстанға сапарлап қайтқан.

Бұл сапарларды сарапшылар Душанбенің Мәскеумен байланыс құра бастауына байланысты АҚШ-тың мүддесін айқындау тұрғысынан жасалған деп болжайды.

АҚШ жақында Қырғызстандағы өкілетті елшісін алмастырды. Мәскеудің Қырғызстанға ықпалын азайтуда елшінің атқарар орны маңызды. Жаңа елші  бұрын ТМД және Шығыс Еуропа елдерінде қызмет атқарған. Сол елдерде билікті басып алу, елдің бөліну оқиғалары болған. АҚШ-тың Қырғызстандағы бұрынғы өкілетті елшісі Памела Спратлен елде мұндай нәтиже шығара алмады. Нәтижесінде Өзбекстанға өкілетті елші болып ауысты. Сарапшылар, елшілердің алмастырылуы АҚШ-тың Қырғызстандағы ықпалын күшейткісі келетінін айтады», - деп автор мақаласында Орта Азияда болған соңғы өзгерістерге сараптама жасайды.

Newtimes-тан аударған Назар Тұрықбайұлы


 

Рекомендовать
Последние новости