Филиал жаңа оқу жылынан бастап алғашқы мысырлық студенттерді қабылдайтын болады. Кейін олар ҚазҰУ-да академиялық алмасу бойынша білім алып, тағылымдамадан өте алады, ал олардың ішіндегі ең үздіктері кейін магистратураға түсуге мүмкіндік алады.
«Біз халықаралық рейтингтерде алға жылжып, үлкен жетістіктерге қол жеткізген қазақстандық жетекші университет – әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-мен ынтымақтастық жасауға аса мүдделіміз. Университет кампусы әлемдегі ең үздіктердің бірі, мұнда студенттердің тұруы мен оқуына барлық жағдай жасалған. Сондықтан, APE Парламентінің депутаты, EIU өкілдері және Қазақстан Республикасындағы Мысыр Елшілігінің өкілдерінен құрылған үлкен делегация ҚазҰУ-ға филиал ашу туралы келісім жасау үшін келді. Біз бұл жобаға жан-жақты қолдау көрсетеміз», - деп атап өтті ҚР-дағы АРЕ Елшілігінің мәдениет және білім істері жөніндегі атташесі Ризк Ранда Махмуд ханым.
Айта кету керек, Қазақстандық жетекші университет пен Мысырлық жоғары оқуорындары арасындағы серіктестік қарқынды дамуда. Биыл Каир университетінде ҚазҰУ-дың қолдауымен қазақ тілі оқытыла бастады, сондай-ақ әл-Фараби ғылыми-білім беру орталығы ашылып, белсенді жұмыс атқаруда.
www.kaznu.kz