Мәжіліс депутаты Павел Казанцев Қазақстандағы киіктердің көбеюіне қатысты жағдайды соғыс жағдайымен салыстырып, жануарларды жаппай қыруды ұсынды, деп хабарлайды Dalanews.kz.
– Бұл соғыс емес, бұл – шайқас! Және оған бірден кірісу керек! Әр ауыл мылтығын алып, шығып ата беруі керек, – деді депутат.
Казанцевтің пікірінше, киіктерді жою үшін «бас штаб» құрып, олардың тұшаларын ет комбинаттарына тасып, қажет болса, заңдарды өзгерту қажет.
Сонымен қатар, ол киік етін халыққа тегін тарату, жекеменшік аң аулауға рұқсат беруді ұсынды. Ғылыми қауымдастықтың жануарларды қорғау жөніндегі тұжырымдарын да сынады:
– Біз тек анықтамалармен тығылып жүрген маңыраған отармыз. Ал бұл – төтенше жағдай! – деді депутат.
Айта кетейік, бұған дейін президент Қасым-Жомарт Тоқаев киіктерді Қазақстандағы киелі жануарлар қатарына жатқызған болатын.