Мейманасы тасыған – Мойынқұм

Dalanews 13 апр. 2017 14:56 944

Жамбыл облыс әкімі Кәрім Көкірекбаев Мойынқұм ауданында жұмыс сапарымен болды. Алдымен аймақ басшысы Мыңарал балық зауытында болып, ондағы қызу жұмыспен танысты.

 

2014 жылы іске қосылған кәсіпорын жылына 1.5 мың тонна балық өндіруге қауқарлы. Құны 600 миллион теңгені құрайтын  іргелі кәсіпорында бүгінгі күні жетпіске тарта адам тынбай еңбек етсе, олардың басым көпшілігі жергілікті жердің тұрғындары.  Былтыр кәсіпорын  615,7 тонна балық өнімдерін өндіріпті. Сондай-ақ, аталмыш зауыт биыл балық чипстері мен котлеттерін экспортқа шығарып, мүмкіндіктерін арттыра түскен.

Бұдан соң облыс әкімі Мыңарал ауылындағы «Жамбыл өндірістік цемент компаниясы» ЖШС-на ат басын бұрып, ондағы жұмыс ауқымымен танысты. Жеті жыл бұрын іске қосылған алып зауыт жылына 1,2 млн. тонна цемент өндіруге қауқарлы. Құны 8,2 млрд. теңгені құраған өндіріс орында 286 адам тұрақты жұмыс жасайды. Үдемелі индустриялды-инновациялық даму бағдарламасы аясында іске қосылған зауыт былтыр 1348,1 мың тонна цемент өндірсе, биылғы жылы екі ай көлемінде 512,0 млн. теңгегенің өнімін өндірген. Қуатты зауыттың қауқарлы жұмысын көзімен көрген облыс әкімі К. Көкірекбаев  жұмыс өнімділігін әлі  де ширата түсу қажеттігін жауаптыларға  тапсырды. Сондай-ақ, аймақ басшысы Хантау ауылындағы «AGIG» АҚ-ның цемент зауытына да  аялдады. Жобалық құны 8,2 млрд. теңгені құрайтын өндіріс орнында бүгінгі күні 286 адам еңбек етуде. Жылына 500 мың тонна цемент өндіретін зауыт  былтыр 271,0 мың тонна цемент өндірсе, үстіміздегі жылдың екі айында 549,3  млн. теңгенің өнімін енсеріпті.

Іс-сапар барысында аймақ басшысы Шығанақ, Бірлік,  Мойынқұм ауылдарында да болып, ондағы әлеуметтік нысандардың жұмысымен жан-жақты танысты. Сонымен қатар, өндіріс саласына байланысты бірқатар меморандумдарға  қол қойылып, қорытынды актив жиынында облыс әкімі  Мойынқұм ауданының әкімі Б. Нүркеновке  салалық бағдарламалар бойынша арнайы тапсырмалар берді.

 

Облыс әкімінің баспасөз қызметі

Рекомендовать
Последние новости