Мешіттер жанындағы жазғы мектептер жастардың діни сауаттылығын көтеруде

Dalanews 16 авг. 2022 09:47 1002

Діни экстремизмнің құрығына түсіп қалмау үшін әрбір адам белгілі көлемде діни сауатты болуы шарт. Дінді танып білуге көбінде жастардың ұмтылатыны белгілі. Сол себепті деструктивті ағымдар өздерінің құрбандарын осы жастардың арасынан іздейді. Біздер жастардың діни сауатын көтеру үшін не істеп жатырмыз деген сұрақ туындайды. Dalanews.kz ақпараттық агенттігі осы сұрақ төңірегінде ізденіп көрді.

Қазіргі таңда орта білім беру мекемелерінде жас жеткіншектердің діни сауатын көтеруге қатысты арнайы сабақ жүргізілмейді. Қазақстан зайырлы мемлекет болғандықтан, мектептерде діни сауаттылық жөніндегі сабақтардың енгізілмегенін түсінуге болады.

Баяғыда ата-әжелеріміз «бақилық болсақ, соңымыздан Құран оқисың» деп бала кезімізде бәрімізге дұға-сүрелерді жаттатушы еді. Қазіргі таңда жастардың діни сауатын ашудағы алғашқы әліппесі интернет болып тұр. Ғаламторда көңілге қонымды дүниені табу қиын. Интернеттің алдында сағаттап отырғанда деструктивті ағымдардың тұзағына түсіп қалуың әбден мүмкін. Сондықтан діни сауаттылығын көтеруге ұмтылған жастарға ғаламтор шамшырақ бола алмайды.

Енді қайтпек керек? Бұл тығырықтан шығатын жол бар ма? Бар. Бүгінде еліміздегі барлық елді мекендерде мешіттер бар. Діни сауаттылығын көтеруге, дінге қатысты қандай да бір сұраққа жауап іздеген адам осы мешітте жұртқа бағыт-бағдар беріп отырған Қазақстан мұсылмандары Діни басқармасының өкілі имамдарға келіп, кеңес алып, мазалаған сұрақтарын қоюға болады. Имам алдына келіп кеңес сұраған адамға дұрыс бағытты нұсқайтыны анық.

Бес уақыт намыз оқып, сақалын қоя беріп көшеде жүрген адамның бәрі діндәр деп айта алмайсың. Олардың не ойы бар екенін ешкім де білмейді.

Dalanews.kz ақпараттық агенттігі жастардың жат ағымның жетегінде кетпеуі үшін өздері тұратын аумақтағы мешіттермен тығыз байланыс орнатуға кеңес береді. Мешіттегі имамдар Муфтияттың сол жердегі өкілі. Олар ата-бабамыз ұстанған дәстүрлі дінді насихаттаушы тұлғалар. Сондықтан ойыңызда дінге қатысты қандай да бір сұрақ туындаса, имамдармен ақылдасқан ләзім. Осы ретте жастардың діни сауаттылығын арттыруға қатысты көкейіміздегі сұрақты білікті теолог маман Бердімұрат Қасымовқа қойғанда, төмендегідей тұшымды жауап алдық.

– Бүгінде елімізде дінге бет бұрғысы келетін жастар көп. Біз үшін осы жастардың жат ағымдардың арбауына түсіп қалмағаны керек. Ал әр ауданда медресе ашып, жастардың діни сауаттылығын жетілдіретін мүмкіншілік жоқ. Бірақ әр ауылда Діни басқармаға тіркелген мешіттер жұмыс істейді. Халық арасында діни ағартушылықты арттыру үшін осы мешіттердің мүмкіншілігін пайдаланған абзал болады. Қазір мешіттердің жанынан жастарға арнап жазғы мектептер жұмыс істейді. Ауыл-аймақтағы балалар жазғы демалысқа шыққан кездерінде осы діни сауат ашу курстарына қатысып, өздерінің діни сауаттылығын көтеруіне болады. Мешіттер жанынан ұйымдастырылған мұндай сауат ашу курстарында жас жеткіншектер Құран әліппесі мен ата-ананы сыйлау, елді қадірлеу, ізет, әдеп, қамқорлық сынды адамзатқа тән құндылықтар жайында қызықты дәрістер тыңдайды. Егер осы жазғы мектептерде діни сауаттылығын жетілдірген жастар одан әрі дінді кәсіби түрде меңгеруге аңсары ауса 9-11 сыныптан кейін медреселерге түсіп, діни сауаттылығын арттыруына болады, – дейді Бердімұрат Қасымов мырза.

Міне, ағайын, теолог маманның өзі де діни сауаттылығын арттыруға аңсары ауған азаматтарға мешіттер жанындағы жазғы мектептерде таным-түсінігін көтеруді ұсынып отыр. Егер діни сауаттылығыңызды көтергіңіз келсе, мешіттер жанындағы жазығы мектептерге жазылып, діни сауаттылықты көтерген дұрыс. Қазіргідей заманда әрбір азаматтың діни сауатты болуы қоғам үшін маңызды. Діни сауаттылығын көтерген адам дін маманы болып кетпейді. Діни сауаттылық деструктивті ағымдарға қарсы иммунитетті қалыптастыратынын ұмытпайық.

Анар САБЫРОВА 

Рекомендовать
Последние новости