Меруерт Махмұтова: "Халық банктерге белшеден қарыз"

Dalanews 01 апр. 2020 14:19 1030

«Біздің елде отыз жыл бойы шешілмей жатқан мәселелер мың сан». Экономист Меруерт Махмұтова солай дейді.

Dalanews.kz сарапшыға бірқатар сауал қойып, Қазақстандағы қазіргі ахуалға қатысты ой-пікірін білді.

Мұнай бағасы барреліне 150 доллардан кем түспеген кезең келмеске кетті. 
Билік ол дәуірдің көзден бұлбұл ұшқанын әлі түсінбеген сыңайлы. Тойдан той, жиыннан жиын, пансионы бар, басқасы бар...
Барреліне 50 долларды медет тұтатын бүгінгі тұста экономиканы әртараптандыруға күш салу керек-ақ.
Мұнайға байланған экономика түптің-түбінде орға жығып тынады. Түптің-түбінде оңбай опық жегізеді.

Жылына 80 млн тонна мұнай өндіреді екен біздің ел. Оның 60 млн-ын экспортқа жібереді. Сөйтіп қана "жан сақтап" отыр. Бюджетті бел ортасына дейін мұнайдан түскен табыспен толтырамыз. Бұған бола масаттанғанның жөні бар ма?


Билік бұл мәңгілік болатындай көреді. Мәңгілік ештеңе жоқ қой.
2037-38 жылдары елдегі мұнай сауып отырған 3 ірі компанияның келісімшарты аяқталады екен. 
Ол кезге дейін мұнайдың өзі де, бағасы қаншалықты құнсызданып, құлдырарын мына біздер білмейміз. 
Бір анығы жылма-жыл мұнай өндіруден бюджетке түсетін табыс төмендей бермек. Демек, қиыншылықтың көкесі де алда деген сөз. 
Өз-өзімізді құтқарып қалғымыз келсе, мұнайдың алдындағы басыбайлы құлдықтан ертелетіп арылу керек. Әлі де кеш емес.

Алайда...


Әй, бірақ айттың не, айтпадың не. Құлақ қойып тыңдайтын жан жоқ жоғарыда. Бір күнмен өмір сүретіндей көрінеміз кейде. Кезінде мұнай бағасы 28 долларға дейін төмендеген тұста билік тәубесіне түсіп: 
"Ауыл шаруашылығын дамытайық, бұл мұнайға сенім жоқ екен. Жер емейік, егін егейік. Мыңғыртып мал өсірейік. Ет экспорттайық. Ауыл шаруашылығын жолға қойсақ, берері мұнайдан да мол", – деп мәлімдегені есте. 
Мұнай бағасы 70-80 долларға дейін көтерілгенде өткендегі сөзін ұмытып кетті сол билік. 
Ертең баға құлдырағанда қайтадан таз қалпына түсерін естен шығарды. Еліріп кетті, есіріп кетті. Ертеңін електен өткізбейтін, бүгінгімен ғана күн кешетін мемлекеттің кейпі бұл. 
Бұрындары мұнайдан түскен табыс асып артылып жататын-ды. Соның арқасында Ұлттық қор құрылған. Қазір ол да жоқ. 
Мұнайдан түскен қаржы-қаражат мемлекеттің бүгінгі мұхтаждығынан артылмай жатқан жайы бар. Мақсатты-мақсатсыз жұмсалған шығындар жылма-жыл екі-үш есеге өсіп келеді. 
Турасын айтқанда жетпей жатыр. Мұнайдан түскен табыс бір мемлекетті асырауға аздық етіп отыр. 

Ұлттық қордағы қаржы кімдердің несібесі еді?


Амалсыз Ұлттық қорға ауыз салдық. Жылдар бойы жиған-тергенімізді оңды-солды жұмсаудамыз дәл қазір.
Жұмсағанның орнын ойсыратпай толтырып отыратын жағдайымыз тағы жоқ. 
Ұлттық қор келешек ұрпақтың несібесі болудан қалды. Соларға деп сақтаған сыбағамыз еді, анығында.
Жарайды, мұндағы ақша бүгінгінің күйіп тұрған көкейтесті мәселесіне бағытталса бір жөн, кешірімді. 
Ұлттық қордың қаражаты жекелеген банктер мен олардың қожайындарын "құтқаруға" жұмсалғанын естігенде қалай күйінбейсің? Қалай зығырданың қайнамайды бұған? Қордың ақшасын халыққа қатысы жоқ дүниеге рәсуалауға кім рұқсат берді? 
Өзіңіз ойлаңыз, осыдан кейін экономика қалай оңалады? Ол қалай аяқтан тұрады? Ол қалай әртараптанады? Ұлттық қордың ақшасына көлденең біреулер неге килігеді? 
Ұлттық қорды байларды банкроттан құтқару үшін қүрмағанамыз анық еді ғой? 

Халық қайда қалды?


Ал халық ше? Халық қайда қалды осы? Өлместің күнін көріп жүр ол. 
Елдің бәрі белшеден қарыз. Қарыз ғұмырдың қайбір қызығы болсын. Қарыз қайтарумен өткен өмірде қайбір құндылық болсын. 
Ресми мәлімет бойынша халық біздегі банктерге 6 трлн. теңге қарыз. Халық қиналса мемлекеттен қайыр болмасын біледі. Банктердің белі бүгілсе мемлекет құтқарады оларды. Қызық, иә?..
Қарызға батқан халықтың несиесін кешіре қоятын банктер бар ма бізде? 
Қарызға батқан халық күндердің күні ашынады. Қарызын кешіруді талап ететін күн туады. 
Талабы орынсыз деп тағы алмайсыз. Халықтың көзі соқыр, құлағы керең емес.

Мемлекеттің мұнайдан түскен табысты банктерге бағыттап, банктер өз кезегінде осы табысты тым жоғары пайызбен үлестіріп, пайдаға бөгіп жатқанын ел-жүрт жатқанын көріп-біліп отыр.   


Халықты қарызға батырып отырған биліктің өзі түптеп келгенде. 
6 трлн теңге бергі жағы. Бұл тізімге «жалақыға дейін» деп жалаулатып микронесие беретін кішігім ұйымдар енген жоқ. Әлгі 6 трлн-ға бұлардың қарызын тағы қосыңыз. 
Қауіптісі тұтуынушылық несиенің көлемі өсіп келеді. Қарызға батқандардың қатары артып жатыр. Мұның арты жақсы болады деп ойламаймын өз басым. 
Ал кәсіпкерлік ше? Кәсіпкерлік несиенің көрсеткіші тым төмен. Несие алғысы бар кәсіпкер банктің берер ақшасын аттай 6 ай күтеді екен. Алты айдың ішінде әлгі кәсіпкердің бастаған ісі күйреп, өзінің қоңыз теріп кетпесіне кім кепіл?
Мұнайға тәуелділіктен құтылудың жалғыз ғана жолы бар, ол - шағын және орта бизнесті қолдау. Олардың несиесін тездетіп беру,  кеңседен кеңсеге сандалтпау, орынсыз тексеріп ұнжырғасын түсірмеу. Жер-көктің бәрін монополиялап, жұрттың бизнеспен айналуға деген ынта ықыласын жойып жіберген мемлекеттің бірде-бірі оңған жоқ.

Әзірлеген, Думан БЫҚАЙ


 

Рекомендовать
Последние новости