Мердігерлер ғана емес, шенеуніктер де кінәлі

Dalanews 05 мая 2021 06:57 841

Соңғы үш жылда тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық мәселелерін шешу үшін республикалық бюджеттен 330 млрд теңгеден астам қаражат бөлінді. Ауқымды қаржыландыру көлеміне қарамастан, жолға, сумен, газбен қамтамасыз етуге, электрлендіруге қатысты шағымдар саны азаймауда. Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығының жүйелі мәселелері мен оларды шешу шаралары «Nur Otan» партиясының Партиялық бақылау комитетінің отырысында талқыланды, – деп хабарлайды Dalanews.kz.

Партиялық бақылау комитетінің мүшесі Әнуар Ілиясова атап өткендей, желілердің тозуына байланысты судың ағып кетуінен келген шығын жылына 16 млрд теңгеге жуықтаған. Партиялықтар жүргізген талдау қорытындысы бойынша қалалық жерлердегі тозығы жеткен барлық су құбырлар желісін ауыстыру үшін 20 жыл, ал кәріз желілерін ауыстыруға – 40 жыл қажет екені анықталды.

Партиялықтардың пікірінше, осындай ахуалдың қалыптасуына тек жосықсыз мердігерлер ғана емес, шенеуніктер де кінәлі. Мысалы, Түркістан облысы Сарыағаш ауданы Жібек Жолы ауылында газ тарату станциясы 2012 жылы 220 млн теңгеден астам қаражатқа салынған. Нысанды қабылдау туралы мемлекеттік актіге қол қойылған. Бір жыл өткен соң газ инспекциясы көптеген жөнсіздіктерді анықтаған, алайда аудандық шенеуніктер, жұмсартып айтқанда, бұған қатысты кеш қимылдап отыр.

– Құрылыс бөлімі тек 7 жыл өткеннен кейін, яғни 2020 жылғы ақпанда ғана мердігерге жөнсіздіктерді жою жөнінде хат жолдаған, ал ол болса, банкротқа ұшыраған. Осынау бюджет қаржысының барлығы құмға құйған судай ағып кеткен, ал газ тарату станциясы пайдалануға беруге жарамсыз деп танылған. Бұл – мемлекеттік қызметшілердің әрекетсіздігі және бюджет қаражатын ысырап ету, – деді Әнуар Ілиясов.


Нұротандықтардың пікірінше, тағы бір өзекті мәселенің бірі – көп пәтерлі тұрғын үй кешендерін жаңа басқару формасына көшіру мәселесі. Еліміздегі тұрғын үйлердің барлығы 2021 жылдың 7 қаңтарына дейін Пәтер иелері кооперативтерінің (ПИК) орнына Мүлік иелерінің бірлестігін (МИБ) немесе жай серіктестік құруға тиіс болатын. Алайда Партиялық бақылау комитеті бұл бағыттағы жұмыстар шын мәнінде жүргізілмей отыр деп санайды.

– Тек елорданың өзінде 3 мыңдай тұрғын үй кешені болса, қазіргі уақытта небәрі 260 МИБ қана құрылған. Егер елорданың өзінде осылай жүрсе, өңірлер туралы не айтуға болады? Мұның себебі заңнаманың жетілмегендігінде болып отыр. ПИК-тер қарсылық танытып, құжаттарды, үй-жайларды бермейді, ал бұған жауапкершілік шаралары көзделмеген. Тұрғын үй басқармасы бұл ретте көмек бере алмайды, ПИК-ті де жазалай алмайды, тек кеңес қана бере алады, – деді Әнуар Ілиясов.

Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы саласындағы қордаланған мәселелерді шешу үшін нұротандықтар иесіз желілерді пайдаланушы ұйымдардың меншігіне өтеусіз беру мүмкіндігін қарастыруды ұсынды. Электр қуаты мен жылу тарифтерінің бұдан ары өсуіне жол бермеу үшін Халықаралық қаржы институттарының қаражатын тартып, тозған жабдықтарды ауыстыруға және жаңғыртуға арналған шығынды субсидиялау тетігі арқылы «Нұрлы жер» бағдарламасын пайдалану ұсынылады.

Мұнда жобаны 50%-ке дейін қаржыландыру республикалық бюджеттен болуы мүмкін. Ұсынылған тетік тарифке ауыртпалықты азайтып, осы арқылы әлеуметтік тәуекелдерді ескеруге және реттеуге мүмкіндік береді.


Талқылау қорытындысы бойынша партиялықтар өңірлердегі тұрғын үй-коммуналдық шаруашылықтың ең проблемалы нысандарына партиялық бақылау комиссиясының нақты мүшелері мен мәслихаттардағы  «Nur Otan» партиясының депутаттарын бекітуді ұсынды.

Сонымен қатар, енді өңірлік комиссиялар мемлекеттік органдардың, мердігерлік және пайдаланушы компаниялардың өкілдерін, сондай-ақ жергілікті тұрғындарды шақыра отырып, осындай мәселелерді кем дегенде тоқсан сайын бір рет талқылайтын болады.

Партияның баспасөз қызметінің ақпараты бойынша, әрекетсіздігі және тиісті партиялық бақылау жасамағаны үшін Павлодар қаласы әкімінің орынбасары Дархан Сахановқа, Сарыағаш ауданының әкімі Мұхит Отаршиевке, бірқатар облыстың Энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының басшылары Руслан Тұрғамбаевқа (Түркістан облысы), Ұлантай Үсеновке (Қарағанды облысы), Әділбек Әубәкіровке (Солтүстік Қазақстан облысы) сөгіс жарияланды. Сондай-ақ, Батыс Қазақстан облысының Энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының басшысы Асқар Ғабидуллинге партиялық ескерту жасалды.

Рекомендовать
Последние новости