Мемлекеттік қызметкерлер де Перизат Қайратқа сеніп, ақша аударған, деп хабарлайды Dalanews.kz.
Сот отырысында Маңғыстау облысы Қазынашылық департаментінің басшысы Манарбек Бухарбаевтың жауабы оқылды. 2024 жылғы сәуір айында ведомство қызметкерлері тасқыннан зардап шеккендерге көмек ретінде 231 500 теңге жинап, оны BizBirgemiz Qazaqstan 2030 қоғамдық бірлестігіне аударған.
«Жиналған қаражатты аудару үшін мен Ақтаудағы Forte Bank бөлімшесіне бардым. Қаражатты Маңғыстау облысы Қазынашылық департаментінің атынан аудару керек екенін айтқанымда, банк қызметкерлері мұны жүзеге асыра алмайтындарын жеткізді де, менің атымнан шот ашуды ұсынды. Мен атымнан есепшот ашып, сол арқылы қоғамдық бірлестіктің есепшотына ақша аудардым. Кейін аталған қоғамдық бірлестік басшысына қатысты алаяқтық фактісі бойынша қылмыстық іс қозғалып, тергеу жүріп жатқанын естіген соң, заңнамалық шаралар қабылдап, аударылған қаржыны қайтаруды сұраймын», – делінген Бухарбаевтың көрсетілімінде.
Басқа жәбірленушілер сияқты, қазынашы да аударылған қаражаттың тасқыннан зардап шеккендерге жеткенін тексермеген.
Сот процесі жабық форматта жалғасуда. Еске салайық, Перизат Қайратқа қатысты іс жартылай ашық режимде қаралып жатыр: банк құпиясы мен құпия ақпаратқа қатысты бөлімдер жабық есік жағдайында, журналистердің қатысуынсыз өтуде.