Мемлекет ақшасын досының банк картасына аудартып отырған: Шымкентте емхананың бас бухгалтері сотталды

Сағыныш Сардарова 29 мая 2024 15:45 4473

Шымкент қаласының қылмыстық істер жөніндегі ауданаралық соты Дене шынықтыру және спорт басқармасы емханасының бас бухгалтеріне қатысты қылмыстық істі қарады, - деп хабарлайды Dalanews.kz.

Тергеу органы бухгалтерді қызмет бабын пайдалана отырып, сеніп тапсырылған аса ірі мөлшердегі мүлікті иеленді деп айыптады (Қылмыстық кодекстің 189-бабының 4-бөлігінің 2-тармағы бойынша).

Сот емхананың бас бухгалтері бір жыл бойы қызметкерлердің шотына жалақысынан асып түсетін қаражатты есептеп отырғанын анықтады. Содан кейін ол осы артық жинақталған қаражатты досының банк картасына қайтаруды сұраған. Осылайша, бұл ақшаны өзі иемденіп, өз қажетіне жаратқан.

Сотталушының әрекетінен мемлекетке 29 миллион теңгеден аса шығын келген.

Прокурор айыпталушыға 7,5 жылға бас бостандығынан айыру жазасын тағайындауды сұрады. Сотталушы өз кінәсін ішінара мойындап, соттан бас бостандығынан айыру емес, басқа жаза тағайындауды сұрады.

Сот сотталушының шын жүректен өкінуін жеңілдететін мән-жай деп таныды.

Сотталушы Қылмыстық кодекстің 189-бабының 4-бөлігінің 2) тармағы бойынша кінәлі деп танылды. Оған мемлекеттік қызметте лауазымдарды атқару құқығынан өмір бойына айыра отырып, 7,5 жылға бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды.

Үкім заңды күшіне енген жоқ.


Рекомендовать
Последние новости