Мектептер мен ауруханалардың электр қуатын пайдаланған майнерлер құрықталды

Dalanews 13 сент. 2024 10:39 5083

Қаржылық мониторинг агенттігі Рудныйда 27 орта мектеп пен 13 аурухана тұтынатындай электр қуатын пайдаланған майниң фермасын анықтады. Майнерлердің бұл қылмыстық айналымы шамамен 100 млн теңгеге бағаланды деп хабарлайды Dalanews.kz тілшісі.

Рудныйдағы топ Bitcoin криптовалютасын тиісті лицензиясыз өндірген. Агенттік биржада криптовалюта түсіп тұрған аккаунттар мен күдіктілер ақша шығарып алып отырған банктердегі шоттарды анықтады. Аймақтың электр желілеріне келтірілген зиян салыстырмалы түрде айтқанда 27 мектеп пен 13 аурухана пайдаланатындай мөлшерде деп бағаланды. Заңсыз ферманың қызметі осылайша жергілікті электр желілеріне әжептәуір зиян тигізген.

Күдіктілердің кім екені анықталды. Олардың шотттары, мүліктері мен заңсыз өндірілген дижитал активтері сот арқылы тәркіленді. Тінту кезінде Қаржылық мониторинг агенттігі 150-ден астам майниң жабдығын (ASIC), желдету және суыту құрылғыларын, Wi-Fi мен роутерлер, телефондар мен ноутбуктар тапқан.

«Алдын-ала жасалған есепке сүйенсек, қылмыс жолымен түскен табыс пен айналым 100 000 000 теңге», — деп жазды Агенттік.

Биыл мамырда агенттік айналымы осы шамалас майниң фермасын Шымкентте де анықтаған еді. Олар 10 айға жуық уақыт бойы криптовалютаны заңсыз жолмен өндіріп отырған. Сонымен бірге Қостанай облысында да бірнеше азамат 230 млн теңгелік майниң жабдығын Ресейге заңсыз өткізуге тырысқан. Сот барлық жүкті тәркілеген еді.    

 

 


Рекомендовать
Последние новости