Мектеп пен ата-ана арасындағы диалог

Dalanews 22 окт. 2015 21:16 1156

Біздің халық  әкімдердің халық алдында есеп бергеніне үйреніп қалғаны белгілі. Енді әкімдердің қатарына мектеп директорлары қосылды. Алматы қаласының әкімі Бауыржан Байбек мектеп директорларының ата-аналар алдында мемлекет қаржысын қалай игеріп жатқаны жайында есеп беруді қадап тұрып тапсырды. Осы аптада Алматы қаласының
не қарасты мектептері ата-аналардың басын қосып есепті кездесуін өткізді.


Кеше  Жетісу аудандық білім бөліміне қарасты М.Жұмабаев атындағы №137 орта мектептің директоры Ләйла Байымбетованың есебін тыңдап қайттық. Сыршыл ақынның атын иемденген бұл мектеп ұжымы өнерлі, білімді балаларды тәрбиелеп келеді.

Халықтың мектеп директорларының есебіне қалмай қатысуына қарағанда қоғам үшін әкімнің кездесуінен гөрі мектеп директорының есеп беруі зор іс екенін аңғарғандай болдық. Бұл ретте қоғамның аяқ алысын жақсы бағдарлайтын жас әкім Бауыржан Байбек қала мен облыс басқарған әккі әкімдерден алға озып кеткені анық. Әрбір мемлекеттік мекеме халықпен қоян-қолтық жұмыс істеуі керек. Осы ретте Бауыржан Байбектің мектеп пен халықтың арасын жақындатуға күш салуын орынды бастама деп қабылдауға болады.

Жиынның шымылдығын түрген мектеп №137 орта мектептің директоры Ләйла Байымбетова жиынған қатысуы тиіс 260 ата-ананың 200-ге жуығы жиналғанын тілге тиек етті.

Лайла Байымбетова– Біздің мектепке 2015 жылы мемлекет қазынасынан 135 325 000 теңге бөлінді. Оның 124 647 000 теңгесі жергілікті бюджеттен бөлінсе, республикалық бюджеттен 10 681 000 теңге қарастырылған. 2015 жылдың 9 айында осы қаржының 107 444 000 теңгесін игердік. Енді мемлекет тарапынан бөлінген қаражаттың қайда жұмсалғанына тоқталсам. Республикалық бюджеттен бөлінген қаржының 8 028 000 теңгесі әлеуметтік салыққа (395 000 тг), «Өрлеу» деңгейлік курсын бітіргендерге

10%-дық үстемақы ретінде (7 307 000 тг) және әлеуметтік шегеруге жұмсалды. Қалғанын жыл аяғына дейін игереміз. Ал жергілікті бюджеттен бөлінген қаржаттың 99 416 000 теңгесі игерілді. Мемлекет тарапынан бөлінетін қаржының басым бөлігі ұстаздардың еңбекақысын төлеуге жұмсалады. Бұл үшін біздің мектепке 72 055 000 теңге қарастырылған. Бұдан кейінгі орында коммуналдық төлемдер бар. Оларға 9 107 000 теңге бөлінген. Үстіміздегі жылы мектебіміздің ағымдағы жөндеуден өткізуге мемлекет тарапынан 3,5 млн. теңге бөлінген еді. Ағымдағы жөндеу жұмысы үшін бөлінген қаржы мектептің кем-кетігін толық жөндеуге жетпейді. Сондықтан біздер бұл қаржыны тиімді бағатта жұмсауға тырысамыз. Осыған дейін мектебіміздегі жылу батареялары қатты қысымға шыдамай жарылып кеткен еді. Сол себепті біздер бірінші кезекте мемлекеттік сатып алуды жеңіске жеткен құрылыс компаниясына батареялар мен құбырларды ауыстырып берді. Сонымен қатар асхананың төбесі мен қабырғасын ағартып алдық, – деп мектеп директоры қаражаттың қайда жұмсалғанын рет-ретімен көпшілікке баяндап берді. Өз кезегінде ата-аналарда қаражаттың дұрыс жұмсалғандарына көз жеткізіп, жиынның маңызын түсінгендерін айтты.

Ата-аналар атынан сөз алған Ғалия Нұрлыбаева мұғалімдердің жанкешті жұмысын біздің қоғам әділ бағалауы керек екенін алға тартты.

– Осыдан біршама уақыт бұрын Түркияға барғанымда дәрігерлер мен ұстаздардың ай сайын 2 мың доллар көлемінде айлық алатынын естідім. Ал біздің ұстаздар болса сол кезде 40-50 мың теңге көлемінде ғана еңбекақы місе тұтқан еді. Алдағы уақытта біздер ұстаздардың еңбегін дұрыс бағалауымыз керек. Біріміз бір балаға үй тапсырмасын орындатқанша жүйкелеп қаламыз. Ал жиырмадан астам баланы білім нәрін сеуіп отырған ұстаздардың жағдайын түсінуіміз керек. Жаңа әкім Бауыржан Байбек мырза мектепте ақша жинауға тосқауыл қоюға әрекеттеніп жатқанын қолдаймын. Меніңше, мемлекет мектептердің ағымдағы жөндеу жұмыстарына бөлетін қаржысын мүмкіндігінше көбейтуі керек,  – деп ата-ана ойын ортаға салды.  Бұдан кейін де ата-аналар көкейде жүрген сауалдарын мектеп директорына қойып тұщымды жауап алып тарқасты.

Н.ӘУБӘКІР.

Рекомендовать
Последние новости