McDonald`s, KFC, Burger King, Hardee`s-тің қазақшасы қайда?

Dalanews 05 окт. 2018 05:31 1095

Mega, KFC, McDonald`s сынды компаниялардың қазақшасы осал тұсы болып отыр.

Қазақ тілін мемлекеттік дəрежеге шығаруға, мемлекеттік тілдің қолданыс аясын мейлінше кеңейтуге аз күш салынбады. Десек те, тіліміздің мемлекеттік дəрежеге көтерілуі былай тұрсын, қазақ тілінде сөзден сөйлем құраудың сорақы түрлерін күн сайын кездестіретін болдық.

Сол көріністің бірі – күн сайын ақпараттық құралдар мен көше бойында көзге де, құлаққа түрпідей жағымсыз əсер ететін жарнамала тілі. Мұндайды анау-мынау емес, елімізде азуын айға білеген, алпауыт компаниялардың өз өнімдерін ұсыну əдісімен жарнамалаған жазбаларынан көптеп кездестіресіз.

Смағұловтың мемлекеттік тілге деген «құрметі»


Осыдан 3-4 жыл бұрын, яғни 2014 жылы қазақстандық Mega ойын-сауық сауда орындарына мемлекеттен арнайы субсидия бөлінетіні туралы ақпар тарады.

2012-13 жылдары ірі ойын-сауық сауда орнының қаржылық мүмкіндігін арттыру мақсатында мемлекеттен 3,1 млрд.теңге субсидия бөлінгенін Mega-ның басшысы Нұрлан Смағұлов та растады.


Кейінірек, 2016 жылы «Байтерек-Development» АҚ-нан  Қазақстан Даму банкі арқылы жинақтаушы зейнетақы қорынан 15 жылға 18,5 пайызбен 15 млрд теңге MEGA Silk Way сауда ойын-сауық орталығының құрылысына қаржы бөлінген-ді.

Алайда мемлекеттен қаржылай көмек алып отырғанына қарамастан, осы компанияның мемлекеттік тілге енжар қарауы, құрмет көрсетпеуі қынжылтады. Мемлекеттен миллиардтап субсидия алғаны сөз болған mega.kz сайтының қазақшасы жоқ емес, бар.

Өкінішке қарай, тағы да сол, тікелей аударманың құрбанына айналған мемлекеттік тілдің түрін көресіз. Мысалы, mega-ның пайда болу тарихын «MEGA өзінің тарихын сонау 2003 жылдан бастау алады» деп бастапты. «MEGA тарихы сонау 2003 жылдан бастау алады» десе, тіл заңдылығының талаптары сақталар еді.

Осындай «артық қылам деп тыртық қылу» əдістерін көптеп кездестіруге болады.  Мұны қалай түсінуге болады?

Өркендеуіне қаржы бөліп отырған мемлекеттің ресми тілінде сауатты  ақпарат таратуға арлану ма, əлде орыс тілінің мəртебесін арттыруға жанталасу ма?

Аты дардай MEGA-ның басшысы Нұрлан Смағұловтың ұлты қазақ бола тұрып, өз ана тілінде қызмет көрсетуге күш салудың орнына, неліктен орысшаға бүйрегі бұрады? Керісінше, өзгелерге басқа емес, Нұрлан Смағұлов үлгі болуға тиіс емес пе?


Сонымен қатар MEGA ірі компаниясының ресми сайтының қазақша нұсқасындағы көптеген ақпараттар орыс тілінде, ал кейбір рубрикалар мемлекеттік тілге мүлде аударылмаған. MEGAzine деген атпен шығатын бұл компанияға тиесілі журналдың тек орысшасы ғана таралымда. Өкінішке қарай, бұл журналдың қазақшасын көрген ешкім жоқ.

Əлемдік брендтерге қазақтың ақшасы керек, ал тілі қажет емес


Қоғамдық орындарда жедел ас мəзірін ұсыну бойынша əлемдік көшбасшы қатарындағы McDonald`s, KFC, Burger King, Hardee`s сынды франчайзинг үлгісіндегі компаниялар да мемлекетиік тілде қызмет көрсетуді құп көрмесе керек.

Бұл компаниялардың кейбіреулерінің ресми сайттарындағы ақпараттар тек орыс тілінде берілген.

Сөз етіп отырған бұл компаниялар да осал емес, əлемдік брендтің бестігін құрайды. Қаржылық жағдайы да мықты, əр саласындағы қызметкерлері де сынақтан сүрінбей өткендер. Соған қарамастан котлет, қытырлақ картоппен миллиондарды күреп тауып отырса да, бұл компаниялардың қазақшасы көңіл көншітпейді. Əлде мемлекеттік тілде жарнама жасайтын, жарнаманы сауатты жасайтын мамандарға ақша дұрыс бөлінбей ме?

Мəселен, фаст-фуд өнімдерін сатушы Mcdonalds’kz http://mcdonalds.kz  компаниясы «Футбол жаңалығын татып көр» деп акция жариялапты.


Жұртқа футбол жаңалығын қалай татырып көрсетпек? Бұл сауатсыздық па, əлде мемлекеттік тілді менсінбеушілік пе? Қазақ тіл білімінде белгілі бір дəмді татып көруге болатыны жазылған. Ал футбол жаңалығын татып көруді mc.donalds.kz жаңалық етіп шығарған-ау шамасы.

Mcdonalds’kz -тің  ресми сайты да сын көтермейді. Орыс тіліндегі беті кез келген ақпаратты сауатты əрі түсінікті етіп берген. Ал бұл компанияның мемлекеттік тілдегі парақшасы қарын аштырады.

Жоғарыда біз мысал еткен «футбол жаңалығын татып көру» де, «супербатырлықты» дəріптеу де қазақша бетте өріп жүр. Қазақ тіл білімінде «супербатыр» деген атау да, сөз де жоқ. Олай болса  алпауыт компанияның веб-редакторлары «жаңалығын татып көру» мен «супербатырлықты» қайдан алды?

Əрине, тікелей аударма əдісімен қазақ тіл білімінде жоқ сөздерді «ауадан жасап отыр». «Супербатыр» емес, «нағыз батыр» деп екі сөзді бөліп жазса, тілдік заңдылық та бұзылмас еді, естіген құлаққа да түрпідей тимес еді.

Осы сайттың қазақша нұсқасында тағамның құрамы мен құнарлығына қатысты ақпар орыс тілінде беріліпті. Қазақша жазуға ерінсе керек…


Фаст-фуд өнімін саудалау кеңінен таралғаны сондай, екі аттасаңыз түрлі бургерлер мен пиццалар сататын дүңгіршікке тап боласыз.

«Балалық шақтың дəмі саналатын тауық сирақтарын» талмай, жалықпай жарнамалайтын KFC компаниясы тауық қанаттарының періштенікі болмайтынын естен шығармайды. Осы ретте риторикалық сұрақ еріксіз туындайды, осы компаниялар əлемнің басқа елдерінде, мысалы, Ресейде, Түркияда, Өзбекстанда да мемлекеттік тілде сауатсыз жарнама жасай ма, ресми сайттарының мемлекеттік тілдегі нұсқасын қатемен, қалай болса, солай жасай ма?

KFC http://www.kfc-kazakhstan.kz/menu/1019: сайтында « Тауықтың сирағы — балалық шақтан ұнататын тауықтың ең дәмді бөлігі. Енді сізде KFC-ге кірудің тағы бір дәмді сылтауы:  Полковник Сандерстің «11 шөп және дәмдеуіштер» құпиялы рецепті бойынша  бірегей дәмді тауық аяқтары. Ең дәмді тауық еті  КFC-да!» деген жарнама көзге бірден түседі.

«Тауық аяқтарын» «сирақтармен» əсірелеу кімге керек болды?


Қолданыстағы «тауық аяқтары» сөзін қолдануға KFC қызметкерлері қорсынды ма екен? Қазақ тілінің сөз қолданысы бойынша жан-жануардың жүруге арналған мүшесін сирақ деп, ал адамның жүру мүшесін аяқ деп атайды. Олай болса KFC жарнама қызметкерлері адамның аяғын тауықтың сирағымен неге қойыртпақтайды?

Сауатсыздық па, мазақ ету ме? Ең сорақысы, бұл жарнамалар көшелерде бадырайтып жазылып, телеарналарда тынбай қайталанып айтылады.

Осындай жарнамашыл компанияның бірі ретінде Burger King мейрамханалар желісінің өнімдерін айтуға болады. Тез əрі тойымды тамақ өнімдерін ұсынатын бұл компанияның да ресми сайтына шолу жасап көрдік.

Өкінішке қарай, бұл компания сайттарының  орысша бетін ғана сайратып қойыпты. Ал ресми сайтының мемлекеттік тілдегі нұсқасы мүлде жоқ. Burgerking.kz сайты тек орыстілділерге арналған ба, əлде қазақтілділер бургер жемес деді ме екен, қазақ тілінде ақпарат таратуды жөн санамаған.

Hardee’s ресми сайтының мемлекеттік тілдегі парақшасы мүлде жоқ. Əлемдік сауда нарығында миллиондаған адамға қызмет көрсететін əрі сауда айналымы да осал емес осындай ірі компаниялардың қазақ тілін шетке ысыруын қалай түсінбек керек? Қазақстанда саудасын дөңгелеткен бұл компаниялар сонда бұл мемлекеттің тілін менсінбей ме, əлде өнімдерін қазақ тілінде жарнамалауға қаржысы жетпей қалды ма?

Тілді қорлау науқанына заңмен тыйым салатын уақыт жетті

Сауда айналымы миллиондарды игерген ірі компаниялардың өз ресми сайттарында мемлекеттік тілді қолданбауы, ал қолданған жағдайда мемлекеттік тілді сауатсыз жазып қорлауын қалай түсінбек керек?


Тікелей аударма мен сауатсыз сөздердің салдарынан мемлекеттік тіліміз, ана тіліміз қорлануда. Тілді қорлау науқанына заңмен тыйым салатын уақыт əлдеқашан жеткен.  Қазақ жерінде кəсібін игеріп, пайда тауып отырған осындай компаниялардың мемлекеттік тілде ақпарат таратуға енжарлық танытуына не себеп?

Мемлекеттік тілдің қолдану аясын қадағалаушы құзырлы органдар қайда қарап отыр? Мемлекеттік тілді менсінбейтін компанияларды жауапқа тартатын уақыт жетті емес пе? Еліміздегі кез келген кəсіп иесі халықтың арқасында қыруар қаржыны иеленіп отыр. Олай болса сол халықтың мемлекеттік тілін де мойындауға, қолдануға тиіс. Өйткені қарапайым халықтың арқасында миллиондап пайда тауып отырғанын ұмытпауы керек жəне сол халықтың өзін де, тілін де құрметтеуі қажет.

Асыл РАХМЕТОВА


Рекомендовать
Последние новости