Мәсімов Назарбаевты ұстап берсе, бостандық беру керек - депутат

Сағыныш Сардарова 14 июн. 2024 12:27 249080

Ұлттық қауіпсіздік комитетінің (ҰҚК) бұрынғы төрағасы Кәрім Мәсімовтен бостандыққа шығу үшін Қаңтар туралы бар шындықты айту сұралған. Бұл туралы Мәжіліс депутаты Ермұрат Бапи мәлімдеді, - деп хабарлайды Dalanews.kz.

"Мәсімов ұйымдастырушы болды деп ойламаймын. Сондықтан батыл мәлімдеме жасаса, оған жұмсақ қарауға болады. Мысалы, ол Қауіпсіздік Кеңесі төрағасының бұйрықтарын орындауға мәжбүр болса (Қаңтар оқиғасына дейін оны Нұрсұлтан Назарбаев басқарды). Кәрім Мәсімов ұзақ жыл бойы премьер-министр және Назарбаевтың сенімді адамы болды. Ол оның жеке тапсырмаларын орындап қана қоймай, тұңғыш президенттің жеке бизнесін де жүргізіп отырды. Мәсімов оның активтерін шығарумен айналысты, яғни әйгілі Қазақгейттен кейін Еуропадан шығарды, сондай-ақ, ескі Қазақстанның активтерін Оңтүстік-Шығыс Азия, Қытай, Шанхай, Гонконг, Әмірліктерге жіберумен айналысты. Мәсімов барлық транзакцияны ашып, есесіне басына бостандық сұраса, оған кешірім беру керек деп ойлаймын", – деді Мәжіліс депутаты Ермұрат Бапи.

Бапидің пікірінше, Кәрім Мәсімов Қаңтар оқиғасын ұйымдастыра алмады. Оның айтуынша, Мәсімов шын мәнінде не болғанын баяндап, басты ұйымдастырушының атын атауы керек.

"Шығарылған активтер туралы ақпаратты білу оны түрмеде ұстаудан гөрі маңызды. Оның қамауда отырғанынан халыққа ешқандай пайда жоқ", - дейді Бапи.

Ал 2023 жылы 24 сәуірде Астананың қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты ҚР Ұлттық қауіпсіздік комитетінің экс-төрағасы Кәрім Мәсімовке, Ұлттық қауіпсіздік комитеті төрағасының экс-орынбасарлары Әнуар Садықұлов, Дәулет Ерғожин, Марат Осиповке қатысты қылмыстық іс бойынша үкім шығарған болатын.

Сот істі "Аса құпия" деген белгімен қарады. Кәрім Мәсімов ҚР Қылмыстық кодексінің 175-бабының 1-бөлігі, 179-бабының 3-бөлігі, 362-бабының 4-бөлігінің 3-тармағы бойынша кінәлі деп танылып, 18 жыл бас бостандығынан айрылды. Сонымен қатар, мемлекеттік қызметте өмір бойы қызмет ете алмайтыны және мүлкі тәркіленетіні айтылды. Кәрім Мәсімов бұған қоса генерал шені мен мемлекеттік наградаларынан айырылды.

Ал оның орынбасары Дәулет Ерғожин Қылмыстық кодекстің 179-бабының 3-бөлігі, 362-бабының 4-бөлігі 3-тармағы бойынша кінәлі деп танылып, 15 жылға бас бостандығынан айырылды.

Кейін апелляциялық саты К.Мәсімовке, А. Садықұловқа және Д. Ерғожинге қатысты бірінші сатыдағы сот үкімін қауіпсіздігі ең жоғары мекемеден қауіпсіздігі орташа мекемеде жазасын өтеу бойынша өзгертті.


Рекомендовать
Последние новости