Қазақстанда қоғамдық орындарда бет-жүзді толық жабуға тыйым салатын заңның қабылдануы қоғамда қызу пікірталас тудырды. Осы ретте теолог Жандәулет Сүлейменов аталған заңның басты мақсаты діни көзқарасты шектеу емес, қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету екенін атап өтті, деп хабарлайды Dalanews.kz.
“Бұл заң барлығына ортақ қауіпсіздік шарасы ретінде қабылданды. Әрине, бет-жүзін діни себептермен жабатын адамдар да оның аясында қарастырылады. Бірақ бұл заң діни негізде қабылданған жоқ. Бірінші кезекте – қауіпсіздік мәселесі тұр”, – деді ол.
Сүлейменовтің айтуынша, заң қабылданғаннан кейін кейбір азаматтар мәселені діни тұрғыда қабылдап, қоғамда екіұдай пікір қалыптастырып жатыр.
“Діндар бола ма, дінсіз бола ма, атеист пе – бұл әр адамның жеке таңдауы. Бірақ аталған заң бет-жүзді жасыруға қатысты қабылданды. Оны дінмен байланыстыру дұрыс емес. Қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін қабылданған құжат екенін түсініп алуымыз керек”, – дейді теолог.
Ол Конституцияның 14-бабына тоқталып, дін негізінде кемсітуге жол берілмейтінін еске салды.
“Біз зайырлы, құқықтық мемлекетпіз. Бізде діни қызмет пен діни бірлестіктерге қатысты арнайы заң бар. Қандай да бір шектеу енгізілу үшін міндетті түрде сот шешімі немесе нақты заң қажет. Ал басқа айтылып жатқан дүниелер – жекелеген азаматтардың жеке көзқарасы ғана”, – деді Сүлейменов.
Сондай-ақ теолог Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының (ҚМДБ) бұл мәселеге қатысты ұстанымын да атап өтті.
“ҚМДБ бұл заңның біздің дәстүрімізге қайшы екенін, Ханафи мәзһабында бетті жабу міндетті амал болып саналмайтынын айтты. Біз бұл пікірді мүфтияттың көзқарасы ретінде қабылдаймыз”, – деді ол.
Сүлейменовтің айтуынша, бет-жүзді жабуға тыйым Қазақстанда ғана емес, көрші Өзбекстан мен Қырғызстанда да заңмен бекітілген.
“Мұндай шектеу діни себептен емес, қауіпсіздік мақсатында енгізіліп отыр. Өйткені кейбір азаматтар бетін бүркеп, қылмыстық әрекетке – мысалы, үй тонауға баруы мүмкін. Бұған дейін діни экстремизмге қатысы болған оқиғалар да бар. Сондықтан бұл заң жалпы қылмыстың алдын алуға бағытталған”, – деді ол.
Теологтың пікірінше, қоғамда дұрыс түсінік қалыптастыру үшін жаңа заңды құқықтық тұрғыдан кеңірек түсіндірілгені жөн.
Бұған дейін...
Айта кетейік, бұған дейін Президент Қасым-Жомарт Тоқаев адамның жүзін жасыратын киімдерге қатысты мәселені реттейтін заңға қол қойған еді. Мұндай киімдерді киюге енді ресми түрде тыйым салынады.
Тыйым салу нормасы "Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне құқық қорғау қызметін, құқық қорғау және арнайы мемлекеттік органдар, азаматтық қорғау органдары мен әскери қызметшілердің тұрғын үймен қамтамасыз етілуі мен әлеуметтік қорғалуын жетілдіру, сондай-ақ ішкі істер органдары қызметіндегі артық заңнамалық реттеуді алып тастау мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" заңға енгізілді.
Заң мәтінінде былай делінген:
"Қазақстан Республикасының заңдарында, қызметтік (лауазымдық, еңбек) міндеттерде, медициналық мақсатта, азаматтық қорғау кезінде, ауа райының ерекшеліктеріне байланысты, сондай-ақ спорттық, спорттық-бұқаралық және мәдени-бұқаралық іс-шараларға тікелей қатысатын тұлғалардан басқа жағдайларды қоспағанда, қоғамдық орындарда адамның бет-жүзін тануға кедергі келтіретін киім-кешек киюге тыйым салынады".
Депутаттар пікірі
Еске салайық, маусым айының басында Сенат қоғамдық орындарда адамның түр-сипатын тануға кедергі келтіретін киімді киюге тыйым салуды қарастыратын түзетуді ұсынды.
"Мәселе хиджабта емес. Мәселе – исламдағы деструктивті ағымдардың Қазақстандағы ұлттық дәстүрлерге зиян келтіріп жатқанында. Егер біз зайырлы мемлекет ретінде дамығымыз келсе, сыртқы идеология мен діни ықпалдың жетегінде болмауымыз керек. Негізгі түйткіл – осында. Біздің болашағымыз – өз ұлттық дәстүрлерімізде", – деді Ермұрат Бапи Мәжіліс кулуарында тілшілерге.
Сонымен қатар Бапи Парламент дінге және басқа ағымдарға қатысты мәселені қолға алатын заң жобасын енгізуді жоспарлап отыр деген еді.
“Құжатта мектепке діни киіммен келу де бар. Оған толық тыйым салынады. Қоғамдық орында бетті жауып тұратын діни киім киюге тыйым салу да бар. Жаза ретінде ескерту жасалып, айыппұл салу да қарастырылады”, – деді Бапи.
Ал Мәжіліс депутаты Елнұр Бейсенбаев елімізде орануға тыйым салатын заң жобасы жоқ екенін атап өткен еді.
Депутаттың сөзінше, Қазақстанда діни-наным сенімге толығымен еркіндік берілген.
“Ермұрат Сейтқазыұлы Бапидің ол жеке пікірі ғой. Хиджаб, никабқа қатысты мәселе бізді қарастырылып жатқан жоқ. Одан да басқа маңызды мәселе бар ғой”, - деді Елнұр Бейсенбаев.