Әзербайжан Ресей елшісін шақыртып, ресми наразылық білдірді

Көркем Алдабергенова 03 июл. 2025 09:34

2 шілдеде Әзербайжан Республикасының Сыртқы істер министрлігі Ресей Федерациясының Бакудегі төтенше және өкілетті елшісі Михаил Евдокимовті министрлікке шақырып, ресми наразылық нотасын табыстады. Әзербайжан тарапы Ресейдің екіжақты қарым-қатынасқа кері әсер еткен әрекеттерін сынға алды. Бұл туралы ақпарат елдің СІМ ресми сайтында пайда болды, деп хабарлайды Dalanews.kz.

Кездесу барысында министр орынбасары Араз Әзімов 27 маусымда Екатеринбург қаласында әзербайжандықтардың үйлеріне жүргізілген рейдке байланысты терең алаңдаушылық білдірді. Бұл операция кезінде екі азамат қаза тауып, бірнешеуі ауыр жарақат алған. Әзербайжан тарапы қаза тапқандардың денесіндегі зорлық белгілері мен медициналық сараптама қорытындысы Ресей тарапы таратқан ресми ақпаратпен сәйкес келмейтінін атап өтті. Сонымен қатар, ресейлік БАҚ-тағы этникалық негіздегі жағымсыз риторика мен әзербайжан азаматтарына «этностық қылмыстық топ» деп айдар тағу әрекеттері қатаң сынға алынды.

Баку Мәскеуден бұл оқиғаға байланысты толық әрі әділ тергеу жүргізіп, кінәлілерді жауапқа тартуды, сондай-ақ зардап шеккендерге өтемақы төлеуді талап етті. Әзербайжан тарапы бұл ұстанымды Ресейдің ішкі ісіне араласу ретінде бағалау орынсыз екенін алға тартты.

Сондай-ақ, кездесуде «Sputnik-Әзербайжан» агенттігіне қатысты жүргізілген шараларға байланысты Ресей тарапынан айтылған сын-ескертпелерге де жауап берілді. Әзербайжан бұл шаралардың ел заңнамасына сай жүргізілгенін және қазіргі таңда тергеу амалдары жалғасып жатқанын мәлімдеді. Мәскеудің наразылығы негізсіз деп танылды.

Бакудің айтуынша, былтырғы жылдың соңында Әзербайжанға тиесілі ұшақтың Ресей әуе кеңістігінде оққа ұшу фактісінен кейін тиісті шаралардың қабылданбауы, сондай-ақ ресейлік ақпарат құралдары мен кейбір ресми тұлғалардың Әзербайжанға қарсы жалған ақпарат таратуы да екіжақты қатынасқа кері әсер етіп отыр.

Әзербайжан тарапы Ресейден бұл оқиға бойынша ашық тергеу жүргізуді, кінәлілерді жауапқа тартуды және келтірілген зиянды өтеуді күтетінін мәлімдеді. Бұл қадамдар екіжақты қатынастағы шиеленісті жою үшін маңызды деп санайды.

Кездесу барысында соңғы 4-5 айда Ресейдің қоғамдық-саяси қайраткерлері мен медиасы тарапынан Әзербайжанның егемендігі мен аумақтық тұтастығына қарсы мәлімдемелер жиілегені және бұл факторлар екі ел арасындағы қарым-қатынасты ушықтыра түскені айтылды.

Әзербайжан тарапы Ресейдің соңғы әрекеттері достық пен өзара құрметке негізделген қатынасқа сай келмейтінін және бұл жағдай қосымша шиеленіске себеп болғанын ресми түрде жеткізді. Баку Мәскеуді екі ел арасындағы шиеленісті азайту мақсатында нақты әрі тиімді шаралар қабылдауға шақырды.


Рекомендовать
Последние новости