Заң мен тәртіп: Алматыдағы құқық қорғау органдары кибералаяқтармен күресті күшейтті

Жарбол Кентұлы 26 июн. 2025 14:37

Алматыда құқық қорғау органдары киберқылмысқа қарсы күресті күшейтіп келеді. Соңғы уақытта интернет алаяқтарының әрекеті тек смартфон емес, қарапайым стационарлық телефон арқылы да жүзеге аса бастаған. Экономикалық тергеп-тексеру департаментінің мәліметі бойынша, 2024 жылдың алғашқы алты айында мегаполисте 12 қылмыстық іс тіркеліп, келтірілген шығын 3 миллиард теңгеге жеткен. Бұл – бұрынғы жылдармен салыстырғанда бірнеше есе жоғары көрсеткіш.

Осыған байланысты Алматыда арнайы мобильдік топтар құрылып, тұрғындармен бетпе-бет кездесу форматында түсіндіру шаралары қолға алынған. Мұндай кезекті шара Әуезов ауданында өтті. «Заң мен тәртіп» тұжырымдамасы аясында ұйымдастырылған жиын барысында 40-тан астам қала тұрғыны құзырлы орган өкілдеріне өз сұрақтарын қойып, нақты жауап алуға мүмкіндік алды.

Экономикалық тергеп-тексеру департаментінің өкілі Жақсылық Мырзаханның айтуынша, алаяқтар қазір үй телефондарына да қоңырау шалып, әртүрлі сылтаумен азаматтардың жеке мәліметтерін алуға тырысады. Біреулерге «банк шотыңыз бұғатталды» десе, енді біреулерге «жеке куәлігіңіз жарамсыз» деген сияқты жалған ақпарат беріп, ақша аударуға итермелейтін болған. Бұл тәсіл әсіресе егде жастағы адамдар үшін үлкен қауіп тудырып отыр.

Әуезов ауданы прокуратурасының прокуроры Ислам Тасболатұлының айтуынша, аудан аумағында құрылған мобильдік топ құрамында прокуратурамен қатар полиция басқармасы, әкімдік, қаржылық мониторинг және сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет мамандары бірлесіп жұмыс істеуде. Мұндағы басты мақсат – тұрғындармен ашық диалог орнатып, құқықтық сауаттылықты арттыру.

Осындай іс-шаралар кезінде тұрғындар жеке құқықтық мәселелеріне байланысты да кеңес алып жатады. Мысалы, қала тұрғыны Аяужан Алтайханова полиция басқармасынан тиісті құқықтық кеңес алып, нақты ақпарат алғанын айтты.

Қоғамдық тәртіп пен азаматтардың қауіпсіздігі тек жазалау арқылы емес, алдын алу мен түсіндіру жұмыстарын үйлестіре жүргізу арқылы қамтамасыз етілетіні анық. Сондықтан құқық қорғау органдары кибералаяқтықпен күресте құқықтық мәдениетті қалыптастыруға баса назар аударып отыр.


Рекомендовать
Последние новости