Марқұм Шерзаттың отбасына қоқан-лоқы көрсеткендерге қатысты қылмыстық іс қозғалған

Қаракөз Амантай 15 окт. 2024 17:43 4326

Ішкі істер министрінің бірінші орынбасары Бауыржан Әленов 16 жастағы Шерзаттың әкесі мен жақындарына қоқан-лоқы көрсеткендерге қатысты қылмыстық іс қозғалғанын мәлімдеді, деп хабарлайды Dalanews.kz.

“Бұл дерек бойынша қылмыстық іс қозғалды. Тергеу әділ түрде жүргізіледі”, – деп уәде берді Әленов.

Оның айтуынша, Ішкі істер министрлігінің өкілдері қоқан-лоқы фактісі бойынша жәбірленуші тараппен сөйлескен. Бүгін жауап алу жоспарланған. Жауап алу барысында Шерзаттың әкесі Қаржаубайға кімнің қоқан-лоқы көрсеткені анықталатыны айтылды.

Еске салайық, бұған дейін марқұм Шерзаттың әкесі Қаржаубай Нұрымов өзіне әлдекімдердің бірнеше рет қоқан-лоқы көрсеткенін мәлімдеп, үндеу жасаған еді.

“Мені бір емес, бірнеше рет қорқытты. Алып кетулер болды. Телефонмен де. “Заңгерміз, адвокатпыз, бірге оқып едік” деп келіп, алдап, мені далаға шақырып алып, қорқытулар болғаны рас”, - деді марқұмның әкесі.

Осы тұста ол ашық сотты талап ететінін жеткізді. 

“Халқымнан сұрайтыным – еш қан төгілмесін. Ашық сот болуын талап етем. Ашық сот болса, оң шешім болады. Еш арандатуға түспеңіздерші. Аналар жыламасын, балалардың қаны төгілмесін. Бауырларым, жігіттер, арандамайықшы, алданып қалмайық. Жоғарыдағы ағалар да заң аясында қолға алып жатыр. Ертең Астанадан, ІІМ-нен адам келеді деп айтылды. Сол айтарым. Балам өлді. Енді мен басқа балалардың болашағы жақсы болсын деп тілеймін. Ниетім де, арманым да осы”, - деді ол.


Рекомендовать
Последние новости