Марат Жыланбаев тағы аштық жариялады

Қаракөз Амантай 21 нояб. 2024 09:51 196

Түрмеде отырған марафоншы, қоғам белсендісі Марат Жыланбаев тағы аштық жариялады. Бұл туралы оның адвокаты мәлімдеді, деп хабарлайды Dalanews.kz.

Марат Жыланбаев пен адвокаты Мейіржан Досқараев 18 қарашада кездескен. Адвокаттың айтуынша, марафоншы соттың өзіне қатысты шыққан шешіміне наразылық білдіріп, 13 қарашада мерзімсіз аштық акциясын бастаған. Сонымен қатар Жыланбаев түрмедегі санитарлық жағдайдың нашарлығын, тамақтың дұрыс берілмейтінін және адвокаты мен достарына қоңырау шалуға мүмкіндік берілмейтінін атап өткен. 

Ақмола облысы бойынша қылмыстық атқару жүйесі департаменті №4 мекемесі бұл жағдайға түсінік бермеді. 

Еске салайық, 2023 жылы жабық соттың нәтижесінде 7 жыл түрмеге кесілген танымал марафоншы Марат Жыланбаевтың аты-жөні "экстремизм мен терроризмді қаржыландыруға қатысы бар" тұлғалардың тізімінде пайда болған еді.

Тізім Қазақстан қаржы мониторинг агенттігінің сайтында жарияланды. Жыланбаев тізімге 8 сәуірде енгізілген.

Бұған қатысты пікір білдірген Марат Жыланбаевтың адвокаты Мейіржан Досқараев совет кезін еске алды.

"Совет кезінде құқықтан айыратын баптар болды, дәл қазір сондай нәрсе жүріп жатыр" деді адвокат Азаттыққа берген сұқбатында.

"Бұл заңсыз. Мұны реттейтін заңдар бар. Олар Конституцияға қайшы деп ойлаймын. Себебі адам өмір сүруі керек, нәпақа таба алуы керек, қандай да бір әрекет жасай алуы керек. Ал жеке сәйкестендіру нөмірі шектелген адам не істей алады? Тіпті шетел азаматтары көбірек құқыққа ие" деді ол.

Халықаралық құқық қорғау ұйымдары, арасында Amnesty International және Human Rights Watch та бар, Қазақстан билігін Марат Жыланбаевты босатуға үндеген.

"Белсенді, танымал марафоншы Марат Жыланбаев бейбіт әрекеті мен саяси ұстанымы үшін жеті жылға бас бостандығынан айырылды" деді Amnesty International желтоқсандағы мәлімдемесінде.

60 жастағы Марат Жыланбаев кейінгі жылдары билікті сынап, бейбіт наразылық акцияларына қатысқан.

Қаңтар айында Марат Жыланбаев Степногорск түрмесіне ауыстырылған. Оның қамауда отырғанына 11 айдан асты, оның көбін тергеу изоляторда өткізген. Ол былтыр көктемде саяси тұтқындарды қолдап, бейбіт акциясын өткізгеннен кейін 20 тәулікке қамалды, ізінше мамырда тергеу изоляторына ауыстырылған.


Рекомендовать
Последние новости