Мақтааралдың әкімі чемпионға құрмет көрсетті

Dalanews 25 окт. 2018 12:07 1001

Бүгін Мақтаарал аудан әкімі Бақыт Асанов Түркия мемлекетінің Анталия қаласында өткен әлем чемпионатында қол күрестен әлемнің чемпионы атанған аудан тұрғыны Насыр Махамбетовты қабылдады.

– Түркия елінде, Анталияның төрінде қазақтың әнұраны шырқалып, еліміздің көк туын желбіреткенің үшін аудан әкімдігі атынан алғысымды білдіремін. Әрқашан еліңнің мақтанышы бола бер! – деді Бақыт Нәсірханұлы.

Аудан басшысы спортшыға өз атынан арнайы сыйлық беріп, алғыс хатын табыстады. Марапаттау рәсіміне жиналған аудан активі чемпионға құрмет білдіріп, қошеметтерін көрсетті.

Махамбетов Насыр Ахметұлы 1985 жылы ОҚО, Мақтаарал ауданы, Достық ауылдық округінде туылған. 2005 жылдан бері спорттың қол күрес түрімен шұғылданып келеді. Сол жылы Өзбекстан Республикасының Ташкент қаласында өткен халықаралық жарыста бірінші орынды иеленді.

2006 жылы Тәжікстан мемлекетінде, 2007 жылы Қырғызстанда өткен Орта Азия чемпионатында және Болгария мемлекетінде өткен әлем чемпионатында жүлделі орындардан көрінген.

2009 жылы Алматы қаласында өткен Орта Азия чемпионатында үшінші орынды жеңіп алған. Ал, 2011 жылы дәл осы ару Алматыда өткен әлем чемпионатында үшінші орыннан көрінді. 2016 жылы Өзбекстанда өткен жарысқа қатысып бас жүлдені жеңген. Сондай-ақ, 2017 жылы Қырғызстанның Бішкек қаласында өткен Орта Азия мемлекеттері арасындағы жарыста бірінші орынды иеленген.

Насыр Махамбетов жақында ғана Түркия мемлекетінің Анталия қаласында өткен әлем чемпионатына қатысып, әлем чемпионы атанды. Бұл жарысқа әлемнің 56 мемлекеті қатысқан болатын.

 

Мақтаарал ауданы әкімінің баспасөз қызметі

 

Рекомендовать
Последние новости