Мақтааралда «Нұрлы жол» кітабының тұсаукесері өтті

Dalanews 02 нояб. 2018 15:32 1116

Бүгін Мырзашөл өңіріне ерекше еңбегі сіңген, іріленген Мақтаарал ауданының дамуына үлкен үлес қосқан тұлға, ауданымыздың құрметті азаматы Омарбек Нұржановқа арналған «Нұрлы жол» кітабының тұсауы кесілді. Ғалым, жазушы, қоғам қайраткері Мырзагелді Кемел мен журналист Жолбарыс Тілеуұлының еңбегі – Мақтаарал ауданының 90 жылдық мерейтойына тамаша тарту болды.

Елбасымыз Н.Ә.Назарбаев «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласында «Әрбір өлкенің ел есінде сақталған біртуар перзенттері бар. Оның бәрін жас ұрпақ біліп өсуге тиіс» - деген болатын. Міне, Мақтаарал ауданының осындай біртуар перзенті О.Нұржанов туралы жазылған кітаптың тұсаукесеріне аудан әкімі арнайы қатысып, сөз сөйледі.

«Кітап дегеніміз – алдыңғы ұрпақтың артқы ұрпаққа қалдырған рухани өсиеті», - деген екен көрнекті жазушы Ғабит Мүсірепов. Міне, бүгін барлық әкімдердің жұмыс үстелінде тұруы тиіс тамаша кітап жарыққа шықты. Сіз бұл кітапты парақтай отырып бақыт пен жетістіктің барлығы еңбекпен келетінін түсінесіз. Кітапта Омарбек ағамыздың еңбек жылдарындағы тәжірибелері мен өміріндегі шешуші сәттер тамаша жазылған. Әсіресе, ол кісінің аудан әкімі болып еңбек еткен кездеріндегі оқиғалар маған ерекше әсер етті. Көшбасшылық – Алланның адамға берген сыйы. Омарбек ағамыздың бойында бұл қасиет бала кезінен бар. Өзіне тапсырылған міндетті жауапкершілікпен және соңына дейін орындаудың арқасында үлкен жетістіктерге жетті. Сондай-ақ, ол кісінің адамдармен тіл табысуы, аудиторияны баурап алуы – көптеген әкімдерде кездесе бермейтін ерекше қабілет. Сондықтан болар, бүгінгі ел басқарып жүрген көптеген азаматтар Омекеңді өзіне ұстаз санайды. Соның бірі – менмін!» - деді Бақыт Нәсірханұлы.

Жиында ауданымыздың құрметті азаматы Қ.Хаметов, кітап авторының бірі Ж.Тілеуұлы, ауданымыздың депутаты И.Үмбетаев сияқты О.Нұржановпен замандас, қызметтес болған азаматтар сөз сөйлеп, естеліктерімен бөлісті. Сондай-ақ, аудан әкімі 70 жасқа толып отырған О.Нұржановтың үстіне шапан жапты.

Айта кетейік, еңбек жолын Мақталы кәсіптік-техникалық училищесінде мұғалім болып бастаған О.Нұржанов түрлі жылдары партия комитетінде жұмыс атқарды. Тәуелсіздік жылдары бірнеше савхоздың директоры болды. 1997 жылдан бастап іріленген Мақтаарал ауданының әкімі, 1999 жылы іріленген Сарыағаш ауданының әкімі қызметтерін абыроймен атқарды. Осылайша 2002 жылы қайтадан Мақтаарал ауданының әкімі болып, мақталы өлкені 6 жыл басқарды. Осы жылдары Мырзашөл өңірі гүлденіп, дамудың даңғыл жолына түскені белгілі.

Елге қызмет етуді өзіне міндет санайтын тұлға одан кейін де қарап  қалмады. Қазақстан Республикасының Өзбекстандағы елшілігінің хатшысы, Мақтаарал аудандық мәслихатының депутаты, мәслихаттың хатшысы лауазымдары бойынша еңбек етті.

 

 

Мақтаарал ауданы әкімінің баспасөз қызметі

 

 

Рекомендовать
Последние новости