Мақтааралда мал бордақылау алаңдарының саны 80-нен асты

Dalanews 21 сент. 2018 15:23 1163

Мақтаарал ауданында жайылым жер жоқтың қасы. Сондықтан, мұнда малды көбейткеннен көрі бордақылаған өте тиімді.

Қазірдің өзінде ауданда 80-нен аса мал бордақылау алаңдары жұмыс істеп жатқаны белгілі болды. Бұл туралы аудандағы мал бордақылау алаңдарының жұмыс барысымен танысқан аудан әкімі Бақыт Асанов мәлімдеді.

Ең алдымен өңір басшысы «Исрайлов» шаруа қожалығына атбасын бұрып, 20-ға жуық бұқаны бордақылап жатқан Исрайлов Тәңірбергеннің жұмысымен танысты. Мұндағы мал бордақылау алаңы 50 бас малға арналған. «Ырыс» қаржы ұйымынан несие алу үшін құжаттар тапсырған Тәңірберген бордақыланатын мал санын көбейтпекші. Сондай-ақ, өндірген етті экспортқа дейін шығаруды көздеп отыр.

Қожалық басшысы жем-шөптің қымбаттылығын алға тартып қазіргі таңда Өскемен қаласында өндірілетін комбикормды пайдалануда екен. Құрамында 21 түрлі қоспасы бар мал өнімінің 1 тостағы 1 ірі қараны күні бойы тойдыра алады. Бидай, кебек, күнбағыс, антиоксидант, фермент, премикс сияқты т.б. қоспасы бар, тіпті балықтың майына дейін қосылған комбикормның бағасы шаруаға қолайлы болуда.

– Жеп-шөп пен комбикормға кететін шығындарды есептеп шықтым. Комбикормды пайдалану арқылы 2 есе қаржым үнемделді. Сондықтан, мал бордақылайтын барлық әріптестеріме жаңа технологияға көшуді ұсынамын,  – деді Т.Исрайлов.

Мұнан соң аудан басшысы «Темірболат»шаруа қожалығына  аялдады. Қожалықтың басшысы Темірболатов Рүстем 50 бас бұқаны бордақылауда. Негізінен өндірген етін ішкі нарыққа сатады. Ірі қараның ерекше тұқымын 3 ай бойы бордақылап, әрбір мал басынан орташа 300-350 келі ет өндіруде.

Рүстем Темірболатовтың 4 гектар жері бар. Қауын өсіріп, өнімін шетелге экспорттаған ол қалдықсыз өнім шығару үшін мал бордақылау алаңын ашқан. Атап айтқанда, экспортқа жарамсыз, сұрыптаудан өтпеген қауындарды кебекпен араластырып, малдарын жеммен қамтамасыз етіп отыр. Сондай-ақ, ол бұл кәсіппен бірнеше ауылдастары айналысып жатқанын атап өтті.

Аудан әкімі Б.Асановтың соңғы танысқан жобасы – «Саттар» шаруа қожалығы. 100 бас малға арналған бордақылау алаңы жаңадан салынған. Тіпті, алаң желдеткішке дейін жабдықталып, бордақыланып жатқан малдардың артық қимыл жасмауы үшін бар жағдай жасалған. Қожалықтың төрағасы Саттаров Ұзақбай  қазірдің өзінде  60 бас ірі қараны бордақылауда.

Айта кетейік, жалпы Мақтаарал ауданында жыл басынан бері 4000 тонна ет өндірілген. Ал, оның 600 тоннасы мал бордақылау алаңдарына тиесілі. Бүгінгі таңда мақтааралдықтар 43848 ірі қара, 53225 ұсақ мал, 6558 жылқы, 411 түйе, 486 шошқа, 67757 құсты бағып отыр.

 

Мақтаарал ауданы әкімінің баспасөз қызметі

Рекомендовать
Последние новости