Мақтаарал ауданында коллекторлар жүйесін тазалау жұмыстары қарқын алды

Dalanews 04 апр. 2017 03:43 933

Оңтүстік Қазақстан облысына арнайы іс-сапармен келген еліміздің Су ресурстары комитетінің төрағасы Ислам Әбішев  Мақтаарал ауданындағы   коллекторлар жүйесін тазалау жұмыстарының барысымен танысты. Биыл осы мақсатқа  республикалық бюджеттен  740 миллион теңге бөлініп отыр.  Қазір мұндағы құрылыс жұмыстарына жалпы саны 38 техника жұмылдырылып, күніне 300 метр  коллектор тазалануда.

Еске салсақ, аймақ басшысы  Жансейіт Түймебаев  Мақтаарал ауданына жасаған сапарында иесіз қалған су арналарын мемлекет меншігіне яғни, «Қазсушар» мекемесінің құзырына беруді, оны тазалау, реттеу жұмыстарын жүргізуді тапсырған болатын.

Осыған орай, бүгінде  облыстық Табиғи ресурстар және табиғатты пайдалануды реттеу  басқармасы Мақтаарал ауданында жалпы ұзындығы 103 шақырым болатын 51 коллекторды тазалау жұмыстарын бастап жіберді.  Тазалау жұмыстары алдағы  бір айдың ішінде аяқталуы тиіс.

Жалпы, Мақтаарал ауданында колекторлық жүйелердің ұзындығы 700 шақырымды құрайды. Соның 400 шақырымы 15-20 жылдан бері тазаланбай, қамыс басып кеткен болатын. Ағын су жіберу қабілеттелігінен айырылған коллекторлар  толығымен тазаланса, өңірде ағын су тапшылығы едәуір азаяды деп отыр мамандар.

Сондай-ақ, коллекторлар жүйесін тазартумен қатар, онда  ағатын суды таза сумен араластырып, насостар арқылы қайта пайдалану қарастырылуда.  Ол үшін 30 насос сатып алынған. Тік дренаждардан  ағатын судың құрамын анықтап, оларды қайта пайдалану – бұл жазғы судан жыл сайын тапшылық көретін мақтааралдықтар үшін тиімді болмақ.

Ал экскаваторларға қиындық туғызатын үлкен коллекторлар жүйесін тазалау үшін «Ватер-мастер» деп аталатын техниканы Қарағанды облысындағы Қ.Сәтбаев каналын қазып жатқан жерінен арнайы алдыртыпты. Техниканың тиімділігі сол – 4-5 экскаватордың жұмысын  бір өзі атқара алады.

«Бұл техниканың мастерлері де - қарағандылықтар. Осының арқасында күніне 300 метрдей жер тазаланып жатыр. Біздің мақсатымыз – 2017 жылы Мақтаарал ауданындағы барлық коллекторлар жүйесін тазалап шығу», – дейді ҚР Су ресуртары комитетінің төрағасы Ислам Әбішев.

Айта кетейік, ауданда 300-ге жуық тік дренаж Қазсушардың балансында болса, бүгінде соның 260-ы жұмыс істеп тұр. 40 шақтысы биыл қайта жөндеуден өтіп, іске қосылмақ.  Сондай-ақ, 212 тік дренаж Ислам даму банкі арқылы жөндеуден өткізіліп,  ПУИД-2 жобасы бойынша 149 тік дренаж жұмысын бастамақ.

Сондай-ақ, биыл өңіріміздегі  37 шақырымдық 12 су нысандарына облыстық бюджеттен 1 млрд. теңге қаржы қаралып отыр.  Европа Қайта Құру және Даму Банкінің қаржыландыруымен Шардара ауданындағы Жаушықұм алқабын суландыру ісі де  қолға алынуда.  Жоба толығымен іске асса, Шардара ауданында қосымша 10 мың гектар суармалы жерді айналымға қосуға мүмкіндік туады.

Жоғарыдағы аталған жұмыстар аяқталса,  облысымыздағы  3005 гектар  суармалы жердің жағдайы едәуір жақсара түсетін болады.  Одан бөлек,  1000 гектар суармалы жер жаңадан айналымға қосылмақ.

 

ОҚО әкімінің баспасөз қызметі

Рекомендовать
Последние новости