Мақпалды тойға шақырған байлар ақысын бермей, алдап кетіпті

Dalanews 20 сент. 2016 08:43 932

Мақпал Жүнісова өзін көрсетпейтін телеарналардың атын атап, өте бай адамдардың тойға шақырып, ақысын бермей, «лақтырып» кеткенін де айтты. Бұл туралы қазақтың ерке қызы КТК телеарнасының «Наша правда» бағдарламасына қонақ болып келгенде мәлім етті.

«Все в шоколаде» тақырыбындағы бағдарлама әнші Сиви Махмуди туралы болды. Ал Мақпал Жүнісова Сивидің қызы Салидаттың кіндік шешесі екен.

– Мен Сивидің шығармашылығымен таныс емес екенмін. Өйткені теледидар көрмеймін ғой. Үнемі гастролде, тойда жүремін.

Мені де теледидардан көрсете бермейді. Сіздер 2 жыл бұрын көрсеткендеріңіз болмаса, «Хабар» шақырмайды, «Қазақстан» да көрсетпейді.

МuzZone көрсетті, онда да 5 мың доллар төледім ғой, – деп әнші Мақпал Жүнісова әңгімені бір қайырды.

Негізінен, әу баста, Мақпал Жүнісова бұл отбасыға Сивидің әкесі Махмуди арқылы жақындасқан екен.

– Кейіннен Сивимен жақыннан араласа бастадым. Онда да алғашында әкесімен таныс болдым. Ол кісі қазақ эстрада жұлдыздарына өте көп көмектеседі. Материалдық және рухани жағынан да. Барлық концерттеріне шақырады. Әрине, жақсы төлейді. Анда-мында жүреміз. Жолымызға, тамағымызға дейін төлейді. Біз еңбегімізді лайықты деңгейде бағалаған адамдарды жақсы көреміз.

Мысал үшін біреулер бәрін үйіп-төгеміз деп тойға шақырады. Содан соң барыңды салып тырысып, үлде мен бүлдеге оранып, тойға келесің. Кезегіңді күтіп, әніңді саласың, сол тойға келгеннің барлығымен дерлік суретке түсіп, автограф бересің.

Қойшы, алатын ақыңды ақтайтындай етіп, әбден ақ тер көк тер боласың. Ал одан кейін, ақшаңды бермей қояды…

Әңгіме осы араға келгенде бағдарлама жүргізушісі Александр Шахматов таң қалысын жасыра алмады:

– Сізге, Мақпал Жүнісоваға ақша төлемей қоя ма?..

– Иә, бір емес, мұндай бірнеше рет болған. Онда да өте бай адамдар.

– Аты-жөндерін айтып, ұялтайық та ондайларды…

– Жоқ. Олай еткім келмейді. Жалпы, қазір қорқатын болдық. Сондықтан ұят та болсын, алдын ала ақысын төле деп сұрап аламыз (күледі)…

 

Дереккөзі: kaz.365info.kz

Рекомендовать
Последние новости