Маңғыстауда балық шаруашылығымен айналысатын кәсіпорындарға қолдау күшейтілді

Dalanews 21 нояб. 2022 09:37 1173

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Маңғыстауға жасаған жұмыс сапары барысында балықты өсіру және өндіру бойынша қолайлы жағдай жасауды тапсырған болатын, – деп хабарлайды Dalanews.kz Маңғыстау облысы оғамдық коммуникация орталығына сілтеме жасап.

Президент жергілікті билікке балық шаруашылығымен айналысатын бизнес түрлеріне қолдау білдіріп, жер телімдерін беріп, балық өнімдерін, Қазақстанға ғана емес, шетелдерге экспортқа жіберу үшін оңтайлы жағдай жасау керек екенін айтты.

Президенттің берген тапсырмасы аясында өңірде балық шаруашылығымен айналысатын бірнеше кәсіпорын ашылып, жергілікті әкімдіктен қолдау тауып, көмек алған.

Солардың бірі, «Industrial Fish Plant» ЖШС. Кәсіпорын жергілікті атқарушы органға арнайы зерттеу жұмыстарын жүргізуге жер телімін сұрап өтініш білдірген. Нәтижесінде мекемеге жалпы көлемі 1200 гектар болатын «Тоқмақ», «Жыланды», «Ракушечный мыс» жерінен үш жер телімі үш жылға зерттеуге берілді.

Жергілікті әкімдіктен қолдау тапқан кәсіпорынның бірі «CaspyAltynBalyk» ЖШС. Аталған өндіріс орны бекіре тұқымдас балық түрлерін өсіру мақсатында Форт-Шевченко қаласында 0,15 гектар жер телімін алған. Қазір аталған аймақта, құрылыс қарқынды жүріп жатыр. Болашақта кәсіпорын жер көлемін ұлғайтуды көздейді.


Сондай-ақ, «Каспий Алтын балық» ЖШС-не балықты өңдеу және қабылдау мақсатында Түпқараған ауданында 0,10 гектар жер учаскесі берілген.

Ал «Caspian Kuryk Balik» ЖШС-не балық және шаян тәрізділерді өсіру үшін Қарақия ауданынан 0,10 га жер учаскесі берілген.

Ақтау қаласында жұмыс істейтін «NATALI COMPANY» ЖШС 2022 жылы 22 тонна балық өнімін өндірген. Оның 7 тоннасын Батыс Қазақстан облысына экспорттаған. Компания алдағы уақытта мұнымен тоқтап қалмай, өндіріс көлемін ұлғайтуды жоспарлап отыр. Ал әкімдік өз кезегінде тиісті көмек көрсететін болады.

Өңірде жеке кәсіпкерлерде балық шаруашылығын дамытуға ден қоюда. Оның бір мысалы, Құрық ауылының тұрғыны - Қуаныш Сейітов. Ол балық шаруашылығын дамытумен айналысып жүр. Қазіргі таңда балық шаруашылығын жүргізу үшін кәсіпкерге Қарақия ауданынан 10 га жер учаскесі берілген.

Балық шаруашылығының дамуы еліміздің экономикасына да оң әсерін тигізуде. Мәселен, «Ақтау балық компаниясы» ЖШС жергілікті және халықаралық нарыққа өнімдерін шығарып жүр. Компания табиғи таза өнімдерін нарықтық бағадан 20% төмен бағада сату үшін, Ақтау қаласында дүкендерін ашуды жоспарлаған. Қазіргі таңда дүкендердің құжаты жасақталып жатыр.

Сондай-ақ, 2022 жылы «Kazakh osseter» ЖШС ғылыми-өндірістік кәсіпорны 10 000 келі балық өнімін  Ресей және Әзірбайжан елдеріне экспортқа шығарған.

Айта кетейік, қазір Маңғыстау облысында балық шаруашылығын дамыту жоспары жүзеге асуда. Оның аясында өңірдегі балық өнеркәсібі 2030 жылға дейін бірнеше есе ұлғайып, өсірілетін балық көлемі 100 000 тоннаға жеткізіледі.


2022 жылы өңірде 37 тонна балық өсіру жоспарланған болса, соңғы деректер бойынша, «Kazakh osseter» ЖШС,  «Каспиан Ривьера» ЖШС және «NATALI COMPANY» ЖШС – жыл басынан бері 38,5 тонна бекіре мен тауарлық балық өсірген.

Ал келесі жылы 73 тонна балық өсіру жоспарлануда. Бұл дегеніміз балық шаруашылығын дамыту жоспарының қарқынды жүзеге асып жатқанын білдіреді.

 

Рекомендовать
Последние новости