19 маусым күні Қарақия ауданындағы Болашақ шекаралық теміржол станциясы маңынан ұшқышсыз басқарылатын аппарат табылды. Ақпаратты алғашқылардың бірі болып куәгерлер жеткізген, деп хабарлайды Dalanews.kz.
Табылған нысан туралы тиісті мекемелерге дереу хабар берілген. Оқиға орнына жедел түрде құқық қорғау органдары мен төтенше жағдайлар қызметінің өкілдері барып, тексеру жүргізуде.
Маңғыстау облыстық полиция департаментінің мәліметінше, дрон елді мекендерден алыс, шөлді аумақта анықталған. Құқық қорғау органдары қазіргі таңда нақты мән-жайларды анықтап жатыр.
"Анықталған құрылғыдан ешбір зиян келмеген. Оқиғаның мән-жайын анықтау жұмыстары жалғасуда", - деп мәлімдеді полиция.
Ашық дереккөздерге сүйенсек, бұл құрылғы – ұшқышсыз басқарылатын аппарат (дрон) болуы мүмкін.