Маңғыстау облысында келесі жазға дейін мал қалмауы мүмкін

Dalanews 07 авг. 2021 06:13 863

Маңғыстау облысында жем-шөп жетіспеушілігінен келесі жазға дейін мал арам қатуы мүмкін. Шаруалар осылай деп дабыл қағып отыр. Биылғы қуаңшылықтан шөп дұрыс шықпағаны аздай, қазір жем де тапшы деп хабарлайды Dalanews.kz КТК арнасына сілтеп.

Көрші өңірлерден әкелінетін арпа мен кебектің бағасы қымбаттап кеткен. Шаруалар бұрын 1600 теңге тұратын бір қапшық кебекті қазір 2200 теңгеден сатып алуда. Жем-шөп жеп жарытпаған әлсіз мал  10 шақырым жерде тұрған құдыққа су ішуге жете алмай жолда арам қатуда. Мәселен, бұл жерде 30-ға жуық малдың өлексесі жатыр. Дәл осылай жалғаса берсе шаруалар келесі жылы мал қалмауы мүмкін деп болжам айтып отыр.

"Боржақты" жеріндегі ата кәсіпті жалғап отырған 20-ға жуық шаруа қожалығына биылғы жаз оңайға соқпады. Жем-шөптің жетіспеушілігінен шаруалардың малы қынадай қырылуда. Көрші өңірлерден сатып алған арпа мен кебектің өзін өлшеп беріп отыр. Себебі, артық қор жоқ.

“Қазір кетіп жатқан малдың есебі жоқ. Бұл қарқынмен кете берсе, келесі жылға дейін Маңғыстауда мал қалмайды. Ал басқа жақтан мал әкеліп Маңғыстауға бұдан кейін мал өсіре алмайсың. Әкімнің берген 92 теңгеден берген арпасы 30 мөшек шаруа басына. Ол 30 мөшек он күнге ғана жетеді”, – дейді шаруа Бердіхан Аленов

Шаруалар сатып алайын десе, артық азық таба алмайды. Сондықтан алған жемін төрт-түлігіне өлшеп беруде. Қыстың қамын қазірден жасап, артық азықты көптеп әкелмесе болмайды деп отыр. Осыған дейін бір қыстан шығуға 200-300 қапшық жем жетсе, биыл ол да аздық етуі мүмкін. Себебі, жазда дұрыс жем-шөп жеп қарны майланбаған мал қысқы уақытқа екі есе талап етеді екен. Қазір үкіметтен өлшеніп беріліп жатқан субсидия жыртығымызды жамауға жетпей отыр, дейді шаруалар.

“Субсидия береміз деп жатыр. 9143 па 9145 теңге ме, ол бір күндік жеміне де жетпейді. Біз әншейін жем, әншейін шөп сұрамаймыз, мол қылып тауып берсе. Қазір келіп жатқандар қымбат. Бір мөшегі 20 килолық кебекті 2300 теңгеге алып отырмыз. Оған дейін 1600 теңгеден алғанбыз”, – дейді шаруа Серік Айдаров.

Шаруалар көрші өңірлерден әкелінетін мал азығының жол шығынын жергілікті билік өтеп берсе дейді. Сонда ортадағы делдалдар үстіне ақша қоспай, жем-шөпті бастапқы бағасымен алар едік деп отыр. Жауаптылар бұл жағын реттейміз дегенге келтірді.

“Алғашқы жергілікті бюджеттен облыс әкімінің қолдауымен бірінші кезекте 600 млн теңге қаражат дайын. Келесі аптадан бастап операторларды тағайындап солар арқылы шөп дайындап әкеліп бұл енді қорға дайындық. Біз оны әкеліп сразу халыққа ұсынбаймыз. Қорға дайындық әрбір бес ауданға бөліп қоямыз”, – деді Маңғыстау облысы ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Серік Қалдығұл.

Жауаптылардың айтуынша, бұдан бөлек 1,4 млрд. теңге тағы қосымша қаржы бөлінеді. Сонда жалпы сомасы 2 миллиардқа қысқа азық дайындалады. Ал бұған дейін арам қатқан малға өтемақы қарастырылмаған.

Рекомендовать
Последние новости