Бүгін Маңғыстау облысының әкімі Нұрдәулет Қилыбай Қарақия ауданына жұмыс сапарымен барып, Жетібай және Мұнайшы ауылдарындағы әлеуметтік және инфрақұрылымдық жобалардың жүзеге асырылу барысымен танысты, – деп хабарлайды Dalanews.kz Маңғыстау облысы әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Өңір басшысы алдымен Мұнайшы ауылында салынып жатқан «Сарқылмас Қуат» жел электр станциясын көрді. Қуаты 50 МВт болатын бұл станция 2025 жылдың ақпан айында іске қосылмақ. 45,5 гектар аумақты қамтитын жобада 6,25 МВт қуат беретін 8 жел генераторы орнатылған. Компанияның құрылыс жөніндегі директоры Еркінжан Алахуновтың айтуынша, жобаның жалпы құны – 13,474 миллиард теңге, оның 30% компанияның жеке қаражаты, 70% қарыз қаражат. Құрылыс кезінде 120 адам, ал пайдалану кезеңінде 15 адам тұрақты жұмыспен қамтылмақ.
Осыдан кейін аймақ басшысы Мұнайшы ауылындағы Теміржолшы шағын ауданындағы тозығы жеткен көпқабатты тұрғын үйлердің бүгінгі жағдайын көрді. 9 үйде барлығы 99 пәтер бар, оның 38-і бос тұр. Техникалық сараптама нәтижесінде үйлер апатты деп танылды. Облыс әкімі тұрғындардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында тездетіп жаңа үйлер салу қажеттігін тапсырды.
Әрі қарай Нұрдәулет Қилыбай Жетібай ауылында «Еділ суын тазарту станциясын қайта құрылымдау» жобасының іске асырылу барысын тексерді. 2025 жылы құрылысы басталатын жобада 2 шақырым су құбыры салынып, сағатына 260-300 текше метр су айдайтын жаңа модульдік станциялар орнатылады. Бұл қондырғылар Еділ суын тазартып, қажетті минералдар қосып, халыққа таза су ұсынуға мүмкіндік береді.
Сонымен қатар, облыс әкімі Жетібай ауылдық ауруханасындағы күрделі жөндеу жұмыстарымен танысты. 2007 жылы пайдалануға берілген үш қабатты ғимараттың ішкі жөндеу жұмыстарының 75%, сыртқы жұмыстарының 30% аяқталған. Жөндеу барысында ауруханаға лифт орнатылып, заманауи талаптарға сай жағдай жасалмақ. Нысанды толықтай аяқтау 2025 жылға жоспарланып отыр.
Бұдан кейін аймақ басшысы Мұнайшы ауылындағы спорт кешенінің құрылысына барды. Кәсіпкердің жеке қаражаты есебінен салынған бұл ангар типті спорт залы көпфункционалды нысан ретінде жобаланған. 24х62 метр аумақты қамтитын кешен барлық спорт түрлеріне бейімделген. Мұнда киім ауыстыратын бөлме, душ, заманауи жабдықталған жаттығу залы және жаттықтырушылар бөлмесі қарастырылған. Жобаның 80%-ы аяқталып, жыл соңына дейін пайдалануға беріледі деп күтілуде.
Маңғыстау облысы әкімі Нұрдәулет Қилыбай құрылыс және жөндеу жұмыстарының сапалы әрі уақытылы орындалуын қадағалау қажеттігін атап өтіп, тиісті басшыларға нақты тапсырмалар берді.
Нұрдәулет Қилыбай Қарақия ауданына барған жұмыс сапары аясында Мұнайшы, Жетібай ауылдарының аға буын өкілдерімен кездесіп, пікір алмасты. Жиын барысында аймақ басшысы Нұрдәулет Қилыбай өңірдің қоғамдық-әлеуметтік өмірінде ақсақалдардың рөлі ерекше екенін атап өтті. Сонымен қатар, облыс әкімі өңірдегі атқарылып жатқан жұмыстар туралы ақпарат беріп, экономиканы дамытуға бағытталған жоспарларымен бөлісті.
Ашық әңгіме барысында аға буын өкілдері облыс әкіміне ұрпақ тәрбиесі, бүгінгі замандағы ата аның рөлі, ғылым мен білім, спорт саласын дамыту, жастарды жұмыспен қамту, дәрігер жетіспеушілігі сынды ойларын ортаға салды.
– Ауылымызда халыққа ең қажетті тоқ, газ, мектеп, емхана барлығы бар. Жағдайымыз жаман емес. Дегенмен, әр қоғамда жетістік пен кемшілік қатар жүреді. Ауылда дәрігер жетіспеушілігі, жаз мезгілінде егін суаратын су тапшылығы байқалады. Бұл мәселелерді қаперіңізге алып, алдағы уақытта шешімін табады деп ойлаймыз. Бүгін үлкендердің ақыл-кеңесін тыңдап, ойларымен санасып, ақылдаса келгеніңізге дән ризамыз. Маңғыстауды дамытуға бар күш-жігеріңізді салатыныңызға мол сенім білдіреміз, – деді ауданның құрметті азаматы Мүсір Байесенов ақсақал. Кездесу соңында ауыл ақсақалдары облыс әкіміне табыс тілеп, алдағы ісіне сәттілік тіледі.