57 жастағы Сәкен Мұсайбеков «Барыс» хоккей клубының бас директоры болып тағайындалды. Айта кетейік, ол қазір Қазақстан шайбалы хоккей федерациясының бас директоры қызметін атқарады, сондай-ақ, ҚР Ұлттық Олимпиада комитетінде қысқы спорт түрлері бойынша вице-президент. Ол бұрын басы дауға ілігіп, сотты болған, деп хабарлайды Dalanews.kz.
Спорттық басылымдардың бірінің мәліметінше, бұл жағдайға қатысты шайбалы хоккейден Қазақстан құрамасының бұрынғы мемлекеттік жаттықтырушысы Сергей Шавернев пікір білдірген.
"Бұл біз үшін жаңалық емес. Хоккейдің айналасында жүргендер білді. Мұсайбеков Қазақстан хоккей федерациясының бас директоры болып тағайындалғаннан кейін оның әрі қарай өсетінін түсіндік. Қазір Мұсайбековтің қолына билік өтіп жатыр. Ол баяғыда-ақ қолға алынуы тиіс міндетті - Олимпиада ойындарына жолдама алу мәселесін көтерді. Алайда бұл әзірге тек ұран, нақты іс-әрекеттер қажет. "Барыс" клубының директоры қызметі бұрыннан бері клубтың ішкі және сыртқы жұмыстарын алға жылжыту үшін қажет еді. Ойыншылармен келісімшарттар жасау, легионерлерге қатысты шешімдер қабылдау, оларды келісімге тарту үшін қаражат табу сияқты нақты жұмыстар атқарылуы керек. Клуб директорының қызметі біраздан бері бос тұрған еді, ал бұл ыңғайлы адам. Ең алдымен Қазақстан хоккей федерациясының президенті Мамин үшін ыңғайлы адам. Сонымен қатар, Мұсайбеков шенеуніктердің менталитетін жақсы біледі, өйткені өзі де ұзақ уақыт мемлекеттік қызметте жұмыс істеген. Сондықтан да оған сенім артып отыр", - дейді Шавернев Sports.kz тілшісіне берген сұхбатында.
Айта кетейік, Мұсайбеков 2021 жылы Қылмыстық кодекстің 190-бабы 3-бөлігінің 1-тармағы бойынша ірі көлемде алаяқтық жасады деп айыпталған. Тергеу материалдарына сәйкес, ол букмекерлік бизнестегі мүдделерді қорғап, қамқорлық көрсету үшін "Exirius" ЖШС басшысынан 6,2 млн теңге пара алған. Оның ішінде 4 млн теңгеге Hermes әйелдер сөмкесі сатып алынғаны анықталған.
Кейін Сәкен Мұсайбеков кінәсін мойындап, мемлекетке 62 млн теңге көлемінде айыппұл төлеп, жауапкершіліктен босатылған.