Мамин, Ахметов, Өтемұратов. Шенді қызметті қойып, спортқа ойысқан кімдер?

Сағыныш Сардарова 27 февр. 2024 09:54 11182

Тимур Құлыбаевтың орнына Ұлттық олимпиада комитетінің президенті қызметіне Геннадий Головкин келгеннен кейін комиссия құрамында біраз өзгеріс болды. Бұл өзгерістер бұған дейін де болжанған еді. Құрамда әлі де Ескі Қазақстанның жарқын өкілдері мен олигархтар бар, - деп хабарлайды Dalanews.kz.

Жаңа құрамда экс-шенеуніктер Асқар Мамин, Даниал Ахметов, оған қоса олигарх Болат Өтемұратов та жүр.

Асқар Мамин қысқы спорт түрлері бойынша вице-президент, "Шайбалы хоккей федерациясы" РҚҰ президенті қызметіне келді. Ал Ұлттық федерация өкілдері қатарында Даниал Ахметов пен Болат Өтемұратовтың есімі бар. Дәлірек айтсақ, Ахметов "Қазақстан Республикасы жеңіл атлетика федерациясы" РҚҰ президенті болса, Өтемұратов "Теннис федерациясы" РҚҰ президенті болып отыр.

Бұған дейін де Мамин мен Ахметовтің кандидатурасы ұсынылған болатын.

"Ұлттық олимпиада комитетінің қысқы спорт түрлері жөнінен вице-президенті қызметіне бұрынғы премьер-министр Асқар Маминнің кандидатурасы ұсынылды", - деп жазылған еді құжатта.

Әлеуметтік желілерде осыған дейін Маминнің Түркия елінде алаңсыз жүрген видеосы жылт еткен болатын. Ал оған дейін футбол федерациясының экс-президенті Әділбек Жақсыбеков пен Асқар Мамин Ыстамбұлда өткен Чемпиондар лигасында жүрген жерінен көзге түсті. Экс-шенді Мамин 2022 жылы лауазымынан түсіп қалды. Оның орнына Үкіметті басқаруға Әлихан Смайылов келген болатын. 

Ал Ахметов жуырда ғана Астанада жеңіл атлетикадан Әмин Тұяқов жүлдесіне арналған Astana Indoor Meet халықаралық турнирі аясында көзге түсіп қалған еді. Деректерге сүйенсек, экс-шенеунік жеңіл атлетика федерациясының президенті ретінде барған. Шығыс Қазақстанды тапжылмай 9 жыл басқарған экс-әкім осылай спортты тізгіндеуге ойысыпты.

Қоғамда Ұлттық олимпиада комитетінің басшылық құрамына қатысты қызу дау жүрген еді. Депутаттар да бұл мәселені бірнеше мәрте көтерді. Мәселен, Бапи Құлыбаевты ашық сынап тастады.

"Оның ойы елдің мұнайын сатып, қалтасын толтыру. Спортты қайтсын?! ...Париж Олимпиадасы қарсаңында мұндай жағдайға мүлдем жол берілмеуі тиіс! Ұлттық Олимпиада Комитетіне түбегейлі өзгерістер керек", - деген еді ол.


Рекомендовать
Последние новости