Малайзия – отбасылық туризмнің отаны

Dalanews 28 апр. 2016 01:14 1234

Алматыда KITF-2016 халықаралық туризм көрмесі болып өтті. Биыл айтулы шараға әлемнің 31 елінен 300-ге жуық компания қатысып, өздерінің іс-тәжірибелерімен бөлісті. Қала әкімі Бауыржан Байбек көрмені өзі аралап, туристік компаниялардың даму қарқынымен танысты.

Жылда өтетін халықаралық көрме туристік сала майталмандарының басын қосып, ең үздік ұсыныстар мен шешімдерді қабылдауға мүмкіндік береді. Биылғы көрмеге Малайзияның Қазақстандағы өкілетті елшісі Дато Хидаят Абдул Хамид қатысып, өз елінен арнайы келген турфирмаларға қолдау көрсетті. Өз кезегінде елші журналистермен жүздесіп, олардың сұрақтарына жауап берді. Бүгінде Шығыс Азияда көшбасшы елге айналып отырған Малайзияда экономиканың түрлі салалары жоғары деңгейде дамыған. Малай халқының ырысын арттырған саланың бірі – туризм десек, қателеспейміз.

Қазақ журналистерімен болған емен-жарқын әңгіме барысында елші Дато Хидаят Абдул Хамид мырза туризм – мемлекеттік түсімдердің 20 пайызын құрайтынын айтты. Осы жайттан-ақ Малайзия үшін туризм саласы қаншалықты маңызы зор екенін байқауға болады.

Қазіргі таңда Шығыс Азияда орналасқан Тайланд та туризм саласын дамытып, табысты салаға айналдырып отырғаны белгілі. Осы ретте біздер Шығыс Азия елдері арасында туризм бәсекесі қалай жүріп жатқанын сұрадық.

– Шығыс Азия аймағы туризм саласын дамытуға қолайлы аймақтардың бірі екені рас. Сондықтан аймақтағы елдер туризм саласын өркендетуге айрықша мән береді. Иә, Тайландта туризм саласы жақсы дамыған. Бірақ Малайзияның туризмді дамытуда өзіндік ерекшеліктері бар екенін ұмытпаған жөн. Жалпы алғанда, Малайзияда отбасылық туризм жоғары деңгейде дамыған. Сондықтан отбасымен демалуды көздеген адамдар біздің елімізді таңдайды. Бұдан басқа соңғы уақыттары біздің елде медициналық туризм жоғары деңгейде дамып келеді. Бүгінде Малайзия медициналық туризмі дамыған елдердің біріне айналып отыр. Малайзия – Шығыс Азиядағы Ислам дінін ұстанатын ел. Сондықтан халал туризм саласы да кең көлемде қанат жайып келеді. Осы бір жайттардан-ақ Малайзиядағы туризмнің қай бағытта дамып жатқанын аңғаруға болады, – деп елші Дато Хидаят Абдул Хамид көкейде жүрген ойын ортаға салды. Қазақстан мен Малайзияның туризм саласындағы әріптестік қарым-қатынасы жайында:

– Туризмді дамытуда Қазақстанның әлеуеті зор. Қазақстанда көптеген тарихи-мәдени орындар көп. Бұл нысандарға баратын инфрақұрылымды реттеудің маңызы зор. Бұдан басқа Қазақстанда көркі көз тартатын әсем жерлер де жетіп артылады. Алдағы уақытта Қазақстан Үкіметі инфрақұрылымды дамытып, насихат жұмыстарын жоғары деңгейде ұйымдастырса, Қазақстанға дүниежүзінің әр түкпірінен туристерді көптеп тартуға болады, – деді.

Жарбол КЕНТҰЛЫ

 

Рекомендовать
Последние новости