Макинск қаласында су құбырларын жаңғырту жобасы қарқынды жүріп жатыр

Ақтоты Жапатова 25 мая 2025 12:16

Ақмола облысындағы Макинск қаласында ауқымды су құбыры желілерін жаңғырту жобасының бірінші кезеңі белсенді түрде жүзеге асырылуда. Қазіргі таңда инженерлік желілердің 76,7 шақырымын қамтитын жұмыс көлемінің 65 пайызы орындалған. Соның нәтижесінде 45 шақырым жаңа құбыр тартылды, – деп хабарлайды Dalanews.kz

Жоба аясында тозығы жеткен су құбырлары толығымен жаңартылып, заманауи әрі сенімді жүйелермен ауыстырылады. Жоспар бойынша жалпы ұзындығы 72,7 шақырым жаңа су желісі салынады. Жобаның жалпы құны — 3 382,9 миллион теңге. 2024 жылдың ішінде 2 017,5 миллион теңге қаржы игерілген. Жыл соңына дейін тағы 692,5 миллион теңге қосымша қаражат бөлінуі жоспарланған.

Құрылыс жұмыстарын «УниверсалСтройСервис» ЖШС жүргізуде. Келісімшарт бойынша жұмыс құны 3 279,9 миллион теңгені құрайды.

Облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының хабарлауынша, барлық жұмыстар белгіленген кесте бойынша жүріп жатыр. Құрылыс жұмыстарын биылғы қараша айында толық аяқтау көзделіп отыр. Жоба іске қосылған соң Макинск қаласындағы 18 мыңнан астам тұрғын тұрақты және орталықтандырылған ауыз сумен қамтылады.

Аталған жоба халықты таза ауыз сумен қамтамасыз етумен қатар, қаланың санитарлық жағдайын жақсартуға және тұрғындардың өмір сүру сапасын арттыруға елеулі үлес қосады.


Рекомендовать
Последние новости