Мәжіліс тұрмыстық зорлық-зомбылыққа жазаны күшейтетін заң жобасын мақұлдады

Жарас Кемелжан 29 февр. 2024 14:58 7045

Мәжіліс 28 ақпанда тұрмыстық зорлық-зомбылыққа жазаны күшейтетін заң жобасын екінші оқылымда мақұлдап, сенатқа жолдады. Бұл туралы жергілікті басылымдар хабарлады.

Заң жобасына сай, педофилия және баланы өлтіру қылмысына өмір бойына соттау жазасы белгіленеді.

Құжатта денсаулыққа жеңіл, орташа және ауыр залал келтіруге енді қылмыстық жаза қарастырылған.

"Власть" сайтының жазуынша, мәжіліс денсаулыққа орташа зақым келтіргендерді 2 жыл бас бостандығынан айыруға, ауыр зақым келтіргендерді 3-8 жыл бас бостандығынан айыруға келіскен.

Ал денсаулыққа жеңіл зақым келтіруге 200 АЕК (738 мың теңге) айыппұл я 200 сағат қоғамдық жұмысқа жегу не 50 күнге қамау жазасы тағайындалуы мүмкін. Ал қол көтеруге 80 АЕК (295 мың теңге) айыппұл не 80 сағат қоғамдық жұмыс я 25 күнге қамау жоспары бар.

Бұған дейін заңда 15 АЕК (55400 теңге) және 15 күнге қамау жазасы болған еді.

Кейінгі уақытта Қазақстанда әйелдерді ұру және тұрмыстық зорлық-зомбылық мәселесі жиі талқыланып жүр. Салтанат Нүкенованің қазасына күйеуі, бұрынғы экономика министрі Қуандық Бишімбаевтың күдікті болуы әйелдерді ұрып-соғуға қатысты талқыны одан әрі күшейтті.

Елде жыл сайын полицияға тұрмыстағы зорлық-зомбылық бойынша 100 мыңнан аса шағым түседі. ІІМ мәліметінше, жыл басынан бері отбасындағы зорлық-зомбылыққа қатысты 35 мыңнан аса шағым түскен.

БҰҰ есебінше, жыл сайын Қазақстанда 400 әйел қарым-қатынастағы ер адамның қолынан қаза табады.


Рекомендовать
Последние новости