Мәжіліс депутаттары Ақмола облысында бірқатар әлеуметтік нысанды аралады

Dalanews 11 июл. 2023 07:07 1228

Мәжіліс депутаттары, «AMANAT» фракциясының мүшелері – Айна Мысырәлімова мен Наталья Дементьева  Ақмола өңіріне жұмыс сапарымен барып, «AMANAT» партиясының сайлауалды бағдарламасы аясында іске асып жатқан бірқатар нысанда болды.

Бірінші кезекте депутаттар Ақкөл қаласында медицина қызметкерлеріне арналған емдеу-сауықтыру орталығының құрылысы барысымен танысты. Оның құрылысына бюджеттен 4,5 млрд теңге бөлініп отыр. Мердігер компанияның өкілі құрылыстың кестеге сай жүргізіліп жатқанын және белгіленген мерзімде аяқталатынын атап өтті.

– Дәл қазіргі уақытта электр, телекоммуникация мен су желілері тартылып жатыр. Сонымен қатар емдеу корпусының, қонақ үй мен бассейннің құрылысы қарқынды жүргізілуде.  Құрылыс аяқталған соң орталықта 50 адамды жұмыспен қамту көзделуде, – деді құрылыс барысын таныстырған «SENIM»  денсаулық сақтау қызметкерлерінің салалық кәсіподағы»  төрағасының кеңесшісі Дина Нұрпейісова.

Мәжіліс депутаттары Ақкөл қаласындағы №4 орта мектепте де болды. Қазір онда спорт зал мен асхана салынып жатыр. Бұдан бөлек, халық қалаулылары емдеу-сауықтыру қонақ үй кешеніне барды. Оның құрылысы биыл аяқталады деп жоспарланып отыр. Мамандар демалыс орталығы астаналықтар мен іргелес жатқан аудан тұрғындары үшін жайлы демалыс орнына айналады деген сенімде.

Сондай ақ А.Мысырәлімова мен Н.Дементьева 900 тұрғыны бар Домбыралы ауылында 16 шақырым су құбырын жөндеу жұмыстарымен танысты. Қазіргі таңда 2,2 шақырым құбыр төселіп, 43 ұңғыма орналастырылған.

– Партияның қоғамдық қабылдауларына Домбыралы ауылындағы су құбырларын жөндеу бойынша талай арыз-шағым келіп түсті. Сондықтан аудандық мәслихат жанындағы «AMANAT» фракциясының мүшелері ауыл тұрғындарын таза ауыз сумен қамтамасыз ету мәселесін ерекше бақылауында ұстауы керек, – деді Айна Мысырәлімова.

Мәжіліс депутаттары аудандық мәслихаттағы депутаттық фракция мүшелерімен «AMANAT» партиясы сайлауалды бағдарламасының Жол картасының орындалу барысын талқылап, азаматтарды қабылдады.

Рекомендовать
Последние новости