М. Ақдәулетұлы: "Одақты заман талаптарына орай өзгерту керек"

Dalanews 23 нояб. 2016 06:32 950

29 қараша күні тәуелсіздіктің жиырма бес жылдық мерейтойына қарай Жазушылар одағында пленум өтеді. Осыған орай Одақ төрағасының орынбасары Ғалым Жайлыбайға хабарласып, мән-жайды білген едік. Бұл пленумге кім шақырылып жатыр деген сұрағымызға, «Жазушылар одағының мүшелері мен пленум мүшелері» қатысады деген жауап алдық. «Әдебиет порталы да» келіп қатыссын», - деді Ғалым Жайлыбай.

Жиырма бес жылдықтағы Одақ жұмысының артықшылығы мен кемшілігін білу мақсатында осыған дейін сұхбат алу үшін Одақ төрағасы Нұрлан Оразалинге бірнеше рет хабарласқанбыз. Іскер басшының уақыты тапшы болғандықтан, жолдаған сауалдарымызға жауап ала алмадық. Алдағы уақытта ол кісімен сұхбаттасуға әлі де үміттіміз.

Есесіне еліміздің түкпір-түкпіріндегі Жазушылар одағының мүшелеріне хабарласып, бірлі-жарым сұрағымызды жолдаған болатынбыз. Бүгін Мейірхан Ақдәулетұлының Одаққа қатысты пікірін назарларыңызға ұсынып отырмыз.

-Тәуелсіздік жылдарындағы ширек ғасырда Жазушылар одағы қазақ әдебиеті үшін не істеді? Жазушылар одағының келесі төрағалығына кім лайықты?

-Жиырма бес жылдықта қазақ әдебеиетінің қай жанры кенжелеп, қандай жанры алға шықты? Осы уақыт арасында әдебеиетімізге тың өзгеріс алып келген қаламгерлерді атай аламыз ба? Біздің бүгінгі әдебиетке не жетіспейді?

Жазушылар Одағы – біздің бәріміз үшін қадірлі, аяулы ұйым еді. Заман жүз сексен градусқа аунап, қоғам «дамыған социализмнен» дереу «жабайы капитализмге» өткен заматта абдыраңқырап қалды. Одақтың дүниеден өткен қазақы қаламгерлерді жер қойнына тапсыруға ғана қауқары жеткен кездер болды. Беріде Одақ шамасы жеткенше әдебиеттің жоқшысы болды. Әрине, қолынан келгенше. Одақты осы күйде ұстап қалғаны үшін оның басшыларына рахмет айту керек – «баяғыдай болмады» деген байбалам мен «өзімді елемеді» дейтін өкпенің ешбірі жөн емес. Өкпешіл жұрт мынаны аңдамайды: қазіргі капиталистік мемлекетке әдебиеттің қажеті жоқ – мұнда бір ғана қағида бар – «мықтысың ба – қандай жолмен болса да байы!». Ақының, жазушың бар, бәрің «өз күніңді өзің көр, шетелде солай!». Демек, әдебиет тауарға айналды. Қоғамдағы қадірі кеміді. Саудаға түсті. Ақшалыны тауып, соған сүйенбесең, кітаптың ең озығы да жарық көрмейтін кез туды. Ақшаға сүйеніп ақымақты алдарқатарлық деңгейдегі «жазушы-ақындар» көбейді. Көрінген ақшалы кісі кісілігі жоқ әке-шешесін де «алаштың ардақтысы» етіп көрсететін дәуір туды...

Жазушылар Одағы не істей алады бұған? Сондықтан, аяулы Одақтың аяуға болатын дәрежеге түскені рас. Сол жағдайда отырып әдебиетке сеп бола алғаны үшін рахмет деуге болатын шығар.

Одақ айналасында бәріміз ұяларлықтай дау-шар көбейді. Бәрінің ойы әдебиетті ойлау емес, қалай да Одақтың басшылығына келу. Не өзгереді одан?

Мәселе төрағада емес. (Мені ұсынса, мен сабаса да бармас едім – бес-он тиыны мен «басқарып отырмын» деген жұбаныш болмаса, бұл не береді маған?)

Төрағаны емес, одақтың болмысын, табиғатын зерттеу керек. Одақ – кешегі социалистік құрылымның перзенті. Бүкіл әдебиетті бақылауда ұстау үшін жасалған құрылым ол. Сол себепті коммунистік ахлақты ұстанатын (саясатқа қарсы емес), халықты әлдилеп, қажет нәрсеге тәрбиелейтін әдебиетті (бұл жаман да емес!) кешегі қоғам мейілінше еркелетті. Кітабыңды шығарып, оған ақша төледі, әдебиет насихатын жүйеге қойып, оның ролін арттырды. Таралым молайды, қаламақы мол болды, пәтер, т.т. берді партия. Және бұл өзін ақтады – жүз мыңдаған таралыммен тараған мыңдаған кітаптар арзанға сатылып, халыққа кең тарады, жазушылар, ақындар «бүйректен сирақ шығармайтын», билікке қадірлі, елге сүйікті кісілер болды. Қысқасы, әдебиет идеологияға тамаша қызмет етті. Бұдан халық та зиян шеккен жоқ – адамгершілігі жоғары қоғам қалыптасты.

Әдебиетті коммунистер өте есті түрде пайдалана білді – қоғамда қазіргідей жан шошытарлық қылмыстар мен азғындар өте аз еді.

Қазіргі капитализмде ондай мүдде – халықты адамгершілікке тәрбиелеу – жоқ десе де болады. Демек, әдебиеттің аса қажеті болмай тұр бұған...

Одақты заман талаптарына орай өзгерту керек. Мәселе сонда... Әйтпесе, Нұрланның орнына Тұрлан келгеннен ештеңе өзгермейді. Одақ кәсіби (кәсіподақ сияқты) шынайы, жұрт (жазатын, әрине!) өз еркімен кіретін, өз қаражатын өзі табатын, ең бастысы – қазақ әдебиетінің тағдырына, оның болашақ даму жолдарына шынымен алаңдайтын ұйымға айналып, жазушылардың жоқшысының қызметін атқарса кәне?

Қазіргі Одақ мен үшін аяулы нәрсе. Әрі аянышты...

Одақтың құбыласы, концепциясы өзгермейінше, ол Абай басқарса да осы күйде қалады...

Айттық: жазушылар Одағына да, жазушыларға да «байтал түгіл, бас қайғы» болды. Әрине, мемлекеттік тапсырыспен тәп-тәуір кітаптар шыға бастады (онда да еш жүйе, немесе белгілі бір критерий жоқ!), біреулер сыйлық алды, біреулер мерейтой жасап, машина мінді, пәтер алды, т.с.с. жыл қортындылары өткізіле бастады. «Алаш» сыйлығын үлестірдік (бақытыма орай, мен жоқпын ол сапта!).

Осының бәрі әдебиеттің көркейе түскенін білдірмейді. Әдеби бедел жасау оңай: теледидар, радио, газет әлдебіреулерді сықитып мақтап жатады – ал жазғанын оқығың келмейді. Сөз қадірі кетті ғой – қазір данышпан емес, алаштың ақыны емес ешкім қалмады ғой... Осының бәрі «қазақбайски» болып кетті.

Бізде бір ғана жанр жақсы дамыды, ол поэзия. Тамаша жас ақындар бар. Дегенмен, барлық инструментарийлері (ұйқас, теңеу, т.т.) табиғи түрде дамығанымен құрғақ сөз ойыны (словоблудие) де көбейген, өлеңнің көбі жаныңды қозғамайтын болды. Поэзияның басты мұраты сол емес пе еді? Проза... дамыды деп айта алмаймын.

Жалпы әдебиетке салдақының (проститутка) жасанды мінезі (ол да басты айналдыра алады – сұрап көріңдер бастықтардан...) ептеп кіре бастады: әдебиет оқырманға салдақылықпен жаға алмайды. Ол басқа...

...Әрине, қадау-қадау жақсы шығармалар бар, олар, бірақ, тым аз.

Әдебиетке не жетіспейтінін мен де айта алмаймын. Нағыз жазушылар шығар?!

Дереккөз: Әдебиет порталы


Рекомендовать
Последние новости