LRT дауы: адвокат Сағынтаев пен Тасмағамбетовты сотқа шақыруды талап етті

Dalanews 08 сент. 2021 05:56 795

LRT ісі бойынша апеляциялық сот отырысында адвокаттар бірқатар жоғары лауазымды шенеунікті куәгер ретінде шақыруды сұрады деп хабарлайды Dalanews.kz Sputnik.kz-ке сілтеп.

10 жылға сотталған жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының бұрынғы басшысы Рашид Аманжоловтың адвокаты Сәуле Ақатованың айтуынша, істің мән-жайын анықтау мақсатында аппеляциялық сотқа президент көмекшісі, қауіпсіздік кеңесінің хатшысы Әсет Исекешев, Алматы әкімі Бақытжан Сағынтаев, ұлттық банк төрағасы Ерболат Досаев пен Қазақстанның Ресейдегі бұрынғы елшісі Иманғали Тасмағамбетовты шақыру қажет.

Олар сан алуан қарама-қайшылықтарды жоюға және шындықты білуге көмектесе алады. Өйткені барлығы LRT құрылысы кезінде жауапты қызметте болған.

"Біз сотқа бұрынғы премьер-министр Серік Ахметовты, премьер-министрдің бірінші орынбасары (қазір Алматы әкімі) Бақытжан Сағынтаевты, индустрия және жаңа технологиялар министрі (қазір президент көмекшісі) Әсет Исекешевті шақырып, онлайн режимде жауап алуды сұраймыз. Оларға өздері қол қойған құжаттарды да көрсету керек. Сосын ол құжаттардың маңыздылығын, төмен тұрған мемлекеттік құрылымдар мен лауазымды тұлағалардың атқарған міндеттері жайында сұрау қажет", –  деді Ақатова.

Оның айтуынша, LRT құрылысы бойынша шешім қабылдаған адамдар осы жобаның мемлекет үшін несімен тиімді болғанын түсіндіріп беруге тиіс. 


"Неге тиімсіз болғанына қарамастан үкімет құрылысты толығымен тоқтатқан жоқ? Неге жобаның құнын арттыра отырып, бюджет қаржысын салуды жалғастыра берген?", – дейді адвокат.

Сондай-ақ Ақатова сотқа Қазақстанның Нидерланд Корольдігіндегі қазіргі елшісі Асқар Жұмағалиевты, әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры директорлар кеңесінің төрағасы Болат Жәмішевті және Тұңғыш президент әкімшілігінің экс-басшысы Әділбек Жақсыбековты шақыру қажет деп санайды.

"Осы тұлғалардан Аманжоловқа тағылған айыптар аясында өздері қабылдаған шешімдер бойынша жауап алынуға тиіс. Әйтпесе Аманжоловтың қандай әрекеті заңға қайшы болғанын қосымша білуге еш мүмкіндік болмай тұр", – дейді Ақатова.

Бұдан бөлек, адвокат LRT жобасына қатысқан шетелдік серіктестерден жауап алуды сұрады. Ал шетелге қашып кеткен елорда әкімінің бұрынғы орынбасары Қанат Сұлтанбеков пен  "Астана LRT" басқармасының төрағасы Талғат Ардан сотта жауап бермесе, істің анық-қанығын анықтау қиын.

Адвокаттардың ойынша, құқық қорғау органдары халықаралық іздеуде жүргендерді іздеп жатқан жоқ. Сәуле Ақатованың өтінішін басқа адвокаттар да қолдады. Ал прокурор Арсен Бегалин жоғары лауазымды шенеуніктерді сотқа шақыруға қарсы болды.

"Ондай өтініш соттың бірінші сатысында жарияланған. Ол адамдардан жауап алудың қажеті жоқ деп санаймын. Себебі іс бойынша барлық дәлел қарастырылды", – деді прокурор Бегалин.

Айта кетелік LRT құрылысына бөлінген қаржыны жымқыру ісі бойынша алғашқы сот отырысы 2020 жылы 29 қазанда өтті. Жеті адам 5,8 миллиард теңгені жымқырғаны үшін айыпталды.


Ал елорда әкімінің бұрынғы орынбасары Қанат Сұлтанбеков пен "Астана LRT" ЖШС бұрынғы басшысы Талғат Ардан халықаралық іздеуде жүр.

2013 жылы экс-президент Нұрсұлтан Назарбаев LRT құрылысы тым қымбатқа түсетінін мәлімдеді. Бірнеше жылдан кейін қытайлық инвесторлар келді. Ал 2019 жылы шілде айында Қасым-Жомарт Тоқаев жеңіл рельсті көлік құрылысын сынға алып, осы жобаның тиімділігіне сенбейтінін айтты.

Биылғы жылдың маусым айында елорда әкімі Алтай Көлгінов LRT құрылысының қайта жанданғанын мәлімдеді. LRT-ны толығымен аяқтау үшін қосымша 1 миллиард доллар қажет.

Осы сәтте:


https://dalanews.kz/news/67610-taldykol-kolding-batpaqty-emes-taza-zhe

Рекомендовать
Последние новости