Лавров президент Тоқаевтың қай сөзімен келіспейтінін айтты

Көркем Алдабергенова 15 апр. 2025 10:22 467

Ресейдің сыртқы істер министрі Сергей Лавров Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың аумақтық тұтастық туралы мәлімдемесіне келіспейтінін ашық айтты. Бұл туралы ол «Коммерсантъ» басылымына берген сұхбатында мәлімдеді, деп хабарлайды Dalanews.kz.

Қасым-Жомарт Тоқаев бұған дейін бірнеше рет «егер мемлекеттердің аумақтық тұтастығы сақталмаса, бұл жаңа мемлекеттердің пайда болуына және олардың арасындағы қақтығыстарға алып келеді» деген пікір білдірген. Алайда Лавров бұл көзқараспен келісе қоймайды. Оның айтуынша, тек аумақтық тұтастықты ғана алға тарту жеткіліксіз – БҰҰ Жарғысында басқа да маңызды қағидалар бар.

– БҰҰ негізінде тек аумақтық тұтастық емес, сонымен қатар халықтардың өзін-өзі анықтау құқығы да бар. Бұл ұстанымдарды қатар ескеру керек, – дейді Лавров.

Ол Тоқаевтың аталған мәлімдемесін есінде сақтағанын айтып, кейін бұл мәселеде Ресей өз ұстанымын Қазақстан жағына жеткізгенін жеткізді. Мысал ретінде ол деколонизация (отарсыздандыру) процесін келтірді.

– Аумақтық тұтастық тек халықтың атынан сөйлеуге толық құқығы бар үкіметтерге қатысты сақталуы тиіс. Ал колониялық мемлекеттер – Париж, Лондон, Лиссабон, Мадрид – ешқашан отар елдердің бүкіл халқының мүддесін білдірген жоқ. Сондықтан да отарсыздану процесі халықаралық құқық талаптарына сай өтті, – деді Лавров.

Тоқаевтың Петербор форумындағы мәлімдемесі

Айта кетейік, бұл пікірталас 2022 жылы маусымда басталған болатын. Петербор экономикалық форумында Қасым-Жомарт Тоқаев Ресей президенті Владимир Путиннің көзінше Донецк пен Луганск халық республикаларын «квазимемлекеттік құрылымдар» деп атаған еді. Бұл мәлімдеме Ресей қоғамында қызу пікірталас тудырған болатын.


Рекомендовать
Последние новости