"Күні-түні көз жасым құрғамайды": Майқайыңда жоғалып кеткен құтқарушының отбасы биліктен көмек сұрайды

Қаракөз Амантай 03 апр. 2024 10:28 4680

"Майқайың" алтын кенішіндегі апатта іс-түзсіз жоғалған екі құтқарушының туыстары көмек сұрап Астанаға келді, деп хабарлайды Dalanews.kz.  

Апаттың болғанына үш айға жуықтаса да, құтқарушы мен автобус жүргізушісінің мәйіті әлі табылмады. Ал іздеу жұмыстары тоқтап тұр.

Кеніште жоғалып кеткен құтқарушы Айдос Шәймерденнің әйелі Нұрсұлу Шәймерден әлі шешімін таппай жүрген сұрақтарға жауап іздеп, Астанаға келді. Ол мемлекеттік органдардан құтқару жұмысын жалғастыруды талап етіп отыр.

“Іздестіру жұмыстарының тоқтатылғанына 39 күн, қайғылы оқиғадан бері 89 күн өтті. Балалар: "Әкем қайда?" деп сұрайды. Әкесі жоқ. Күні-түні көз жасым құрғамайды. Күйеуімнің әкесі инсульт алды, ал енемнің қан қысымы бар. Олардың жалғыз ұлы жоғалып кетті. Оны тіпті жерлей алмай отырмыз”, – дейді ашынған әйел КТК арнасына берген сұқбатында.

Құтқарушы Айдос Шәймерден мен жедел-құтқару жасағының жүргізушісі Айып Тілеубергеннің мәйіттері табылған жоқ. Бірақ оларды өлдіге санамағандықтан, жақындарын да жәбірленуші тарапқа жатқызбайды. Арнайы сараптама және оның негізінде жасалған құтқару жоспары болмағандықтан іздеу жұмыстары әлі тоқтап тұр.

Іс-түссіз жоғалған құтқарушылардың туыстарының айтуынша, "Майқайыңалтын" кеніші және кәсіпорынды құтқару жасақтарымен қамтамасыз еткен кәсіптік әскерилендірілген апаттық құтқару қызметі арасындағы дауға байланысты құжаттар әлі дайын емес. Ешқайсысы қажетті сараптаманы жасауды өз мойнына алғысы келмейді.

Төтенше жағдайлар министрлігі жағдайға қатысты пікір білдірді.

“Қазір зауыт пен кәсіптік әскерилендірілген апаттық құтқару қызметі сараптамаға қатысы сауалды шешіп жатыр. Сондай-ақ олар сол жерде белгілі бір жұмыстарды жүргізіп, құтқарушылардың жұмысын жалғастыру қаншалықты қауіпсіз болатыны туралы қорытынды жасауы керек”, – дейді Төтенше жағдай вице-министрі Бауыржан Сыздықов.

Айдос Шәймерденнің әпкесінің айтуынша, үкімет құтқарушының 12 жастағы ерекше күтімді қажет ететін қызына 10, екі жастағы баласына 10 миллион теңге өтемақы төленеді деп уәде берген. Алайда басқа құтқарушылардың отбасы материалдық өтемақы алса, Айдостың отбасына ақшалай көмек көрсетілмеген.

“"Майқайыңалтын" кеніші ресми өтініштер берілді, олар өтінішті қабылдады. Бірақ бір ай болды. Жауап жоқ. Тек “мәселе қарастырылып жатыр” деп құтылады”, – дейді Айнаш Мәжиотва.

Өндірістегі еңбек қауіпсіздігі саласын және онымен байланысты мәселелерді қадағалайтын Индустрия және құрылыс министрі де жәбірленуші тараптың жанайқайына құлақ түрді.

“Ең алдымен құтқарушыға жұмыс беруген тұлға әлеуметтік жауапкершілік алу керек. Мен өтемақы мәселесін егжей-тегжейлі талқылаған жоқпын... Ал бұл мәселе, өкінішке орай, тікелей менің министрлігімнің құзыретіне жатпайды. Бірақ мен мәселені шешу жұмыстарына қатысуға дайынмын”, – деді Индустрия және құрылыс министрі Қанат Шарлапаев.

Еске салайық, бұған дейін "Майқайың алтын" кен орнында үлкен ойық маңындағы топырақ опырылып, 4 адам мінген автобус жердің астына түсіп кеткен болатын.


Рекомендовать
Последние новости