Күнде лимон қосылған су ішсе не болады?

Ақтоты Жапатова 10 окт. 2025 01:00

Қарапайым судың адам ағзасына пайдасын барлық дерлік адам біледі. Алайда күнделікті қарбалас өмірде көпшілік адам шөлдеу сезіміне мән бермейді немесе судың орнына шай, кофе, тәтті сусындар ішеді. Ал кейбіреулерге қарапайым судың дәмі ұнамай, оны минералды немесе газдалған сумен алмастырады. Бірақ күнделікті қажетті су мөлшерін ішу - дұрыс тамақтанудың маңызды бөлігі екенін ұмытпаған жөн. Ендеше,мамандар қарапайым судың дәмі ұнамаса, оған бірнеше тілім лимон қосып ішуге кеңес береді. Бұл судың дәмін өзгертеді әрі күнделікті жеткілікті мөлшерде сұйықтық ішуге көмектеседі, деп хабарлайды Dalanews.kz.

Лимон қосылған судың адам ағзасына пайдасы

Ас қорытуды жақсартады

Тамақтан 30 минут бұрын бір стақан суға бір шай қасық лимон шырынын қосып ішу асқазан сөлінің бөлінуін ынталандырады. Бұл тағамның дұрыс қорытылып, сіңуіне және ас қорыту ферменттерінің түзілуіне көмектеседі.

Иммунитетті нығайтады

Лимон құрамында ағзаға вирустар мен қабынуға қарсы күресте көмектесетін С дәрумені көп. Ол иммунитетті күшейтеді, сүйектердің қалыптасуына, жараның жазылуына, тері мен жасуша жағдайының жақсаруына әсер етеді.

Холестерин деңгейін төмендетеді

Лимон қосылған су қан тамырларының қабырғаларын зиянды холестериннен тазартуға көмектеседі. Бұл жүрек талмасының, инсульт пен атеросклероздың алдын алады және қан тамырларының серпінділігін арттырады.

Қартаюды баяулатады

Цитрус құрамындағы антиоксиданттар ағзадағы бос радикалдармен күреседі. Олар жасушаларды зақымдап, терінің ерте қартаюына себеп болады. Антиоксиданттардың жеткіліксіздігі кезінде тері бозарып, құрғап, әжімдер айқындала бастайды. Мұны лимон қосылған су ішу арқылы алдын алуға болады.

Қандағы қантты тұрақтандырады

Лимон суы холестеринді азайтып қана қоймай, қандағы қант деңгейін де реттейді. Бұл 2-типтегі қант диабеті мен семіздіктің алдын алуға көмектеседі.

Өкпе қатерлі ісігінің алдын алуға ықпал етеді

Лимон құрамында биологиялық белсенді заттар — биофлавоноидтар бар (зеаксантин, альфа және бета-каротин, лютеин, криптоксантин). Олар өкпе обырының пайда болу қаупін төмендетеді.

Тәттіге деген тәбетті түсіреді

Лимон суы қандағы қант деңгейін тұрақтандырып, тәтті, майлы және қуырылған тағамдарға деген құмарлықты азайтады. Себебі қандағы глюкоза күрт көтерілгенде ағза артық калорияны тез алуға тырысады. Ал бұл артық салмақ, диабет, тері проблемалары және зат алмасу бұзылыстарына әкелуі мүмкін.

Сергітеді

Таңертең лимон суын ішу ағзаны оятып, асқазан жұмысын белсендіреді. Бұл миға «таңғы ас ішетін уақыт жақындады» деген белгі береді. Сол себепті лимон қосылған су кейде кофеден де жақсы сергітеді және көңіл күйді көтереді.

Кімдерге лимон қосылған су ішуге болмайды?

Таза лимон шырынын, тіпті, дені сау адамдардың өзіне ішуге болмайды. Өйткені ол ауыз қуысының, өңеш пен асқазанның шырышты қабығын тітіркендіріп, зақымдауы мүмкін. 

Кез келген өнімге секілді лимон қосылған суға да қарсыкөрсетілім бар. Лимон шырынында қышқыл көп болғандықтан, ол асқазан-ішек жолдары аурулары бар адамдарға қауіпті.

Лимон шырынын асқазан немесе аш ішек жарасы, жоғары қышқылды гастрит, колит, панкреатит кезінде ішуге қатаң тыйым салынады.

Сонымен қатар таза лимон шырыны тіс эмалін зақымдайды,сондықтан лимон қосылған су ішкеннен кейін де ауызды таза сумен шайып алу қажет.

Тағы бір маңызды жайт — лимон күшті аллерген. Сондықтан оны немесе оның шырынын шамадан тыс қолдану аллергиялық реакция тудыруы мүмкін.

Ескерту: Бұл материал ақпараттық сипатта берілген. Өздігінен емделу қауіпті. Денсаулығыңызға қатысты кез келген өзгерісті немесе жаңа өнімді рационға енгізбес бұрын дәрігермен, диетологпен немесе басқа да медициналық маманмен кеңесіңіз.


Рекомендовать
Последние новости