Күдебаевтың қашуына қырғыздың «Робин Гуды» көмектескен бе?

Dalanews 21 апр. 2023 06:28 1662

Желіде Серік Күдебаевтың қашуын қылмыстық ортада Коля-қырғыз деген лақап атпен танымал қылмыс әлемінің серкесі Қамшы Көлбаев ұйымдастырды деген ақпарат тарауда, – деп хабарлайды Orda.kz.

Осы ретте қырғызстандық қылмыс әлемінің серкесі Көлбаевтың Қазақстанмен байланысы бар деген заңды сұрақ туындайды.

Қанды қаңтар оқиғасынан кейін Серік Күдебаевқа «ауыр зардаптарға әкеп соқтырған қызметтегі әрекетсіздік» деген айып тағылып, іс қозғалған еді. Серік Күдебаев Алматы облысының коменданты бола тұра, қызметтік міндетін тастап, қарасын батырған болатын.

Сол кезде Алматы облысының экс-әкімі Қанат Бозымбаев 5 қаңтардағы облыстық штаб отырысында коменданттың барлық өкілеттігі генералға берілген айтқан-ды. Бірақ сол күні Серік Мырзақұлұлы кезекшілік пунктінен 300 шақырым жердегі туған ауылына тартып отырған.


Ал 2023 жылдың қаңтарында Серік Күдебаевқа қарсы сот ісі басталған болатын. Дәл осы күні ҚР Парламенті Мәжілісінде Қаңтар оқиғасы туралы фильм көрсетіліп, онда Алматы облысының полиция бастығының қарулы күзетпен бірге өзі күзетуі тиіс департамент ғимаратынан шығып кеткені көрсетліді.

Ал сәуірдің 1 мен 2-сі күні әлеуметтік желілерді Серік Күдебаевтың шетелге қашып кеткені жайында хабар тарады. Ол Қырғызстанған өтіп, одан әрі қарай Түркияға ұшып кеткенін оқырмандар жақсы біледі.

3 сәуірде Күдебаев ауруханадан сот залына жеткізілуі керек еді. Бірақ Талдықорған қалалық сотының судьясы сол Алматы облысының бұрынғы полиция басшысын іздеуге жариялады.

Қазір әлеуметтік желіде Күдебаевтың қашып кетуіне Қамшы Көлбаев көмектескені туралы ақпарат тарады. Айтпақшы, Қырғызстанда да бұл факті бойынша қылмыстық іс қозғалған. Бірақ тергеушілер ресми түрде түсініктеме берген жоқ.

«Коля-қырғызды» көп адамдар байларды тонап, тапқанын кедейлерге бөліп беретін «Робин Гуд» атайды екен.


Айталық, Қырғызстанда пандемия кезде Қамшы Көлбаев белгілі тележүргізуші Ассоль Молдокматованың өтініші бойынша туған жері Шолпон-Атадағы ауруханаға медициналық құрал-жабдық сатып алып, қажетті дәрі-дәрмектерді алуға ақша берген еді.

Сонда оны «жерлестері үшін аянбайтын қырғыз халқының нағыз ұлы» деп атаған-ды.

Ал 2020 жылдың қазан айында Көлбаев қандай да бір себептермен қамауға алынып, Қырғыз Республикасы Қылмыстық кодексінің «Қылмыстық ұйым құру немесе оған қатысу» бабы бойынша қылмыстық жауапкершілікке тартылған болатын. Құқық қорғау және барлау органдарының мәліметінше, Көлбаевтың қылмыстық әрекеттері көптеген бағыттар бойынша өрбіген. Оған есірткі тасымалы, қару-жарақ саудасы, бопсалау, рэкет, жылжымайтын мүлік, тонау, автокөлік ұрлығы, бандитизм, ақшаны жылыстату, мемлекет мүлкін ұрлау және тапсырыс бойынша кісі өлтіру бойынша айыптар тағылған.Бірақ 2021 жылдың наурыз айында ол кепілмен босатылды.

Кейбір мәліметтерге қарағанда, қырғыздың Робин Гуды бір жылдары елін тастап, Қазақстанға да қоныс аударған деседі. Сол кезде Көлбаев Күдебаевпен ауыз жаласуы мүмкін.

Рекомендовать
Последние новости