Кремль YouTube-тен кетіп, Rutube-ке көшеді. Орта Азияны соған көндіреді - Батыс басылымы

Dalanews 02 дек. 2021 18:05 903

Демократ елдер Орта Азия билеушілерінің әлеуметтік желіні бұғаулау пиғылынан қауіптеніп отыр деп хабарлайды Dalanews.kz. 

Осыған қатысты көлемді мақала жариялаған француздың Le Monde басылымы "АҚШ-тан таралатын әлгіндей платформалар Орта Азиядағы авторитарлы биліктің бұйрығына бағынуда" дейді.

"Өйтпеске амалы жоқ, бұлқынар болса, миллиондаған оқырманын жоғалтады, аймақтағы тұрақты табысынан қағылады. Соған қарағанда америкалық әлемжелілер Орта Азиядағы авторитарлы биліктің ыңғайына жығылып, ымыраға келетін сыңайлы", – дейді мақала авторы Емануел Гриншпан.

Басылым сөз бостандығын сүзгіден өткізетін тәуелсіз ұйымдардың зерттеуіне сүйеніп, Қазақстандағы интернетке "бодан" деген баға береді.

"Freedom House-дің мәліметінше Қазақстан билігі интернетті қалаған уақытында тұсаулай алайды. Сөз бостандығы иллюзия, шын мәнінде билік әлемжелідегі аудиторияны алысқа ұзатпай, қажет кезде ауыздықтап отырады.

Қарашаның басында Ақпарат министрлігі "зиянды контентпен күресеміз" дегенді желеулетіп Facebook-пен сөз байласып алды. Бұдан былай Цукерберг командасынан күмәнді контенттің қайдан тарағанын талап ететін құқы бар», – дейді мақала авторы.

...

Француз басылымының жазғанындай Қазақстан Facebook-ті сабасына түсіргенін, мұндай мүмкіндікке Орта Азияда алғашқы боп қол жеткізгенін мақтан тұтады. Ал Facebook, Instagram және WhatsApp секілді әлемжелілерге иелік ететін Meta компаниясы демократ елдерде қоғам сынына ұшырауда.

АҚШ пен Батыстағы көзі қарақты қауым Цукербергтің демократиялық құндылықтарға адалдық таныта алмағанын, желі қолданушыларының қауіпсіздігінен бұрын қарақан басының қамы мен қу құлқынды жоғары қойғанын бетіне басуда.

"Әлбетте, Meta мұны мойындамас. Олар ақшаға келгенде ашкөзденіп кетеді. Орта Азиядағы авторитарлы режімдермен ауыз жаласқанын ақтап алуға тырысады. Олармен пәтуаласпағанын айтып, бет бақтырмай отыр. Аталған аймақта соңғы 30 жыл бойына демократиялық өзгеріс болған емес, бетбұрыс та байқалмайды", – дейді  Le Monde.

Басылым Meta-ға хабарласып, олардың Орта Азия билеушілерімен нендей байланысы барын анықтауға тырысқан. Әсіресе Қазақстанға келгенде қырағылық танытқан мақала авторы Facebook-тің біздің билікпен ауыз жаласқанына сенімді.

"Facebook-тің ежелден келе жатқан ережелері бар. Біз бұдан ауытқымаймыз. Биліктің ығына жығылу саясаты біздің таным-түсінікпен қабыспайды. Қазақстанға қатысты шарттың өзгелерге қойылар талаптан өзгешелігі жоқ", – дейді Meta-ның өкілі Бен Макконаги.

...



Statcounter.com сайтының зерттеуінше 20 млн-ға жетеқабыл тұрғыны бар Қазақстанда Meta-ның (соның ішінде Facebook пен Instagram-ның) нарықтағы үлесі 23 пайыз.

Facebook-тің басты бақталасының бірі ВКонтакте желісінің сұраныстан қалып, құлдырау үстінде. Ресейлік платформаның нарықтағы үлесі шамамен 13-15 пайыз.

Le Monde басылымы ВК-ның 2014 жылдан бері ФСБ-нің бақылауында екенін айтады.


Ал әлеумжеліні ауыздықтау туралы идея қалай туды? Қазақстан кімнен үлгі алып жүр? Кімнің жолымен жүргісі бар?

Осының төңірегінде ойланып-толғанған француз тілшісі бұған теріскейдегі көршіміздің әсері болғанына күмәнданбайды.

"Орта Азия елдерін Кремль идеологтары "бұзды". Шетелдік әлеумжелілерді тізгіндеуді жөн көріп отырған Ресей Думасы тиісті заңнаманы қабылдауға құлшынып отыр. Бұдан Қазақстан да тысқары қалған жоқ.

Оның үстіне екі елдің билігі де халықтың жағдайынан хабардар, ертең дүмпу туса, бұған бірінші кезекте әлемжелілер ықпал етерін жақсы түсінеді. Әлеуметтік желіден басталған онлайн ереуіл көшеге көшкенін қаламайды.

Биліктің ұшар басында отырған топ Беларустегі бүліктің өз жерінде қайталанғанын қаламайды. Лукашенко интернетке ие бола алмай қалды, әлемжеліден басталған наразылық алаңдағы митингіге ұласты", – дейді мақала авторы.

...

Француз басылымы Ресейдің Орта Азиядан оңайшылықпен кетпесін болжайды. Кремль аймақты уысында ұстауға америкалық платформалар кедергі келтіріп отыр деп пайымдайды.

Мәскеу аймақтың демократияға бет бұрғанын мүлде қаламайды. Америкадан таралатын әлемжелілерді құбыжыққа айналдырып, аймақтағы билеушілердің зәре-құтын қашыруда.

Кремль:

"Фейсбук бастаған әлемжелілер Байденнің бақылауында. Олар сендерді талқандауды, тақтан тайдыруды көздейді. Оларды бұғаттаудан өзге амал жоқ, ертең төбеңе шығып, әңгіртаяқ ойнатады. Сендер қызғыштай қорғайтын жүйенің күлін көкке ұшырады" деп Орта Азияны АҚШ-қа қарсы қойып отыр.

Кремль АҚШ-та жасалған платформалармен ат құйрығын үзісуге әзір. Орта Азия да осы жолмен жүргенін қалайды.


Сөй деген мақала авторы: "Мәскеу түптің-түбінде осы мақсатына жетеді" деп тұспалдайды.

"Кремль америкалық алпауыт компанияларға қомақты айыппұл салып, күн көрсетпеуде. Кейінгі кезде олардың платформасын біраз уақытқа баяулатып тастап жүр. Әсіресе YouTube пен Twitter-ге ерекше шүйлігіп алған.

Мәскеу қысымды күшейте түспесе, босатуы неғайбыл. Путиннің маңайындағы топ көсемдерінің көңілінен шығу үшін осындай қадамға баруда. Кремль бұл науқанды үдете түседі", - дейді Гриншпан.

Француз басылымының болжамынша, Ресей осы арқылы өз ішіндегі және Орта Азиядағы аудиторияның назарын ресейлік платформаларға бұрмақ. Соның бірі – Rutube. Алайда танымалдығы мен ыңғайлылығы жағынан ол YouTube-тің шаңына да ілесе алмайды.

Саясаттанушы Питер Ратлендтің айтуынша YouTube-ты блоктаған жағдайды Путиннің билігі қазіргіге қарағанда әлдеқайда сойқан санкцияға ұшырауы мүмкін. Одан бұрын  YouTube-пен күн көріп отырған Ресейдің өз ішінде жүздеген, мыңдаған адам бұған қарсы шығады.

YouTube-ті блоктаудың аяғы жалпыхалықтық ереуіл ұласуы мүмкін. Ол ауқымы жағынан Навальный ұйымдастырған митингіден де асып түседі.

"Қазақстанның іргесіндегі Өзбекстан да Ресейден үйренгенін істеп, әлеуметтік желіні күшпен бағындыруға тырысуда. Мирзияевтың интернет-жандайшаптары 35 млн тұрғыны бар елде Facebook пен YouTube, Telegram секілді танымал желілерді бұғаттап тастады түнеукүні. Өзбектер сол күні-ақ бас көтерді. Биліктің бұйрығына қарсы шығудан қаймыққан жоқ. Мұндайды күтпеген үкімет сол күні-ақ райынан қайтып, әлемжелілерді қайта ашты", - дейді Le Monde.

...

Мақала авторының айтуынша АҚШ-тан таралатын әлеуметтік желілер Ресей мен Орта Азияға қатысты қандай шешім қабылдарын білмей, дағдарып жүр.

Бір парасы, соның ішінде Twitter мен LinkedIn Кремльмен ымыраға келуден бас тартып, оппозиция өкілдерінің парақшасын блоктауды талап еткен Мәскеудің бетін қайтарған.

Facebook пен YouTube Кремль диктаторы және Орта Азиядағы автократ билеушілердің ығына жығылуға мәжбүр.

Бұға түскен сайын, сұға түседі. Сөй деген француз басылым бұған дәлел боларлық бірнеше жайтты алға тартыпты.

Дума сайлауының қарсаңында екі бірдей әлемжелі мен Telegram мессенджері Путиннің ата жауы Алексей Навальныйдың парақшасын бұғаттап тастаған, сайлаудың қызған шағында Навальный жақтастары билеуші партияға қарсы дауыс берудің амал-әдісімен бөліскен болатын.

"YouTube-те бұдан қалысқан жоқ. Қазақстан мен Түркіменстан билігінің шағымы негізінде билікке қарсы шыққан азаматтардың арналарын блоктап тастады. YouTube-тің айтуынша олар авторлық құқықты бұзған әрі бөгде адамның өміріне қол сұққан. Ашығын айтқанда, америкалық әлемжелілер авторитарлы жүйелердің жетегіне еріп кетті", – дейді Емануел Гриншпан.

Әзірлеген, Думан БЫҚАЙ




Рекомендовать
Последние новости